Өскемен
малооблачно
-13°
  • Өскемен
    -13°
  • Алматы
    +2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    +1°
  • Қарағанды
    -3°
  • Көкшетау
    -9°
  • Қостанай
    -7°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -9°
  • Тараз
    -3°
  • Туркестан
    +1°
  • Шымкент
    +3°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскеменде жолақыны онлайн төлеуге арналған арнайы жүйе жасалуда

Алайда бұл жүйе қашан аяқталып, іске қосылатын әзірге белгісіз

Усть-Каменогорск и ВКО / Өскеменде жолақыны онлайн төлеуге арналған арнайы жүйе жасалуда

Аптаның басында Өскемен шаһарының басшысы қаламызға 2022 жылы зауыттан шыққан су жаңа бес автобустың келгенін көрсетіп, қала жұртына инстаграм желісі арқылы таныстырды. "Марат-М" автобус паркінің балансындағы қоғамдық көліктер енді қандай бағдарға беріліп, қай бағытпен қозғалатыны әзірге белгісіз. Әйтеуір, 70-80-ші жылдары шетелде жасалып, 10-20 жыл басқа елде, 30 жыл біздің елде күрк-күрк жөтеліп, көк түтін шығарып жүретін, тозығы жеткен автобустардан әбден мезі болған халық шын қуанатын болды.

Біздің Өскемен қаласы жылдан жылға кеңейіп, өсіп, дамып келеді. Ал қаланың бір басы мен екінші басын жалғайтын қоғамдық көліктер қас қылғандай азайып жатыр. Автобустар құрып жатқан жоқ-ау, сол автобустарды айдайтын жүргізушілер тапшы. Бұл - облыс орталығындағы шешімін қанша жылдан бері таппай келе жатқан ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені халықтың тең жартысында темір тұлпар болмағандықтан, күнделікті баратын жеріне қоғамдық көлікпен қатынайды.

Бірақ автобустардың қызмет көрсетуіне арыз-шағым әр күн сайын түседі. Уақытында жүрмеу, кесте уақытынан кешігу, демалыс күндері автобустардың азайып қалуы, балаларға арналған қолма-қол төлеу жүйесінің болмауы, былтыр ғана орнатқан валидаторлардың істемей қалуы - осының бәрі қарапайым халықтың ашу-ызасына тиіп, онсыз да қиын тұрмысын одан сайын күрделендіретін дүние.

"30 жылда бір жаңа автобус келмеді ғой..."

Шығыс халқын таңқалдыратын әрі ашындыратын бір мәселе бар. Елдің астанасы мен Алматы қаласында барлық қоғамдық көліктер су жаңа шетелдік автобустармен алмастырылды. Бұл екі қаладан көшеде жүрген бірде-бір ескі автобус көрмейсіз. Сонда, егемен мемлекет болып қалыптасқан 30 жылдың ішінде Қазақстан айналдырған 14 облысты су жаңа болмаса да дені дұрыс, жөні түзу автобустармен қамти алмады ма? Ең құрығанда Алматы мен астана үшін ескі болып қалған автобустарды бізге пайдалануға берсе ғой деп армандаймыз...

Осы күні қоғамдық көліктердің олқылық-кемшіліктері тіпті көбейіп кеткен. Мысалы, былтыр қалалық бағдарларға түгелдей валидатор орнатқан. Жолақыны картаңыз болса, сол құрылғымен, болмаса қолма-қол төлей бересіз. Ал енді, картасы да, қолма-қол ақшасы да жоқ адам ұялы телефон арқылы төлегісі келсе не істейді? Міне, сұрақ осы жерде туындап отыр. 2021 жылдың соңына қарай Өскемендегі кейбір автобустардың терезелеріне Beeline оператор желісінің СМС-хабарлама немесе QR-код арқылы жолақысын төлеу үшін арнайы деректері жапсырылған екен. Өкінішке қарай, бұл тек саусақпен санап аларлық бірнеше автобуста бар. Неге олай екенін кондукторлар мен автобус паркінің басшылығынан сұрасақ, ештеңе білмейді, түсіндіре алмайды. Содан соң Жолаушыларды тасымалдау басқармасына бас сұғып, мән-жайды білдік.

Бұл мәселелердің барлығы бізге мәлім. Қазіргі таңда кемшіліктерді жою үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, сіз айтқан QR, SMS арқылы онлайн төлеу әдісі қаладағы барлық автобустарға орнатылмаған. Біз оларды кейбір қоғамдық көліктерге пилоттық режимде сынап көру үшін ғана қойдық. Қазір Өскемен автобустарына арналған бірегей мобильдік қосымша дайындалып жатыр. Ол толық іске қосылған кезде Beeline оператор желісі арқылы немесе қолма-қол төлеу деген болмайды. Сонымен қатар, біз Каспий банктің мобильдік қосымшасына онлайн төлем жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Алайда бұл жобаның нақты қай кезде жүзеге асып, қашан толыққанды дайын болатынын айта алмаймын, - деді Өскемен қалалық Жолаушылар тасымалын басқару орталығының директоры Нұрсұлтан Төлеубекұлы.

Балалар неге 90 теңге төлейді?

