ШҚО-дағы "Ұлан" халық театрына 60 жыл
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Ұлан ауданында "30 жұлдызды күн" акциясы өткізілуде
Ұлан ауданында 60 жылдық тарихы бар "Ұлан" халық театрының мерейтойына орай режиссер Асыл Қозықановтың жетекшілігімен "Әке аманаты" спектаклінің премьерасы өтті.
Ұлан ауданындағы өнер қара шаңырағы "Ұлан" халық театрының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Бұл тек театр үшін ғана емес, жалпы қазақ елі мен қоғамы үшін, өнері мен мәдениеті үшін үлкен рухани мереке. Өйткені мұндай театр ашу - өткен ғасырдағы мемлекет қайраткерлері, Алаш ардақтылары мен ел зиялыларының арманы еді. Сонымен қатар, әлемдік интеграцияға бет алған бүгінгі тәуелсіз Қазақстан өнерінің жарқын мазмұны. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Ұлан ауданында "30 жұлдызды күн" акциясы өткізілуде. Осы акция аясында Ұлан халықтық театрының 60 жылдық мерейтойына орай "Әке аманаты" спектаклінің премьерасы өтті.
Бүгінгі күні 60 жылдық тарихы бар біздің театр - шығыстағы белді театрлардың бірі де бірегейі болып саналады. Театр сондай-ақ облыстық конкурстардың номинанты және жеңімпазы екенін атап өткім келеді. Біздің ардагер ата-апаларымыздың ісін талантты жастар жалғастырып келе жатқанына қуаныштымын. Барлық әртістерге тамаша қойылым үшін алғысымды білдіремін және шығармашылық табыс тілеймін. Театрымыздың мәртебесі өсе берсін, - деді аудан әкімі Ренат Құрманбаев.
Өткен тарихқа көз жүгіртер болсақ, Ұлан аудандық театрдың алғашқы шымылдығын 1961 жылы Сағидолла Мұқашев, Құмырзақ Кесікбаев сынды тұлғалар түрген болатын. Ал 1967 жылы ресми түрде "Ұлан" халық театры деген атақ берілді. Міне, содан бері бұл өнер ошағы талай-талай асулардан өтті. Атап айтсақ, 2011 жылы Семей қаласындағы Абай театрында өткен облыстық фестивальде Сәкен Жүнісовтің "Жаралы гүлдер" драмасы үшін 2-ші орынға ие болды; 2012 жылы Жамбыл театрында өткен облыстық байқаудан 3-ші орынға ие болған. Қазіргі таңда өнер ошағында 20-дан астам адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, театр шығыс өңірінің түкпір-түкпіріне, шет жатқан ауылдарына дейін гастрольдік сапарға шығуды дәстүрге айналдырған.
Ауыл халқы қуана қарсы алады. Халықтың өнерге сусап қалғаны байқалып тұрады. Балаларға ертегілер, үлкендерге сахналық қойылымдар қоямыз. Соңғы жылдары еліміздегі пандемеяға байланысты ауыл-ауылға шыға алмай қалдық. Десе де жарқын күндеріміз алда деп үміттенемін. Театр халық үшін ашылғандықтан, халыққа қызмет ету - театрдың міндеті, - дейді аудандандық мәдениет бөлімінің басшысы Мейіржан Әлібеков.
Осы орайда айта кетейік, Қазақстанда қазіргі уақытта алпыс шақты театр бар. Тәуелсіздік алғаннан бері елде 20-ға жуық театр ашылған екен.