Өскеменде ерекше мектеп мұражайы ашылды
Ұлтымыздың ұлы мерекелерінің бірі, қазақтың жаңа жылы, әз-Наурыз қарсаңында, шығыс аймағы бойынша "Жайлау күні" деп белгіленген наурызды тойлау күнінде Кішітаудың төріндегі қазақы мектепте тарихтан сыр шертпесе де ақпарат, мағлұмат беретін көрнекті мұражай ашылды
№48 білім шаңырағының табалдырығынан аттай бере кіреберістегі кең дөңгелек фойеде тігілген сегіз қанатты киіз үйге көзіміз түсті. Былғанбаған кіршіксіз әппақ матасы, белдеу жібі, үзік бауы - су жаңа екендігін әйгілеп тұр. Күмбірлеп күй шығып жатқан үшінші қабатқа көтерілдік. Сол жақ қапталдағы есіктің маңдайшасындағы "Аманат" деген жазу көк түсті ақық тастай жарқырап жанып тұр екен. Назарға алып ескерте кететін бір жайт бар. Мұражайдың атауы 2021 жылдың қара күзінде бекітіліп, беріліп қойған.
Кіргеннен бастап бізді қарсы алған ұлттық қамзол, шапан киген мұғалімдер мен қос етек көйлек киген қыздар, бешпет киген ұлдар. Мектеп директоры мен ата-аналарға дейін ұлттық киім киіп, сәндері жараса қалыпты. Салтанатты түрде жаңа кабинеттің таспасы қиылды, шашу шашылды. Қонақтардың барлығы ішке беттеді.
Мұражай екі бөліктен тұрады екен. Бірінші залда, төрдегі қабырғада мектеп тарихы, жарғылары, жетістіктері, мәдениеті, ережелері жайлы мәлімет жазылған. Қарсы беттегі сөреге Кеңес заманында пайдаланған заттар, қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдары, ата-бабаларымыз тұтынған тұрмыстық керек-жарақтар қойылған. Сол жақ қабырғадан шертпелі, үрмелі, ұрмалы, ішекті музыкалық аспаптар орын тапқан.
Мұндағы жәдігерлердің барлығы мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен ғана емес, ата-аналардың, ұстаздардың, жанашыр жандардың арқасында жиналды. Бұл мұражайды толтыруда көптеген адамның үлесі бар. Сондай-ақ сіздердің назарларыңызға ұсынылған дүниелердің түгелі дерлік түпнұсқалар, яғни бұған дейін қолданған заттар, - деді ұстаздардың Айдана Қанатқызы.
Екінші зал этнографиялық көрме тәрізді жасалған екен. Өйткені ол жерде тек ата-бабаларымыз күнделікті тұрмыста тұтынған жәдігерлер салтанат құрып тұр. Жарты киіз үй, дөңгелек жер үстел, тұскиіз, текемет, алаша, сырмақ, самауыр, жүн иіретін тігін машинасы, домбыра, ер жігіттің бес қаруы, түлкінің терісі, т.б. дүниелер қараған көздің жауын алады.
Мұражайдың ашылуына келген құрметті қонақтарға арнайы жайылған дастарханға біз де жайғастық. Мектеп мүдірінің, ата-аналардың тілектерін тыңдадық.
Бүгін біздің мектеп үшін ерекше күн. Әрине, мектебіміз әлі жас. Үшінші жылға аяқ басқан кезде наурыз тойын бірінші рет тойлағалы отырмыз. Себебі екі жыл карантинге байланысты қашықтан оқыту жүргізіліп еді. Алайда сол екі жыл ішінде біз осы мұражайды ашу мәселесін талқылап, пысықтадық. Сіз бен біздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесінде осындай керемет мұражайға қол жеткіздік. Негізі бұл кабинет бұрын директорға арнап салынған екен. Алайда мен 1-ші қабатта отырамын деп шештім. Содан осы бос тұрған кабинетті мектеп музейіне айналдыру туралы ой келді. Жұмыстар жүргіздік, ұжыммен ақылдасу нәтижесінде "Аманат" деген атауға тоқталдық. Бір қызығы, атауын іс-құжаттарға бекітіп, маңдайшадағы жазуға тапсырыс беріп, оны іліп қойған күні үйге барып, жаңалық қарап отырсам, "Нұр Отан" партиясы да "Аманат" деп өзгерген екен. Расымен де, мұражайдағы барлық дерек - кейінгі буынға, ұрпаққа аманат. Біз оқушыларымызға осыны кеңінен насихаттап, дәріптеуіміз керек, - деді мектеп басшысы Шынар Тілегенқызы.
№48 қосымша білім беру орталығының фойесінде тұрған сегіз қанатты киіз үй мектеп бюджетіне 2022 жылдың басында сатып алынған. Өскемен қаласында ешбір мектепте мұндай ғажап қазақ үй жоқ.