Заңсыз шерулер кезінде қаза тапқан Ұлттық ұлан сарбаздарын еске алу митингі өтті
Қайғылы оқиға кезінде орын алған көптеген адам өліміне байланысты ел Президенті 2022 жылдың 10 қаңтары Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады
Сұйытылған газ бағасының күрт өсуіне байланысты Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен, Ақтау қалаларында басталған халық шеруі еліміздің барлық аймақтарында орын алған үлкен дүмпуге әкеліп соқты.
Түрлі диструктивті ағымдар бейбіт шеруге араласып, елді арандату арқылы мемлекет тұрақтылығын бұзуға талпынып жатты. Бір ғана өңірде тұтанған шоқ республика бойынша алапат өртке айналды.
Алдын ала дайындалған заңсыз қарулы жасақтар еліміздің бірнеше қалаларындағы стратегиялық және әлеуметтік маңызды нысандарды жаулап алып, бейбіт халықпен қатар құқық қорғау орган қызметкерлерін өлтіруге дейін барды. Заңсыз шерулер Шығыс Қазақстанды да сырт айналып өткен жоқ. Әсіресе, Өскемен, Павлодар, Семей қалаларындағы шеру соңы жаппай қақтығыстарға апарып соқты. Қаңтардың 4-і күні сағат 10.00 шамасында Өскемендегі облыс әкімшілігіне қарама-қарсы орналасқан орталық алаңға жиналған жұрт әкімшілік өкілдерін халық алдына келіп, наразылығын тыңдауын талап етт.
Қала әкімі Жақсылық Омар шеруге келгендердің алдына барғанымен халық арасындағы белгісіз топтар қала басшысына сөйлеуге мұрша бермей, жиналған жұртты әкімшілікке күшпен кіру қажет деген ұрандар тастай бастады.
Алаңға жиналған шамамен мыңға жуық жуық тәртіп бұзушылардың заңсыз әрекетін тоқтатуға полиция қызметкерлерімен қатар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Рүстем Ақбалин бастаған 5518, 6699 және 3477 әскери бөлімдерінің жеке құрамы дереу алаңға жетті. Басы бейбіт басталған шеруді тәртіп сақшыларымен қақтығысқа ұластырмақ болғандар облыс әкімшілігі алдын қорғап тұрған Ұлттық ұлан әскери жасақтарына бірден ашық шабуыл жасауға көшті. Қоғамдық тәртіп бұзушылар арасындағы белсенділер Ұлттық ұландықтарды жаппай «халық» жаққа өтуге үгіттей бастады. Алайда арандатушылардың түрлі қысымдарына моральдық-психологиялық тұрғыда табандылық таныта білген әскери жасақ ешкімнің облыстық әкімшілікке басып кіруіне жол бермеді, - дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі бастығы Бағдат Амангелді.
Дәл сол күні Павлодар қаласының орталық алаңына жиналған мыңнан астам наразы топ тәртіпке шақырған жергілікті әкімшілік өкілдерін тыңдамай, тәртіп сақшыларына ашық шабуыл жасамақ болған.
Алайда 5512 әскери бөлімінің әскери жасағы табандылық пен батылдық таныта отырып, митингке қатысушылардың облыстық әкімшілік ғимаратын басып алуына жол бермеді. Әскери жасақ жұдырықтай жұмылып жауынгерлік шеберлікпен деструктивті топтарды қала алаңынан ығыстырып, оларды толық тарату үшін іздеріне түсті. Өскемен, Павлодар қалаларындағы алғашқы күнгі наразы топтардың қақтығысы екінші күні қайталанған жоқ. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 19 әскери әртүрлі дәрежедегі жарақаттар алды. Оның 8-і Өскемен гарнизоны, 11-і Семей гарнизоны бойынша. Қазіргі таңда барлық жарақат алған жауынгерлер тиісті ем қабылдауда, жағдайлары тұрақты, - дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі бастығы Бағдат Амангелді.
Қайғылы оқиға кезінде орын алған көптеген адам өліміне байланысты Қазақстан Республикасының Президенті-Жоғарғы қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 10 қаңтары Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Осыған орай Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты барлық әскери бөлімдерде жауынгерлік міндетін атқару барысында қаза болған Ұлттық ұланның екі сарбазы: қатардағы Қайсаров Мадияр Оразалыұлы (5547 г. Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімі), қатардағы Аманов Айбат Ерболұлын (Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімі) еске алу митингісі өтті.
Өскемендегі 5518 әскери бөлімінде өткен еске алу митингіне «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Берік Тоқтаров пен Ардагерлер Кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаев қатысы.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы атынан және өз атымнан қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарына, жауынгер достары мен полиция қызметкерлеріне қайғыра көңіл айтамын. Жараланған және ауыр жарақат алғандар тезірек сауығып кетулеріне тілектеспіз! - деді өз сөзінде полковник Берік Тоқтаров.
Бүгінгі таңда, барлық аталған қалаларда жағдай тұрақтандырылып, қала ішіндегі тәртіп қатаң бақылауға алынды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты барлық әскери бөлімнің жеке құрамы бірнеше тәулік бойы батылдық үлгісін танытып, табандылықпен өздеріне жүктелген жауынгерлік міндеттерін жалғастыруда.