А. Жақсыбаев: «Кітап сөрелерімдегі Оралханның кітаптарының бәрінде оның қолтаңбасы бар»
Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана Оралхан Бөкейдің өз қолымен жазған құнды деректер топтамасын жинақтауда
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Ахат Имантайұлы отбасылық жеке кітапханасындағы Оралхан Бөкейдің кітаптарын көздің қарашығындай сақтайды. Біріншіден, бұл қазақтың біртуар классигінің шығармалары болғандықтан, екіншіден, бұл кітаптардың барлығында жазушы қолтаңбасы бар. Сондықтан, кітап - жәдігерлерін айрықша мақтан тұтатын Ахат Жақсыбаев былай деп толғанған екен:
...Менің кітап сөрелерімде Оралханның кітаптарының бәрінде оның қолтаңбасы бар. «Қайдасың, қасқа құлыным» кітабында: «Аса қымбатты досым Ахатқа ізгі тілек, шын жүректен» депті. Ал «Мұзтау» кітабына: «Барым да, нарым да осы» деп қол қойыпты. «Өз отынды өшірме» романындағы қолтаңбасы: «Қолың тисе оқып шық». «Біздің жақта қыс ұзақ» деген повестер жинағына былай деп жазыпты: «Ақа! Өзіме қандай жақсылық тілесем, соның барлығын саған тілеймін». Бұл сөздердің шыңдығына сенесің. Себебі Оралхан көлгірсіп, көпшік қоюды білмейтін..., - деген Ахат Жақсыбаев жазушыны сағына еске алған екен
Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, құнды жазбаларды жинақтауға жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызы көп көмектесіпті. Бірқатары түрлі дерек көздерінен алынған. Ендеше, сол бір сағым жылдардан жеткен жазушының жан сырына үңіліп көрейік.