Тарбағатай ауылдары арасындағы шекара белгілері жаңартылуда
Тарбағатай ауданы бойынша кейбір елді мекендердің шекара шегі белгіленіп, қазықтары қағылды
Елді мекен шекарасын анықтау мен заңдастыру ауыл тұрғындарының әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл өз кезегінде тұрғындарды мал жайылымымен қамтамасыз ету, халыққа қызмет көрсету нысандарын орналастыру үшін жаңа алаңдар ашуға да негіз болмақ. Осы орайда Тарбағатай ауданы бойынша кейбір елді мекендердің шекара шегі белгіленіп, қазықтары қағылды.
Шекара ұғымы о баста этникалық белгілерімен айқындалды. Мысалы, қазақтың жері, қырғыздың жері, өзбектің шекарасы деген тәрізді. Қазақ елі өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылдың 18 мамырында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қазақ шекарасының төл тарихы бастау алды. 1993 жылдың 13 қаңтарында "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" және "Қазақстан Республикасының Шекара әскерлері туралы" маңызды Заңдар дүниеге келген. Содан бері қазақ өзінің шекара қызметін жетілдіруде ізденістен бір танған емес. Жалпы, қазақ елінің мемлекеттік шекарасының ұзындығы 15350 шақырымды құрап, бес мемлекетпен шектеседі. Дүниежүзіндегі құрлықтағы ең ұзын шекара - Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара екен. Негізінде, шекара қызметін үнемі жетілдіріп отыру, осы саладағы мамандардың біліктілігін арттыру, техникалық базаны қуатты ету әрбір мемлекеттің маңызды міндеті екенін біз білеміз.
Мамандар байыптап отырғандай еліміздің шекара қызметі жыл сайын жаңашылдыққа бет бұрып отыр. Ендігі кезектегі тағы бір өзекті мәселе - "бұл бос жатқан шекара аумақтарын назардан тыс қалдырмай анықтап, заңдастыру болуы тиіс" дейді осыған жауапты мамандар. Шекарадағы елді мекендер мәселесін оңтайландыру қай кезде де қалтарыста қалмауы керектігін алға тартқан басшылық "бос жатқан шекара бойында иін тіресіп ел отырса, қайнаған тірлік болса, біздің қазаққа ешкім де қыр көрсете алмайды" дейді.
Осы орайда Ақжар ауылдық округі бойынша елді мекендердің шекараларын анықтап, заңдастыру бойынша ауыл тұрғындарының өтініштері орындалып, Ақжар ауылдық округіне қарасты Жаңалық елді мекенінің жерлері аудандық кадастр бөлімінің қызметкерлері тарапынан, ауыл әкімшілігі мамандары мен ауыл тұрғындарының қатысуымен шекаралары белгіленіп, қазықтары қағылды. Алдағы күндері бұл жұмыстар Ақжар, Жаңатілеу жерлерінде жүргізіледі екен. Жер учаскесінің шекаралары оның орналасқан жерін анықтауға, яғни оны көршілес құрылған учаскелердің шекараларына, сондай-ақ табиғи немесе жасанды объектілерге байланыстыруға мүмкіндік береді.
Ертеректе әрбір ауылдық округтің өзінің аумағының шекаралық белгілері болған. Уақыт өте келе ол белгілер ескіріп, көзге көрінбейтін жағдайға жетті. Сондықтан 4 ауылдық округтің 12 елді мекеніне шекаралық белгілерін сызып, халыққа көрсетіп жатырмыз, - дейді Тарбағатай аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ержан Жанпейісов.
Тарбағатай ауданында 38 мың халық тұрады. Әрбір мемлекеттің тұрақты дамуының басты факторларының бірі - халықты рационалды орналастыру болып табылады.
Қазір ауылда көп ешкім қалған жоқ. Жер алып, мал ұстайын десе, жер жоқ. Жердің барлығын ірі шаруа қожалықтары алып алған, ол шындық. Ауылдағы қарапайым халықта жайылымдық жер жоқ. Енді әкімдіктердің шекара шебін анықтап, белгі қоюы жағдайды біршама жақсартады деген ойдамын, - дейді ауыл тұрғыны Серікжан Бекбосынов.
Жалпы Тарбағатай ауданы бойынша 15 ауылдық округ бар. Аталмыш ауылдық округтерге 68 елді мекен кіреді.