Алтайдың қасқырлары малға шабуда
Қиыр шығыстың таулы-орманды өлкесіндегі ауданның халқы биылғы қыста ит-құстан қатты зардап көріп отыр. Даланың киесі Катонқарағай ауданының ел-жұртын тығырыққа тіреп, қолдарын жіпсіз байлап тастаған
Өйткені төрт түлік малды тамақтап, жарып кетіп жатқан қасқырлар шаруа қожалықтарына да, ауылдың қарапайым тұрғындарына да айтарлықтай шығын әкелген. Ал оларды атайын, аулайын, ұстайын десе аңшыларға ұлттық саябақ әкімшілігі рұқсат бермейді. Себебі қасқырлар мемлекеттік табиғи парктің аумағынан келетіндіктен, ерекше қорғалатын аймаққа тиесілі. Егер жыртқыш әкімшілік аумақта жортып жүрген болса, ызалы халық баяғыда-ақ соғып не атып алатын еді. Ал мемлекеттік саябақ жерінде мылтық атпақ түгілі қақпан құрғызбай отыр.
Катонқарағай ауданында қасқырлар ауыл тұрғындарының малын қырып бара жатыр. Ауылдықтар жыртқышты ата алмайды, оған заңмен тыйым салынған. Егер аулайтын болса, аңшылық құрды деген айыппен үлкен көлемде айыппұл салынады. Жергілікті биліктен көмек болмаған соң түз тағысын ауыл адамдары аттылы-жаяу жүріп үркітіп, қуумен шектеліп отыр.
Өздері де ауламайды, елге де рұқсат бермейді
Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай, Аққайнар, Қабырға, Жаңаүлгі ауылдарына соңғы уақытта қасқыр жиі шабатын болған. Ашыққан жыртқыштар ауыл іргесіне дейін келіп, малға түсе бастағандықтан шаруалар енді тілшілерден көмек сұрап отыр. Өйткені аудан мен ауыл әкімдерінен де, мекемелердің бастықтарынан да қайран жоқ көрінеді. "Амал-шара, айла-әрекет сұрап алдарына бардық, қоңырау шалып жөн сұрадық, олар біздің шағымымызға құлақ аспай отыр" дейді малынан айырылған катонқарағайлықтар.
Қасқырлар қыстан бас-тап қана емес, биылғы көктемнен бері маза бермей келеді. Мал төлдеп жатқанда ерекше көбейіп кетті. Құлындарға қырғидай тиіп, қара күзде тайларды жарып кетті. Шыңғыстайда қойларды тамақтап кетті деп естідік. Атып алайық десек, Ұлттық саябақ қызметкерлері рұқсат бермейді. Бір жылдары қасқыр қаптағанда тікұшақпен келіп атқан еді. Қазір де сондай бір шара қажет болып тұр, - дейді Жаңаүлгі ауылының тұрғыны Қуат Сақимов.
Қасқыр қаптаған жағдай бұрын да болса, ол кезде тіпті тікұшақты қолданысқа енгізсе, биыл билік сонда немқұрайлы қарап отыр ма?
Жылдық төліміздің көбін осы қасқырға береміз. Көктемнің өзінде-ақ он шақты құлынды жеді. Таяуда тайды тамақтап кетті. Әкімдіктегілердің қандай да бір шара қолданып жатқанын көрмедік. Бұлай жалғаса берсе, малымыздан мал қала ма? Бұған кім жауап береді? Біздің шығынды кім өтейді? - дейді Қуат Сақимов.
"Адамға шаппасына кім кепіл?"
Тұрғындар әбден дәндеп алған қасқырлар енді ауылдың ішіне кіріп кете ме деп алаңдайды. Ауыл демекші, былтыр Күршім ауданына қарасты бір ауылға арлан кіріп, бір адамды талап тастаған болатын. Абырой болғанда көршілері көмекке келіп, ол аман қалған. Мұндағылар да сол жағдайдың қайталануынан қорқып отырған жайы бар.
Түз тағысы ауылдың тынышын алып бітті. Басында тай-құлындарға тиісетін. Қазір үлкен байталдарды да жеп жатыр. Бір күні қыстаққа кіріп, адамға шаппасына кім кепіл? Жоқ, әлде жауапты тұлғалар сондай сәттің болуын күтіп отыр ма? Бізге осы мәселені шешіп берсе дейміз. Қолдарынан келмесе мылтығы бар аңшыларға қасқыр атуға рұқсат берсін, өз мәселемізді өзіміз шешеміз, - дейді Қанат Нұралин.
Аудан әкімдігі Шыңғыстай, Жаңаүлгі және Қабырға ауылдарында қасқырдың көбейгенін растап, тұрғындардың 40-тан астам жылқысын жеп кеткенін мәлімдеді. Зардаптың ауырын Жаңаүлгі ауылының шаруалары тартып отыр. Ресми есеп бойынша, бұл ауылда 27 бас жылқыны қасқыр жеп кеткен. Шыңғыстай ауылында 11 жылқы, Қабырға ауылында 2 жылқы ит-құсқа азық болыпты.
