Қазақта "Гендер пати" болған ба?
Соңғы кездері салт-дәстүріміз түрленіп, жаңаша бағыт алып бара жатыр. Ұлттық ұстанымдардың санадан өшіп бара жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Жастар арасындағы кең қолданысқа ие, әлеуметтік желіде көпшілік қызыға қарайтын жаңаша салттың бірі - "гендер пати"
Қазақшаласақ, құрсақтағы баланың жынысын көпшілікке жариялау. Өкініштісі - батыстан келген жат дәстүр бүгінде қазақ қоғамына көзге үйреншікті, құлаққа сіңісті болып бара жатқаны.
Атадан қалған салт болмаса да, елімізде туған күн тойламайтын жан қалмады. Қазақы ғұрып қоржыны бұрын естімеген әдеттермен толығып жатыр. Қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмыры салт-дәстүрге негізделгені белгілі. Алайда өз ғұрпымыздан бөлек, жаһандану әсерінен түрлі батыстық дәстүрлер қазақтың салт-санасына еніп кетті.
Жат салтты қабылдау қаншалықты дұрыс?
Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Десе де, бұрын дәстүрімізде болмаған, болмақ түгілі ол туралы ойлап та көрмеген батыстық мәдениет қалыптасып келеді. Тіпті, көрер көзге үйреншікті болып кеткен соң, оны жатсынуды да қойдық. Керісінше, өзімізге сіңістіріп, бұрын ғұрпымызда болғандай етіп қолданып келеміз. "Гендер пати" деген дәстүрді алайық... Балалы болуды армандап, сол күннің қуанышты хабарын естіген жұбайлар үшін аздаған айлардан соң іштегі нәрестенің жынысын анықтау кезеңі басталады. Ультрадыбыстық тексеруден соң, оны жұбайына немесе отбасына айтудың өзін қазіргі жастар кішігірім салтанатқа айналдырған. Қыз болса - қызыл түс, ұл болса - көк түс. Осындай түстерге боялған шарлар немесе торттар арқылы мерекелік рәсім өткізетін жастар бүгінде бұл мәдениетті қазақ қоғамына енгізіп үлгерді. Қазір осындай сарындағы көріністер әлеуметтік желіде көптеп кезігеді. Тіпті, ел алдында жүрген өнер иелері де осы үрдісті жиі насихаттайтын болған.
Жақында өзім де осындай кештердің біріне куә болып қайттым. Інім мен келінім болашақ жарық дүние есігін ашар перзенттерінің ұл немесе қыз екенін білу үшін кішігірім отырыс жасады. Негізі, мұндай ұсынысты келіншегінің құрбылары білдірген.
Бұл үрдістен өз басым айтарлықтай ерсілік байқай алмадым. Бар болғаны отбасымызға ортақ қуанышты жақындарымыз және достарымызбен атап өту ғана. Біріншіміз атасының, екіншісі әжесінің балалары болғандықтан, үшінші перзентіміздің біз үшін орны ерекше болайын деп тұр. Сондықтан болар, осындай үрдісті қолданғанымыз. Оның үстіне, осы бір ерекше сәтті есте қаларлықтай етіп өткізуді достарымыз ұсынды. Біз келістік. Өтті, кетті. Біз онымыз үшін айтарлықтай сынның астында қалған жоқпыз. Керісінше, желіге жүктеу арқылы көптің тілегін алдық. Мұндай үрдістер бұрын мәдениетімізде болмады демесеңіз, қуанышты бөлісуге бастайтын дәстүрлердің көп болғанын өз басым құптаймын. Тек келешек ұрпаққа айтарлықтай зияны тимесе болғаны, - дейді болашақ сәбидің әкесі Дастан Талантов.
"Құрсақ шашу" дәстүрінің мәні қандай?
Жастардың ұғымында бұл қуанышты тойлаудың еш әбестігі жоқ шығар, әрине қуаныштың да көп болғаны жақсы, оның ішінде өмірге ұрпақтың келуі ең үлкен қуаныш. Дегенмен осы бір "жаңаша салттың" ата-бабаларымыздың салтына, ұстанымына мүлдем кереғар екенін түсінсек, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған мәнсіз тойлату азаяр еді. Керісінше, ұрпақ саулығын, амандығын ойлаған әрбір жүкті ана көпшіліктің көзінен сақтанып жүрер еді. Қазақы дәстүрмен үш айға дейін құрсағын сырт көзден жасырып ұстайтын келіндер қазір іші білінер-білінбестен "гендер пати" тойын дүрілдетіп өткізуде.
Ежелгі дәстүр тізбегі бойынша "құрсақ шашу" деген әдемі дәстүр бар. Мұнда да кәдімгідей мереке, басқосу болады. Бірақ ер-азаматтардың қатысуынсыз, жүкті келіншектің енесі абысын-ажындарын, келін-кепшіктерді шақырып, "құрсақ шашу" тойын атап өтеді. Сауық-сайран құрып, ән мен би де болады, келіннің аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына алуына тілектестік білдіріп, ақжарма тілектерін арнайды. Қазіргі мағынасыз той-тойлаудан гөрі осындай ата дәстүрімізді жаңғыртсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Ал жақында "гендер пати" өткізген інім мен келініме енесі де өз тарапынан біраз қарсылық білдірген. "Тып-тыныш қана өздерің біліп, баланың аман-сау дүниеге келгенін күтсеңдер болмай ма? Көз, тіл деген бар", - деп өз наразылығын білдірген екен.
