Зайсанда көпбалалыларға берілген үйлер сапасыз ба?
2021 жылы "Бір қабатты Шығыс" өңірлік бағдарламасы шеңберінде жеке инвесторлар есебінен 16 млрд теңгеге 735 бір қабатты үй (1238 пәтер) немесе 105,9 мың шаршы метр баспана салынды
Ал Зайсан ауданында осы бағдарлама аясында көпбалалы аналар үшін 2020 жылы 36 пәтерлі 18 үй, 2021 жылы 62 пәтерлі 31 үй салынып, отбасылардың игілігіне берілген. Ал биыл 70 пәтерлі 35 үй беру жоспарда бар көрінеді.
Баспана кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға арналған үйлер салынып, кілттері табысталып жатқаны жақсы жаңалық екені рас. Ол туралы біз де сүйіншілеп жазып келеміз. Бірақ қоныстойын тойлап, жайғасқан зайсандық отбасылардың кейбірінің қуанышы ұзаққа созылмады. Өйткені былтыр жылдың соңында ғана қоныстанған бірнеше отбасы су жаңа үйлердің бірінің қабырғасы сөгіліп, бірінің бұрыш-бұрышы мен терезе маңайы көгеріп, үй іші дымқыл тартып, төбеден тамшы тамып, тіпті кейбір үйлер қыста пана болмай кеткенін айтуда.
Суық үй, көгерген қабырға
Көпбалалы аналардың үйлерін өз көзімен көрген Зайсан қаласының тұрғыны әрі қоғам белсендісі, журналист Еркебұлан Зағыпаров бұл мәселе туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазған болатын.
Зайсан қаласындағы "Партсъезд", "Шевченко" мөлтек ауданындағы көпбалалы аналарға мемлекеттің бюджетіне салынып (мердігерлердің ақшасына емес) берілген 2 пәтерлі қоспа жер үйлерге барып, жағдайды өз көзіммен көріп қайттым, - дейді Еркебұлан Зағыпаров. - Алдымен үйлердің сыртқы көрінісіне мән бердім. Кейбір үйлердің тағаны (фундаменті) өте төмен салынған. Үйдің кіреберіс есігіне ешбір биіктіксіз жермен тегіс қалпында кіріп кетесің. Қар қалың түскен жағдайда көктемде ауланы ғана емес, үйдің ішін су басатынының көрінісі емес пе? Тағаны аласа үйлердің ішінен бұрын сырты көгеріп, кей жерінің тағаны мүжүлуге көшкен. Сырттағы кәріз суының (септиктердің) "құдағи қайтқанша" етіп өте сапасыз салынғанын көрдім. Шағымданған көпбалалы аналардың үйіне арнайы кірдім, үй іші көк сасыған, төбеден тамшылаған су, жарылып сызат түскен қабырғалар мен кіреберіс есік маңы, көктің бойлағаны соншалық ас бөлмедегі ыдыс-аяқтар мен азық-түлік қоятын шкафтардың ішіне дейін көгеріп кеткен.
Омыраудағы сәбилері мен балаларына алаңдаған аналар ертең өкпелері қабына ма деп шошып отыр.
Күнде терезе ашып, көгерген жерлерді қырып, су болған төбе мен линолеум астын сүртіп әлек екен. Кейбір үйлер көгерген жерлеріне жарық (свет) жағып амалдап кептіріп жүр, бірақ қайта көгеретінін айтады. Оған куә да болдым. Кейбір мердігерлер мен жауапты қызметкерлер "үй ұнамаса, кілтті қайтарып беріңдер" деген көрінеді, - дейді қоғам белсендісі Еркебұлан Зағыпаров.
"Үй ішін желдетіп отыру керек еді"
2021 жылдың желтоқсан айында үш бөлмелі үйдің кілтін алып, қоныстандық. Содан бері ас бөлмесінің бұрышы көгеріп тұр. Қабырғада ілулі тұрған ыдыс-аяқ қоятын шкаф көгеріп, киім-кешегіміз де көк сасып кетті. Негізі үй іші жылы, жақсы. Мердігерлер жөндеу жұмыстарын жүргізді. Үйдің төбесіне минералды мақта төсеп, көгерген жерлерін сылап, жөндеді. Жалпы, іші көгеріп тұрған үйлер көп негізі, - дейді "Күміс алқа иегері" Арай Смағұлова.
Сондай-ақ көпбалалы аналардың бірі Нұргүл ханым үйінің жатын бөлмесінің қабырғасына сызат түскенін, мердігерлер жақында жөндеп бергенін айтады.
