Биыл балықтардың жаппай қырылу қаупі жоғары
Шығыс Қазақстан облысында балықтардың жаппай қырылып қалуының алдын алып жатыр
2021 жылы Шығыс Қазақстан облысының су айдындарындағы су деңгейі төмендеді. Бұл 7-8 жылда бір қайталанып тұратын табиғи құбылыс. Су деңгейінің азаюынан және қыс мезгілінде судың бетін қалың мұз басуынан балықтарға оттегі бармай қалуы мүмін. Бұл балықтардың жаппай қырылуына әкеледі. Сондықтан Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы өңірдегі су қоймаларында аэрация жұмыстарын жүргізуде.
Қыс мезгілінде су бетіндегі мұз жамылғысының қалындығы 70-80 сантиметрге жетеді, бұл жағдайды қатты ушықтырады. Себебі судың қатып қалмайтын қабатының денгейі небары 1-1,6 метр, кейбір су қоймаларында одан да аз. Сондықтан біздің мамандар су бетінде аэрация жұмыстарын жүргізеді, - деді Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұржан Болатханұлы. - Аэрация дегеніз - балықтарға оттегі жіберу. Ол мұз бетінде шұңқыр қазылып және оған қамыстар орнатылу арқылы жасалады.
Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы Қазақстан Республикасының нақты бекіткен заңы бар. Бұл заңның 2-бабына сәйкес, жаппай
ауыру, дүлей зiлзала кезiнде және басқа себептер салдарынан қырылу қаупi төнген жағдайларда жануарларға көмек көрсетудi аңшылық және балық шаруашылықтары субъектілері, ал басқа алқаптар мен су айдындарында Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асыратыны жазылған.
Осыған байланысты Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары мен балық шаруашылығы су айдындарының пайдаланушылары бірлесіп су айдарына сараптамалар жасап, балықтарға оттегі беру жұмыстары жүргізілді.
"ҒӨО БШ" Алтай филиалының ұсынысымен облыс бойынша балық шаруашылығы су айдындарында суды аэрациялау, шұнқырларды бұрғылау және басқа да мелиорациялық жұмыстар жүргізу арқылы балықтардың жаппай қырылуына жол бермеу үшін жыл бойы балық аулауға тыйым салынған Жайсан көлінің Қара Ертіс атырауында, Жайсан көлінің сотүстік батыс су айдыныңда, Бұқтырма су қоймасының Торанғы шығанағында және жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарында 2022 жылдың қаңтар, ақпан айларында аэрациялық жұмыстар жүргізілді. 53 дана автокөлікпен, 75 дана электробұрғы, қол бұрғыларын пайдалана отырып, 175 адам 3264 дана шұнқыр қазып, 3237 дана қамыс орнатылды және осы жұмыстар әрі қарай жалғасады, - деп қосты Нұржан Болатханұлы.
Балықтардың жаппай қырылуына әр түрлі жағдай себеп бола алады. Ол табиғи және антропогендік факторлардың әсерінен пайда болуы мүмкін. Балықтардың қырылуы балық шаруашылығына үлкен зиян келтіреді. Сондықтан балықтардың жаппай қырылуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау балық қорларын сақтаудың және су ресурстарының экологиялық салауаттылығының стратегиялық маңызды мәселесі болып табылады