Ерекше балалармен жұмыс жөніндегі алғашқы қазақша оқулық шықты
Елімізде ерекше балаларды оқытуға арналған оқулық жоқ еді. Жақында "Ерекше балалар. Мінез-құлықты қолданбалы талдауға (АВА) кіріспе" кітабының тұсаукесері өтті
Кезінде бұл кітап мінез-құлықты қолданбалы талдаудың негізгі қағидалары туралы орыс тіліндегі алғашқы құрал болды. Енді кітап "Болашақ" қоры мен Шеврон компаниясының серіктестігі негізінде қазақ тіліне аударылған.
Өкінішке қарай, Қазақстанда көптеген салаларда қазақ тіліндегі сапалы контент жетіспейді. Бұл мәселе инклюзивті білім беру саласында да бар. 2015 жылдан
бастап "Болашақ" қоры "Әр бала мектепке баруға лайықты" жобасын жүзеге асырып келеді. Қор мамандары мәлімдегендей, жобадағы балалардың шамамен 35%-ы қазақ тілді. Жыл сайын қазақ тілді педагогикалық кадрларға қажеттілік артуда. Алайда аутизмі бар балаларды оқытуға арналған қазақ тілінде бірде-бір кітап не әдістемелік құрал болған жоқ еді.
Юлия Эрц пен Юлия Мелешкевичтің "Особые дети: Введение в прикладной анализ поведения (ABA)" кітабы қазақ тіліне тәржімаланып, халық игілігіне ұсынылды.
Бұл кітаптың 3000 данасы ерекше балалармен жұмыс істейтін педагогтерге, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мамандарына тегін беріледі.
Осындай кітаптарды аудару арқылы біз қазақ тілді мамандарға әлемдік ғылыми озық материалға қол жеткізуге мүмкіндік береміз. Бүгінгі күні біз инклюзия саласында қазақ тіліндегі сапалы әдебиеттің негізін қалап отырмыз. Қор бұл бағытта жұмысын жалғастырады, - деп атап өтті "Болашақ" қорының төрайымы Динара Гаплан.