Қатарынан қалғысы келмейді ғой, содан амалсыз келісімін беріп, "гендер патиді" тойлауға жіберген. Өйткені жастардың араласатын отбасылық достарының арасында бұл бұлжымас дәстүрге айналып кеткен екен.
Ультрадыбыстық зерттеуден соң ұйымдастырылатын жиында баланың жынысын басқаларға түрлі жолдармен сүйіншілеп жеткізеді. Оны торттың түсі немесе шар жару, қорапқа жасырылған болашақ сәбидің киімдері, лед экранға қызыл немесе көк түсті беру арқылы хабарлайды. "Қызыл" түс қыз екенін білдірсе, "көк" ұл балаларға тән. Біздің өңірдегі "жаңаша салттың" тойлануы қай деңгейде және қалтаға қаншалықты салмақ түсіретінін білмекке, осы кештің ұйымдастырушысымен сөйлестік.
Мұндай торттарға сұраныс бар. Көп жағдайда жас жұбайлардың достары, аға-жеңгелері мен қайын сіңлілері тапсырыс беріп жатады. Олар ультрадыбыстық зерттеуге жүкті келіншекпен бірге барып, дәрігерге жынысын айтпауды өтінеді. Оны болашақ анадан да жасырып, торт арқылы тосын сый жасап жатады. Аптасына, жоқ дегенде, үш тапсырыс түседі. Тортқа да, шарға да. Негізі тапсырыс берушінің идеясына қарай тапсырған дүниесін жасауға тырысамын. Әр заттың бағасы шығынына қарай әр түрлі болады. Мәселен, торттардың бағасы 15 мың теңгеден басталады. Шардың бағасы 13 мыңнан жоғары. Оның қасында ұсақ-түйек заттары бар, барлығы орта есеппен 45 мың теңгенің шамасында қаражат кетеді. Мұны отбасылық деңгейде өткізсе, ешқандай әбестік жоқ шығар, - дейді тәтті пісіруші Мөлдір Калелова.
Шариғат бойынша "Гендер пати" өткізген дұрыс па?
Құран Кәрімде: "Алла әрбір ұрғашы жыныстың не көтергенін, құрсақтардың нені кемітіп, нені арттыратынын, нені түсіріп, нені мерзімінен асырып жіберетінін толық біледі. Оның құзырында барлық нәрсе өлшеулі", - делінген ("Рағыд" сүресі, 8-аят). Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Ғайып (құпия заттың) кілті бесеу. Оны Алладан басқа ешкім білмейді. Ертең не болатынын, әйелдің кімді босанатынын, жауын қашан жауатынын, кісі қай жерде өлетінін, қиямет қашан болатынын Алладан басқа ешкім білмейді", - деген (Бұхари). Сондықтан алдын ала қуанып, тумаған балаға той жасау әбестік болып есептеледі. Екіншіден, шариғатымызда айтылмаған, дінімізде бұйырылмаған істі істеу арқылы бидғатқа (күнәға) жол ашады. Үшіншіден, босқа мал шашып пайдасыз жиын өткізсе, ысырап жасаған болады. Төртіншіден, дінсіз қоғамның әдетін ұстанып, соларға еліктеу адамды адасушылыққа алып барады. Бесіншіден, қазақтың ғұрып-әдетінде аяғы ауыр келіншек барынша көз-тілден сақтанған және өзінің жағдайын жария етуді ұят санаған.
Бұл дәстүр қайдан келгенін білмедім. Бүгінде құрсақтағы баланың жынысын ультрадыбыстық зерттеу арқылы анықтауға мүмкіндігіміз бар шығар. Бірақ алдағы уақытта оның дүниеге қалай келетінін, сосын қалай өмір сүретінін Алла Тағаладан басқа ешкім білмейді. Пайғамбарымыз хадисінде: "Барлық Адам атаның балалары қателесуші" деп айтылғандай, адам баласы қателесуші, бірақ тәуба етуші де болуы керек делінген. Яғни, Алланың бергеніне тәуба етіп, не нәрсені уақытымен күту керек, - дейді Өскемен аймағы өкілдігі бойынша Зекет және қайырымдылық қорының жауапты өкілі Берік Қадірұлы.
P.S. Әлеуметтік желінің ықпалы артқан тұста көненің көмескіленіп, өзгенікі озатын заманға тап болғандаймыз. Негізі, осы материалды дайындау барысында әлгі "гендер пати" жайында көптеген жандардан сұрастырдым. Бұл үрдістерден қазіргі орта буын өкілдерінің хабары болмай шықты. Ұстанбақ түгілі, атын естіп көрмеген дүниенің қазақ қоғамына жат екенін айтты. Дәстүрді ұмытпай ұлықтау - халқымыз үшін құнды қағида.