ШҚО-да ақындар айтысы өтті
Көкпекті ауданында Тәуелсіздік мерекесіне арналған ақындар айтысы тартысты өтті
16 желтоқсанда да аудан орталығы Көкпекті ауылында "Егемен елім еңселі" атты жыр додасы дүбірледі. Қалихан Алтынбаев атындағы өнер сарайының сахнасында тағы да сегіз ақын өнер көрсетті.
Залға көрермен аз жиналса да айтыстағы ақындардың шеберлік деңгейі жоғары болды.
Әділқазылар алқасының шешімімен бас жүлдені (300 мың теңге) Түркістаннан келген Гүлжан Ықыласқызы алса, 1-орынды (200 мың теңге) Көкпектінің бас ақыны Фархат Маратұлы еншіледі. 2-орын (150 мың теңге) Аягөздің асау жүйрігі Әлішер Қыдырбекке бұйырса, 3-орынды (100 мың теңге) Көкжота ауылының перзенті Аян Советұлы қанағат тұтты. Жыр сайысына қатысқан ақындар да, әділқазылар да, ұйымдастырушылар да Көкпектінің "азаттықты айтыс-пен қарсы алған жалғыз аудан" екенін жарыса айтып жүрді.
2022 жылы наурыз айында аудандағы ауқымды іс-шаралардың басы тағы да төл мұрамыз, ақсүйек өнеріміз айтыспен басталмақ. Ауданның бірнеше ауылында айтыс ұйымдастыру биылдан бастап жоспарлануда.