Аягөз гарнизонының әскери бөлімдерінде бақылау тексерісі жаңа пішінде өтуде
Мемлекет басшысының әскердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Аягөз гарнизонындағы құрамалар мен бөлімдерде бақылау тексерісі басталды
Дабылмен көтерілген әскери бөлімдер тұрақты орналасу пункттерінен тактикалық жаттығулар мен оқ атулар жүргізілетін оқу-жаттығу полигондарына марш жасады. Гарнизондағы кұрамалар мен бөлімдердің жауынгерлік әзірлігін Қарулы күштер Бас штабының, өңірлік қолбасшылықтың және әскери құрамалар мен бөлімдердің офицерлерінен құралған кешенді комиссия бағалайтын болады.
Пішіні өзгерген бақылау тексерісі әрбір бөлімінің жауынгерлік қабілеті мен әрбір әскери қызметшінің жеке даярлық деңгейін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Сол арқылы бөлімшелер мен басқару органдарының оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындаудағы нақты дайындық деңгейі анықталады, - деп атап өтті Аягөз гарнизонының бастығы подполковник Дәулет Сүттібаев.
Бақылау тексерістерінің негізгі іс-шаралары Майлин оқу-жаттығу полигонында ұйымдастырылатынын атап өткен жөн.