Биыл облыстағы 2000-ға жуық қарияны шипажайға жіберу жоспарланған
ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, былтыр коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайдың ушығуы салдарынан карантиндік шектеулерге байланысты "Уба" шипажайына 554 зейнеткер жіберіліп, тегін ем қабылдады
Сонымен қатар, "Karagaily" шипажайы базасындағы оңалту орталығында 353 ҰОС ардагері (ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, оларға теңестірілген ардагерлер және еңбек ардагерлері) ем алды. Ағымдағы жылы 2000 қарияны "Уба" шипажайына жіберу жос-парлануда.
Белі еңкейгенше еңбек еткен қариялар зейнет жасына жеткенде денсаулығын күтіп, емін алып, демалуға әбден лайық. Жалпы Шығыс Қазақстан облысы бойынша 232 851 зейнет жасындағы тұрғын бар екен. Ал осы зейнет жасындағы қариялар қандай шипажайларға барып ем қабылдай алады?
Шығыс Қазақстан облысында қариялар облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалды үйлестіру басқармасына қарасты "Уба" шипажайына жолдама ала алады. Онда әлеуметтік-медициналық және тағы да басқа қызметтер көрсетіледі, - дейді басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сұлтанова. - Әлеуметтік-медициналық қызметтерге ингаляция кабинеті, парафинмен емдеу, балшықпен емдеу, массаж, фитотерапия, парофитобочка, физиоемдеу, су асты душ массажы жатады. Қосымша шипажайда 4 камералы гальваникалық ванна, ЕДШ, массаж орындығы, джакузи, оксигенотерапия (оттегі коктейлі), шунгитотерапия, галотерапия қарастырылған.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар оңалтудың жеке бағдарламасы (әрі қарай - ОЖБ) әзірленген зейнет жасындағы қариялар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 26 бұйрығына (2021 жылғы редакциясы) сәйкес санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз етіледі.
2021 жылдан бас-тап мүгедектігі бар ОЖБ әзірленген зейнет жасындағы қариялар санаторий-курорттық емдеу қызметін "Әлеуметтік қызметтер порталы" арқылы санаторийді өздері таңдай отырып ала алады, - деп атап өтті Айнұр Оралқызы.
Ал шипажайларға кімдер тегін жолдама ала алады және оны алу үшін не істеу керек?
"Уба" шипажайына Ұлы Отан соғысының қатысушылары, мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар, еңбек ардагерлері, жасы бойынша зейнеткерлер, Батыр ана, "Алтын Алқа" және "Күміс Алқа" алқаларымен марапатталған зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар 1, 2, 3-топтағы адамдарға жолдама тегін беріледі "УБА" шипажайы КММ-де? демалу және емделу (қызмет көрсету) қызметері тегін жүргізіледі, - дейді басқарма басшысының орынбасары. - Сондай-ақ, мүгедектігі бар ОЖБ әзірленген зейнет жасындағы қарияларға санаторий-курорттық емдеу мемлекеттік бюджет есебінен көрсетіледі.
"Уба" шипажайына қариялар жолдама алу үшін тұрғылықты мекенжайына қарасты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жүгінуі қажет.
ОЖБ әзірленген мүгедектігі бар зейнет жасындағы қариялар санаторий-курорттық емдеу қызметін алу проактивті түрде немесе тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну қажет.
ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, зейнеткерлерге "Уба" шипажайында ем алуы үшін облыстық бюджеттен 2021 жылы - 393 млн теңге, 2022 жылы - 589 млн теңге бөлінген. Ал ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, оларға теңестірілген ардагерлер және еңбек ардагерлері "Karagaily" шипажайы базасындағы оңалту орталығында ем алуы үшін облыстық бюджеттен 2021 жылы 50 млн теңге бөлініпті.