Жарма ауданынының 9 жастан 70 жасқа дейінгі тұрғындары балық аулап жарысты
Жарма ауданының Құрметті азаматы Виктор Серікқалиұлы Исабаевты еске алуға арналған мұз астынан балық аулау жарысы өтті
Виктор Исабаев 1973 жылы 14 желтоқсанда құрылысшылар отбасында дүниеге келген. 1990 жылы Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Георгиевка орта мектебін бітірді. 5-сыныптан бастап барлық демалысты әкесімен бірге өткізіп, кірпіш қалауды, ерітіндіні сұйылтуды, шифер салуды, шеге қағуды үйренеді. Виктор Серікқалиұлының екі жоғары білімі болды: экономикалық және құрылыс. Ол "Жарма Құрылыс-Газ" ЖШС басқарып, талай тұрғынды тұрақты жұмыс орнымен және жоғары жалақымен қамтамасыз еткен. Ол өзін ел қамын ойлайтын кәсіпкер ретінде көрсете білді. Соның арқасында 2013 жылы Виктор Серікқалиұлы шағын бизнестегі үздік кәсіпкерлер форумында "жылдың үздік кәсіпкері" номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, өңірдегі қаншама игі істердің бастамашысы болып, әрдайым мұқтаж жандарға көмектескен, көпшіліктің алғысын алған іскер басшының құрметіне өткізілген спорт сайысын оның достары, әріптестері - "Жарма Құрылыс Газ" ЖШС ұжымы ұйымдастырды, - деп атап өтті Жарма ауданының әкімі Нұрымбет Аманұлы.
Жарысқа Жарма ауданынан балық спортына қызығушылық танытатын қырықтан астам үміткер қатысты. Жарыс соңында жүлделі орындардан басқа, "Ең жас балықшы", "Ең жасы үлкен балықшы", "Алғашқы ұсталған балық", "Ойықты жылдам дайындаған балықшы" және басқа аталымдар бойынша ұйымдастырушылар тағайындаған сыйлықтар табыс етілді.
Еске алу жарысы алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізілетін болады.