Семейдегі Шығыс кентінде жаңа мектеп қашан ашылады?
Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов Шығыс кентінің саяжай кооперативі тұрғындарының бастамашыл тобының өтінішіне сәйкес кездесу өткізді
Бұл бір кездері ауылшаруашылық жерлерінің саяжай кооперативі болып құрылып, уақыт өте келе аумағы ұлғайған ерекше жағдайы бар Шығыс кентінің бір бөлігі.
Биыл сәуір айында Шығыс оң және сол жақ кенттерінде атқарылатын шаруалардың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуге конкурс жоспарланған.
Шаһар басшысымен кездесуде тұрғындар бірқатар мәселелерді көтерді. Алғашқы сауалдарының бірі - жаңа мектептің ашылуына қатысты. Мұнда 1200 орындық жалпы орта білім беретін мектеп салу туралы шешім 2019 жылы облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен қабылданды. Мектептің ашылу мерзімі объективті себептерге байланысты бірнеше рет ауыстырылған еді. Бақытжан Байахметов биыл 1 қыркүйекте жаңа мектепте алғашқы қоңырау соғылатынына уәде берді.
Семей қаласы әкімдігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, сумен жабдықтау "Шығыс кентінің су құбыры желілерін қайта құру және кеңейту" жобасы бойынша 1 миллиард 647 миллион теңге сомасына жұмыстар басталды. Желілердің ұзындығы 34 шақырымды құрайды. Жоба бойынша жаңа мектепті, балабақшаны және бұрын су тартылмаған 20-дан астам көшені орталықтандырылған сумен жабдықтау көзделген.
Жергілікті тұрғындардың өмірін жақсарту бойынша әкімдік тарапынан көше жарығын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Биыл жарықтандыру 13, 17-линия, Ақжол көшесі, Ақжол тұйық көшесі, 1,2, Елтай көшесі, Жібек Жолы көшесі және Абдуали көшелерінде орнатылады. 2023 жылы кенттің тағы 8 көшесінде жарық пайда болады.
Тұрғындар қала әкіміне электр энергиясы үшін тарифтердің көтерілуі бойынша шағымданды.
Жергілікті иесіз желілер сот шешімімен ТҮКШ бөлімінің теңгеріміне берілді. Қазіргі таңда кейбір желілер осындағы трансформаторлық қосалқы станцияларына қосылған. Тұрғындар дербес шоттарын ашу үшін "Шығысэнерготрейд" абоненттік бөліміне жүгінулері қажет. Қазіргі таңда ТҮКШ бөлімі қосымша ТҚС-584 және ТҚС-285 рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде. Оларды тіркегеннен кейін тұрғындар абоненттік бөлім арқылы жеке шоттарын аша алады, - деді Бақытжан Байахметов.
Бастамашыл топ мүшелері қоқыс шығару мәселесін де көтерді. Шығыс кентінде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстарымен "Сегізбаев" ЖК компаниясы айналысады. 1190 жеке меншік үйге қызмет көрсетіледі. Бұдан басқа, бюджет қаражаты есебінен жыл сайын кенттен көп мөлшерде қоқыс-қалдықтар шығарылады.
Қала әкімі тұрғындарды қоқыс шығаратын компаниялармен шарт жасасуға шақырды. Шарт жасасқанда үйде тұратын барлық отбасы мүшелерін көрсеткен абзал.
Жергілікті учаскелік инспекторға тазалық талаптарын бұзғандармен күресті күшейту тапсырылды. Осы орайда айта кеткен жөн, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес, инфрақұрылым объектілерін бүлдіргендерге, жасыл желектерді жою және бүлдіргендерге ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға - 20 АЕК мөлшерінде, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға - 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Қаңғыбас иттер де тұрғындарды жиі мазалайды. "Семей Ветеринария" КМК мәліметтері бойынша, өткен жылы мұнда бір жарым мыңға жуық ит ауланған. Осы жылы бір жарым айдың ішінде жүзден астам ит ауланды. Кәсіпорын басшылығына қаңғыбас төрт аяқты жануарларға шағымданған тұрғындардың өтініштеріне уақтылы жауап беру тапсырылды.