ШҚО-да қатерлі ісікті емдейтін алтын стандартқа ие аппарат іске қосылды
Алғашқы өскемендік пациентке кешенді терапиялық ем тағайындалды
Аймақ тұрғындарын қолжетімді, сапалы, әрі жоғары технологиялы медицининалық көмекпен қамту бағытында өңірімізде бірқатар айтулы бағдарламалар мен жобалар қолға алынып, жүзеге асуда. Мәселен ШҚО Көпсалалы Онкология және Хирургия орталығына партиямыздың сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша "Жол картасы" аясында Elekta фирмасының Versa HD деп аталатын ең соңғы үлгідегі желілік үдеткіші алынған болатын. Енді, міне, сол үдеткіш іске қосылды. Бұл туралы депутат Гүлмира Сагидулина мәлімдеді.
Сайып келгенде, олар жерлестеріміздің өмір сүру сапасын жақсарта түсуге мұрындық болады. Әлбетте, депутат ретінде осы елеулі жұмыстардың басы-қасында жүргенім, олардың орындалуына өз үлесімді, жауапкершілігімді салуым мен үшін де үлкен міндет, абырой, - дейді Гүлмира Сагидулина. - Ең бастысына тоқталсам. Естеріңізде болса, бұған дейін ШҚО Көпсалалы Онкология және Хирургия орталығына партиямыздың сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша "Жол картасы" аясында Elekta фирмасының Versa HD деп аталатын ең соңғы үлгідегі желілік үдеткіші алынды. Бүгінге дейін оны монтаждау-реттеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асты, қосымша біз өз мамандарымыз – радиолог, физик-инженерлерімізді осы замануи қондырғыда қызмет етулерін жетілдіру үшін жаңа білім алып қайтуға шет елдің үздің клиникаларына дәріске жібердік. Енді міне, көптен күткен желілік үдеткіш іске қосылды, осы қондырғы арқылы алғашқы пациенттерімізге ем-дом жүргізуді бастап кеттік. Мәселен, облыс орталығының П есімді азаматына кешенді терапиялық ем жүргізу үшін осы аппарат арқылы 20 сеанс тағайындалды.
Жалпы, қатерлі ісіктер медицинасында алтын стандартқа айналған аппараттың көмегімен барынша нақты әрі қарқынды терапия жүргізіледі. Инновациялық құрал-жабдық радиотерапияның барлық түрлерін жүргізе алады. Сәулелі терапия барысында науқастың дене пішіні, қозғалысы, дем алысы ескеріледі. Нәтижесінде сәулелер ағзаның өзге органдарына зиян келтірмей, тек қатерлі ісіктің ошағына түседі.
Жаңашыл технология көмегімен қатерлі ауруға шалдыққан жандардың өмірін ұзартуға мүмкіндікті барынша пайдалануға тырысамыз, осы ретте мен өз әріптестеріме және біздің пациенттерімізге барынша позитивті көңіл-күй, өз күштеріне деген сенімдерін жоғалтпай, болашаққа сеніммен қарауға шақырамын! - деді депутат.