Қоғамдық көлікпен қатынау үлкендерге ғана емес, уайымы жоқ деген алаңсыз балаларға да қиындық туғызып отыр, тіпті сорақылық десе де болады. Сорақылығы сол, 9 жастағы бала да, 14 жастағы жеткіншек те егер төлем картасы жоқ болса, жолақыға 22 жастағы ересекпен бірдей 90 теңге төлеп жүреді.

Мен 2021 жылдың қараша айында астанадан Өскеменге көшіп келдім. Ешқандай Oskemencard картасын алып үлгермесем де, автобусқа отырып, ары-бері жүруге мәжбүр болдым. Сол кезде барлық автобустарға 90 теңге төлеп жүрдім. Қалтамда бар 45 теңгені берсем, тағы 45 теге сұрайды кондукторлар. Ақшам жоқ болса, "не картамен төле, әйтпесе түсіп қал" дейді. Сонда үлкендермен бірдей 90 теңге төлеп жүрдік, - дейді 8-сынып оқушысы Бекнұр Советұлы.

Мұндай жағдайдың талайына автобуспен күнделікті жұмысқа қатынағанда куә болдық.

Қалай ыңғайсыз істеп қойған мына заманауи құрылғыларын. Сонда ауылдан анда-санда қыдыруға келетін, картасы жоқ балалар автобусқа әр отырған сайын 90 теңге төлеп жүруі керек пе?! Несі қалады қалтасындағы ақшадан?! Жасөспірімдер болса бір сәрі, кіп-кішкентай балақайлардан беттері бүлк етпей 90 теңге сыпырып алатын кондукторларда да, осы әдісті ойлап тапқан басшыларда да ұят жоқ. Өздерінің балалары жүрсінші автобуспен, сонда көреміз, - дейді қала тұрғыны Мәрзия Амандосова.

Жолаушылар тасымалын басқару орталығының директоры Нұрсұлтан Карибековтің айтуынша, бұл мәселе де көп ұзамай бір шешімін табады. Қазір ЖТБО ғимаратында автобустарда қолма-қол төлем әдісін қабылдайтын құрылғы тестілеу режимінен өтіп жатыр. Егер жоспар ойдағыдай орындалса, онда қоғамдық көліктерде валидаторлармен қатар, қолма-қол төлем әдісі де арнайы құрылғы арқылы қабылданатын болады.

Жаңа автобуста пандус бар

Қала тұрғындарын аз да болса қуантқан жаңалық, қаладағы ең басты автопарктердің біріне жаңа қоғамдық көліктердің келуі болды.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын болғандықтан жұмысымызды ілгері бастыру мақсатында 2022 жылы жасалған бес автобус және бұдан бөлек жылдары жаңарақ тағы он бес автобус алдық. Ағымдағы жылдың соңына дейін қосымша бес автобус алсақ деген мақсатымыз бар. Бізге қаладағы қоғамдық көліктерді жаңарту бойынша субсидия берілген. Өзіміздің Семей қаласындағы зауыттан шығатын "Семаз" маркалы автобустар барлық заманауи керек-жарақтармен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус, арнайы орын ыңғайлы етіп жасалған, - дейді біздің қоңырауымызға жауап берген "Марат-М" ЖШС директорының орынбасары Қымбат Базилова.

әлеуметтік желіден (3).jpg

Демек, қаладағы автобустардың түбегейлі жаңаруы автопарктерге тікелей байланысты екен.

Тасымалдау құралын жаңарту бағдарламасының аясында 2022 жылдың соңына дейін Өскемен қаласына 55 жаңа автобус алу жоспарланған, - деді ЖТБО директоры Нұрсұлтан Карибеков.

Қоғамдық көліктерге жауапты басқармаға аяқ баспай тұрып, мемлекеттік мекеменің ғаламтор желісіндегі сайтын іздедік, таптық та. Қазақ тілін аяққа таптап, екінші деңгейге түсіріп, тіпті мүлде керек деп санамауды осы жерде көрдік. Сайттың негізгі беті екі тілде жасалған екен. Ішінде бір ұяшықты таңдап, қандай бір қызмет түріне жүгінгіңіз келіп, ол мәзірді қазақ тілінде таңдасаңыз, сайт автоматты түрде орысша бетке лақтырып жібереді. Яғни, Oskemencard сайтынан қазақ тілінде ешқандай ақпарат ала алмайсыз. Бұл өрескел қателік немесе заңбұзушылық жөнінде сұрақты директорға төтесінен қойдық. Нұрсұлтан Төлеубекұлы бұл жағдайдан да хабардар екенін білдірді.

Иә, сайтта техникалық ақаулардың бар екені рас. Қазір осы саланың мамандары айналысып жатыр. Алдағы уақытта қажетті мағлұмат сайтта екі тілде берілетін болады, - деді мекеме басшысы.

Белгілі болған бір жағдай бар, ол - Жолаушылар тасымалын басқару орталығы атқарып жатқан жұмыстардың шамамен қай уақытта бітетіні, жобалардың қашан дайын болатыны белгісіз екені. Не де болса өскемендіктер биыл жаңа автобустарға отырып қарық болса екен деген тілектеміз.


Следующая →