Семейдегі ескі бағдаршамның кесірінен көліктер сағаттап кептелісте тұрады
Семей шаһарының басшысы Бақытжан Баяхметов қаланың шетіндегі "Треугольник" ауданы тұрғындарымен кездесіп, өтініш-арыздарын тыңдады
Бұл екі теміржолдың арасында орналасқан шағын ауданда үш мыңға жуық тұрғын тұрады. Мұндағы бірінші мәселе - шыға берістегі Бозтаев көшесінде бағдаршамның жоқтығы. Бұл кең даңғылды күн сайын ерсілі-қарсылы жүздеген адамдар, соның ішінде балалар кесіп өтеді. Көліктер жаяу жүргіншілер жолдарында тоқтамай, адамдарды қағып кеткен оқиғалар да тіркелген. Тұрғындар бағдаршам мен жылдамдықты шектеу белгісін орнатуды сұрады.
Жол белгілері мен бағдаршамдарды орнатуға байланысты барлық мәселелер жол полициясы қызметтерінің құзыретінде. Бұл мәселе ішкі істер бөлімімен бірлесіп қаралатын болады, - деді қала әкімі Бақытжан Кәкенқажыұлы.
Жергілікті тұрғындар үшін тағы бір маңызды, өзекті мәселелердің бірі - теміржолдан өту. Ол жерде қызыл жарығы пойыздар жүретін аймақтан алыс болса да жиі жанып тұратын, кеңес заманынан бері тұрған бағдаршам бар. Соның кесірінен көліктер бірнеше сағат бойы кептелісте тұрады. Адамдар уақыттарын жоғалтады, жұмыстарына кешігіп барады, жедел жәрдем көліктері де кешігіп келеді. Тұрғындар бұл өткелде "STOP" белгісін орнатуды сұрады.
Көшені жарықтандыру жүйесін жаңғырту аясында жақын арада Стаханов (960 метр), Почтовая (400 метр), Островский (360 метр) көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
"Треугольникта" балалар және спорт алаңдары жоқ. Тұрғындармен бірге алаңдарды орнатудың ықтимал орындарын қарап шықтым. Бұл үшін жарамды бос орын тек теміржолдардың жанында орналасқан екен. Тұрғындармен қысқа кездесуден кейін мұнда жасанды жабыны бар және биік қоршауы бар шағын футбол алаңын орнату туралы шешім қабылданды, - деп жазды қала әкімі өзінің инстаграм желісіндегі жеке парақшасында.