"Жаңа салынған үйлердің барлығының қабырғасында ондай сызаттар болады" деп түсіндірді. Ал үйдің іші неге суып кететінін өздері де білмей отыр. Бүгін де (дүйсенбі күні) төбенің барлығын тексеріп жатыр, төбесі жұқа болуы мүмкін деп отыр, - дейді желтоқсан айында ғана жаңа үйге қоныстанған көпбалалы ана Нұргүл.
Әкімдіктегілер бұл үйлердегі жағдайды жіті бақылауға алғандарын айтады.
Жалпы 2020-2021 жылдары "Бір қабаты Шығыс" бағдарламасы арқылы 120 шақты отбасыға баспана берілген болатын, - дейді Зайсан ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Аян Сегізбаев. - Солардың арасында он шақты үйдің кейбірінің қабырға бұрыштары көгеріп, кейбірінің қабырғасында сызаттар пайда болған. Осыған дейін бұндай мәселе болмаған еді. Қазіргі таңда ол үйлердің барлығын мердігерлер өз қаражаттары есебінен қалпына келтіріп, жөндеп берді. Бұл жаңадан салынған үйлер болғандықтан арасында терезені ашып, желдетіп отыру керек еді. Үйлерінде кішкентай балалары бар, терезені ашуға мүмкіндігі болмағандар осындай проблемаға тап болып отыр. Басқаларда ондай мәселе жоқ.
Бұл үйлерді бірнеше жеке кәсіпкер салғанын айта кеткен жөн. Бір қабатты үйдің құрылысына 2020 жылы - 4, 2021 жылы 5 мердігер қатысыпты.
Мониторинг жүргізді
Облыстан арнайы комиссия келіп, үйлердің барлығын қарап кетті. Аудандағы үйлердің құрылыс сапасына оң баға берді. Тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ. Қандай да бір мәселе шықса, мердігер жөндеп беруге міндетті. Үш жыл кепілдік мерзімі бар, - дейді Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Серік Тілемесов. - Жалпы 1,5 жыл ішінде 270 үй берілді. 2022 жылы 70 үй беріледі деп жоспарлап отырмыз. Бұл үйлер қазіргі таңда дайын, тек күннің жылынғанын күтіп отырмыз.
Қазіргі уақытта Зайсан ауданы бойынша 1462 адам баспана кезегінде тұр екен.
Зайсан ауданыдағы "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы аясында салынған үйлердің сапасына байланысты әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат негізінде партияның аймақтық филиалы жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, депутаттармен және тапсырыс берушілермен, мердігер ұйымдардың басшыларымен бірлесе отырып, "халықтың әлеуметтік осал топтары" санаты бойынша кезекте тұрған азаматтарға берілген пәтерлердің жағдайына мониторинг жүргізді. Партиялық мониторинг барысында барлық құрылыс кемшіліктерін мердігерлер дереу жойғаны анықталды. Шағымдар мен өтініштер түскен жоқ. Әлеуметтік мәселе партиялық бақылауға алынды, - деді Nur Otan партиясының ШҚО филиалының партиялық бақылау инспекторы Жәдігер Тоқтарқанұлы.
Осы орайда айта кеткен жөн, былтыр ғана Зайсанда осы үйлер салынып жатқанда тілшіміз Аян Қалымбек іссапармен барып, "аймақтағы ең сапалы, ең жақсы, ең әдемі үйлер Зайсанда екеніне шынымен көзіміз жеткендей болды" деп тамсанып қайтқан еді (10.06.2021 жылғы №23 сан). "Қабырғалары түгелдей ақ керпіштен қаланған. Шатыры жел-дауылға ұшып кетпейтіндей берік. Есіктерінің салмағы ауыр, қаладағы үйлердің қымбат есіктерінен кем емес. Барлық бөлмеде пластикалық терезе-әйнек тұр. Едендеріне линолеум төселіп, керілмелі төбелер тартылған. Әжетханасы, жуынатын жері - ішінде. Зайсаннан басқа шығыстың ешбір ауылында, тіпті аудан орталығында жоқ тағы бір нәрсе бар. Ол - екі түрлі жылыту жүйесі. Үйдің кіреберіс аузында газ пешімен қатар электр жылыту пеші орнатылған. Апаттық жағдай болып біреуі істен шығып қалған жағдайда, екіншісі оның орнын алмастырып, жылу желісі үзілмейді деген есеппен жасалған" - деп жазған еді журналист.
Бәлкім бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің кері келіп тұрса керек. Олқылықтардың орны толтырылса, алдағы уақытта қайталанбас деп үміттенейік. Ел ағалары да жағдайды назардан тыс қалдырмас.
P.S. Бұл "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасының алғашқы шикілігі емес. Мәселен, өткен жылы Күршім ауданындағы екі үйдің "ақылды" пеші жарылып, бірінің астынан су шыққан еді.