"Қарлығаш" шаруа қожалығының басшысы Ж. Ниғметовтың 2 бас жылқысын, "Қуат" шаруа қожалығының директоры Қуат Сахимовтың 10 бас жылқысын, "Олжас" шаруа қожалығының директоры Қ. Нұралиннің 5 бас жылқысын, Шыңғыстай ауылында "Самал" шаруа қожалығының басшысы Б. Баекиннің 2 бас жылқысын, "Ақжол" ШҚ басшысы А. Тоқпаевтың 3 бас жылқысын, ауыл тұрғындары А. Үзембаев пен Б. Қайсеновтың 12 бас жылқысын, Мұсақанов, Алхамов секілді азаматтардың
6 бас жылқысын жеп кеткен.
Әкімшілік аумақта қасқыр атуға рұқсат
Айта кететін бір жағдай бар, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи парк өкілдері қасқыр аулауға байланысты тұрғындар тарапынан ешқандай өтініш түспегенін айтып отыр. Дегенмен, саябақ аумағында аң аулауға қатаң тыйым салынған.
"Катонқарағай мемлекеттік ұлттық паркі" РММ-ның 2021 жылы 6 желтоқсанда берген жауабына сәйкес, ҚР 2006 жылы 7 шілдеде шыққан "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" заңының 175 заңының 48-ші бабы негізінде "Жыртқыш аңдар қатарындағы қасқырды ұлттық парктің қорғау аймақтарында аулауға тыйым салынған. Аудан әкімшілігінің аумағында ғана (ұлттық саябақ аумағына өтпей) арнайы рұқсат қағаздарымен қасқыр аулауға рұқсат, оған ұлттық саябақ қызметкерлері қарсылық білдірмейді. Ал егер ұлттық парк шекарасына кіріп кетіп қасқыр ауласа, ол қылмыстық әрекет болып табылады, - дейді Катонқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мерхат Нұрғалиев.
Оның айтуынша, осы күнге дейін аңшылар екі қасқыр аулапты. Катонқарағай ауданының аңшылар мен балық аулаушылар қоғамдық бірлестігінің төрағасы аудан адамдарына түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін де айтты. Дей тұрғанмен, сондағы малшыларға әкімдіктің түсіндіру жұмыстарын жүргізгенінен нақты іске көшкені тиімді болып тұр.
Алтайдың алты ай қысында қасқырлардың ашығатыны түсінікті. Шығыс аймақта тек Қотан қарағай емес, Тарбағатай ауданының тұрғындары да жыртқыштан зардап шегіп отырғандарын айтады. Ақжар мен Жетіарал ауылдарының малына да ит-құс тиіпті. Дегенмен, бұл ауданның аңшыларында аң атуға рұқсат қағаздары бар. Олар қазір қасқыр аулауға өздері кіріскен. Ал, Қатонқарағай ауданы аумағында ұлттық парк болғандықтан мұндағы тұрғындар шарасыз отыр.
Қасқыр ату үшін арнайы рұқсат құжаты болуы керек. Келісім берілген күннің өзінде ауланатын аңның саны реттеледі және аңшылық арнайы аумақта ғана жүзеге асырылады. Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ерекше қорғалатын орын болғандықтан аң атуға тыйым салынады. Аудан әкімдігінен осы мәселеге қатысты хат келді. Заңда көрсетілген тараптар бойынша жауап бердік. Ол жерге аңды ату емес, үркіту, қорғану жұмыстары жүргізілетін болады. Ал Тарбағатай ауданында бірнеше аңшыға қасқырды атып, санын реттеуге рұқсат берілген. Жыл соңында барлығының қорытындысын шығаратын боламыз, - дейді облыстық Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қарлығаш Қадірманапқызы.
Бәрін айт та бірін айт, шығыстың қаһарлы қатты қысында қасқырлардың құтыруы заңдылық. Азығын үйден де, түзден де тауып жейтін бөріге өрісте жайылып жүрген мал тұрмақ қорадағы төрт түлікті жеп кету қиын шаруа емес. Қасқырлардың азайып-көбейгенін, қоныс аударған бағыт-бағдарын ауылдағы мал бағып отырған кісілерден, кәнігі аңшылардан артық ешкім білмес. Егер Алтайдағы ағайын биыл қасқыр шектен тыс көбейді деп дабыл қақса, онда елемеуге болмайды. Себебі ұйқысы шала жұрт ауылдың шетінде көзге түскен көкжалдар есігінің алдына келіп қала ма деп қатты уайымдайды.
Жағдайды назарымыздан тыс қалдырмаймыз және басшылар бір шешімін табар деп үміттенеміз.