Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Биыл Тәуелсіздікке орай 2 236 тұтқын босап шығады

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тар қапасқа қамалған біршама жанға рақымшылық жасалатыны туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Ал сол рақымшылыққа қандай баппен сотталған азаматтар ілігеді?

Усть-Каменогорск и ВКО / Биыл Тәуелсіздікке орай 2 236 тұтқын босап шығады

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бірқатар сотталған азамат бостандыққа шығады. Бұл туралы мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтқан болатын. Мәжіліс депутаттары рақымшылыққа кімдер ілігетіні туралы заң жобасын қарастырған болатын. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, заң жобасының мақсаты - аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін істі болғандарды жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту.

Рақымшылық дегеніміз - мемлекет басшысының немесе үкіметтің жоғары өкілетті органының шешімімен адамдардың белгісіз бір тобының қылмыстық жазасын жұмсарту немесе жазасын өтеуден босату. Кешірім беруге сотталушының шын жүректен өкінуі немесе жазасын өтеушінің ауыруының асқынуына адамгершілік таныту себеп болуы мүмкін. Кінәсін мойындау рақымшылық жасауға міндетті шарт емес.

Рақымшылық актісімен бұрын жазасын өтеп шыққан тұлғадан сотталғандығы алынып тасталуы да мүмкін. ҚР Заңнама талабына сәйкес сотталғандарға рақымшылық жасау құқығына тек ел Президенті ие. Мемлекет басшысы сотталған азаматты тағайындалған жазасынан толықтай не ішінара босата алады немесе оны жеңілдете алады.

Шешім қалай қабылданады?

Рақымшылыққа ілігу үшін жазасын өтеуші алдымен өтініш жазуы керек. Жазылған өтінішхат пен жинақталған барлық құжаттар Қазақстан Республикасының Президенті аппаратына жолданады.

Рақымшылық жасау туралы өтінішхатты құрамына депутаттар, қоғамдық ұйым өкілдері, Жоғарғы сот төрағасы, министрлік басшылары кіретін президенттік комиссия қарастырады. Комиссия сотталғандардың өтініштерін шамамен үш айда бір рет қарайды. Комиссия мүшелерінің басым бөлігі қатысқанда комиссия отырысы заңды түрде өткен болып саналады. Шешім көпшілікпен қабылданады. Дауыс тең берілсе, өтінішхат қабылданбаған деп есептеледі. Қарастырылған ұсыныстар қорытындысы бойынша Президент рақымшылық жасау туралы жарлық шығарады немесе рақымшылық жасау туралы өтінішхатты қабылдамау туралы қаулы қабылдайды.

Рақымшылыққа ілігу үшін жазасын өтеуші сотталғандар қандай да бір ақы төлемейді, олар тек сот үкімімен бекітілген талап-арыз сомасын төлеу қажет болады. Сондай-ақ, рақымшылықпен босатылатын азаматтарға ары қарай бақылау жүргізілмейді. Себебі осы Заңның 2-бабының 1-ші тармағының күші қолданылады, яғни сотталғандар негізгі жазасын ғана одан әрі өтеуден босатылуға жатады делінген, - дейді ШҚО бойынша ҚАЖД бастығы әділет полковнигі Жанболат Қалетаев.

"Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заңының 2-бабы "Қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босату" туралы жазылған. Осы Заңда мыналар әлеуметтік жағынан әлсіз адамдарға жатады:

  • "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабында көзделген Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар;
  • Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, оның ішінде бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының, әскери және интернационалдық борышын атқару кезінде қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілерінің басқа тіркелген некеге тұрмаған жесірлері, сондай-ақ соғыс мүгедектерінің және оларға теңестірілген адамдардың әйелдері;
  • Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезінде он сегіз жасқа толмаған адамдар;
  • Осы Заң қолданысқа енгiзiлетін күні елу жасқа толған және ол жастан асқан әйелдер, алпыс жасқа толған және ол жастан асқан ер адамдар;
  • Осы Заң қолданысқа енгізілетін күні жүкті әйелдер;
  • Осы Заң қолданысқа енгiзілетін күні ата-ана құқықтарынан айырылмаған және он сегiз жасқа толмаған балалары, оның iшiнде асырап алған не қорғаншылыққа және қамқоршылыққа алған балалары бар не қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және сотталған кезінде асырауында жасына қарамастан мүгедек баласы болған әйелдер;
  • Осы Заң қолданысқа енгiзілетін күні кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын және ата-ана құқықтарынан айырылмаған ер адамдар;
  • Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар деп танылған адамдар.

ҚАЖ комитеті мәлімдегендей 30 жыл ішінде Қазақстанда 8 рақымшылық жасалған, соңғы төрт рақымшылық Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орайластырылған.

Қанша адам рақымшылыққа ілікті?

Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, І және ІІ топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қатысты. Қазір елде барлығы 64 түрме мен 16 тергеу изоляторы бар. Онда 34 мың азамат қамауда отыр. Оның 30 мыңына сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адамға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, қамауда отыр. Олардың 93% ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар. 45%-ы оның алдында бірнеше рет сотталғандар. Сонымен қатар, 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр. Бостандыққа тек ауырлығы орташа заңбұзушылық жасағандар шығады, - деген еді еліміздің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев сенат отырысында.

Биыл Рақымшылық туралы заң бойынша 2 292 сотталушыға, пробациялық бақылауда тұрған 11 753 адамға рақымшылық жасалады екен.

Нәтижесінде 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады, 3881 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1330 сотталушының, пробацияда тұрған 7492 адамның жаза мерзімі қысқартылады, - деген болатын Ерлан Тұрғымбаев.

Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1674 адам қылмыстық жауаптан босатылады. 1471 адамға сот органдарының жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелері қолданылады. Ауыр және аса ауыр, сондай-ақ террористік және экстремистік қылмыстарға барған адамдар рақымшылыққа ілікпейді.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару департаментіне қарасты мекемелерінен барлығы 300-ден астам сотталған азамат "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заңына ілігеді, - дейді ШҚО бойынша ҚАЖД басшысы Жанболат Қалетаев. - Қазіргі уақытта рақымшылыққа ілініп отырған 100-ден астам адам босатылуы мүмкін, ал қалғанының жаза өтеу мерзімі қысқартылады.

Соңғы рет рақымшылық қашан жасалды?

Соңғы рет рақымшылық жасау туралы Заң 2016 жылдың 14 желтоқсанында, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қабылданған екен. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 78-бабының 1 және 2-бөлімдеріне сәйкес, рақымшылық жасау туралы актіні Қазақстан Республикасының Парламенті жеке анықталмаған адамдар тобына қатысты шығарған. Мәселен, Қазақстанда экстремистік қозғалыс деп танылған ұйымның негізін қалаушы, БТА банктің директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов 2002 жылы қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланғаны үшін 6 жылға сотталды. 2003 жылы оған рақымшылық жасалып, саясатпен айналыспаймын деген уәдесімен бостандыққа шықты. Сондай-ақ, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев сыбайлас жемқорлық үшін
7 жылға сотталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2012 жылы оған рақымшылық жасалып, жазасын өтеу мерзімі 2 жылға қысқартылды. 2015 жылы Статистика агенттігінің экс-басшысы Анар Мешімбаеваға рақымшылық жасалды. Ол бюджет қаржысын жымқырғаны үшін 7 жылға сотталған еді. Оның жазасын өтеу мерзімі 2 жылға қысқартылды.

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық туралы Заң 2016 жылдың 14 желтоқсанында қабылданып, 2017 жылдың 6 айы бойынша Шығыс Қазақстанда барлығы 236 адам босатылған, - дейді Жанболат Қалетаев.

Следующая →