ШҚО-да эпидемиологиялық шектеу шаралары 27 ақпанға дейін ұзартылды
Облыс аумағында шектеу шаралары 2022 жылдың 14 ақпанынан бастап 27 ақпанды қоса алғанға дейін ұзартылғанын мәлімдеді Шығыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті
Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес ағымдағы жылдың 10 ақпаннан бастап облыс «сары» аймаққа ауысты. Есептік өлшемшарттар негізінде CОVІD-19 науқастарын емдеуге арналған инфекциялық стационарлардағы төсек қорының қамтылу пайызы – 16,1% құрады.
Коронавирус инфекциясының пандемиясы басталғаннан бері облысымызда тіркелген жағдайлардың жалпы саны – 58923, олардың:
- 47224-і ауру белгілерімен (симптоммен);
- 11699-ы ауру белгілерінсіз (симптомсыз).
Соңғы тәулікте 33 жағдай тіркелді.
Облыс аумағында шектеу шаралары 2022 жылдың 14 ақпанынан бастап 27 ақпанды қоса алғанға дейін ұзартылды, - деп мәлімдеді Шығыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Айлин.
2022 жылғы 14 ақпаннан бастап облыстың білім беру объектілерінде штаттық форматта оқыту рұқсат берілген.
Білім алушыларды қашықтықтан оқыту форматына ауыстыру Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 25 тамыздағы №36 және 2021 жылғы 2 қыркүйектегі № 38 қаулысымен бекітілген сараланған тәсілді ескере отырып, карантин режимін бұзушылықтар анықталған кезде қолданылатын болады.
Аталмыш қаулымен «Ashyq» жобасына қатыспайтын нысандар үшін бірқатар өзгерістер енгізіліп, шектеу шараларын жұмсарту қарастырылған.
- Мейрамхана, дәмхана және кофехана типі бойынша қоғамдық тамақтану объектілеріне толтырылуы 50%-ға дейін, бірақ отыратын орындар санын 50 орыннан асырмай сағат 07.00-ден 24.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілген;
- Алкогольдік ішімдіктерді сатпайтын асханалар типі бойынша қоғамдық тамақтану объектілеріне тәулік бойы жұмыс істеуге рұқсат етілген;
- Діни бірлестіктер объектілеріне (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар және т. б.) 30%-ға дейін, бірақ 100 адамнан аспайтын ұжымдық Құдайға қызмет етуге рұқсат етілген;
- Көрермендермен бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу, марафондар (ашық ауада) толтырылуы 15%-дан аспаған кезде спорттық іс-шараларды көрермендермен өткізуге рұқсат етілген;
- Жұмыс берушілерге (мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, кәсіпорындардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, өзге де ұйымдардың, кәсіпкерлік субъектілерінің, кеңселердің, тіршілікті қамтамасыз ету, қауіпсіздік, құқық тәртібі объектілерін, технологиялық процестің үздіксіз циклі бар кәсіпорындарды қоспағанда) келесі жұмыс форматы: 50% - еңбек заңнамасының талаптарын сақтай отырып, қызметкерлерді COVID-19-ға қарсы вакцинациялауды жүргізуге қарамастан, қашықтан режим. Бірінші кезекте қашықтықтан жұмыс істеу форматына COVID-19-ға қарсы вакцинацияланбаған жұмыскерлер және соңғы 6 ай ішінде COVID-19-мен ауырмаған жұмыскерлер ауыстырылады. 50% - күндізгі режим (соңғы 6 айда COVID-19-ға қарсы вакцинацияның толық курсын алған және COVID-19-бен ауырған қызметкерлер).
2022 жылғы 17 ақпанға дейін облыстағы объектілер өз қызметін «қызыл» аймақ үшін көзделген өлшемшарттар негізінде жүзеге асыратын болады, - деді Ғалымбек Жақсыбекұлы. - Қаулыға сәйкес «сары» аймақ үшін жеңілдетілген шектеу шаралары 2022 жылғы 17 ақпаннан бастап күшіне енеді. Құрметті облыс тұрғындары! Бүгінгі таңда инфекцияның таралу тізбегін бұзуға мүмкіндік беретін профилактикалық тиімді әрекеттер бойынша жұмысты жалғастыру өте маңызды. Қазіргі уақытта шектеулерден тез шығудың кепілі коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация және карантин талаптары мен шектеу шараларын қатаң сақтау қажеттігін естен шығармаған жөн.