Жаңаөзен ауылының бір көшесіне Тұрсынхан Әбдірахманованың есімі берілді
Қазақстанның халық жазушысы, белгілі қазақ ақыны, филология ғылымдарының докторы Тұрсынхан Әбдірахманова есімі қалың қазаққа өзінің өршіл өлеңдерімен жақсы таныс. Тұрсынхан Әбдірахманованың туғанына 5 қараша күні 100 жыл толды
Халқымыздың аяулы ақыны, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Тұрсынхан Әбдірахманованың туғанына биыл - 100 жыл. Осы атаулы күнге орай Ақжан ауылдық округінің Жаңаөзен ауылының бір көшесіне қаламгердің есімі берілді. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында жауқазын жырларымен жұрт жүрегін жаулаған ақын рухына тағзым етілді. Елі еңбегін ескеріп, ескерткіш қойған. Көше тұрғындарына аудандық бюджеттің есебінен көше атауы жазылған арнайы тақтайшалар табыс етілді, оны пайдаланушылар QR-коды арқылы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректермен таныса алады.
Өлгендердің бәрі ұмытылады. Шебер де, шенеунік те, бай да, батыр да, шешен де, көсем де ұмытылады. "Өлсе" де өлмейтіндер аз. Солардың бірегейі жерлесеміз - Тұрсынхан Әбдірахманова. Бүгін, міне, сол кісінің атына көше беріліп отыр. Тақтайшаның шекесіндегі QR-код арқылы жерлесіміз туралы мағұлмат ала аласыздар. Қазіргі мына дамыған заманда бәрі оңай әрі жылдам, тиімді етіп ойластырылған. Осындай қазақтың мандайына біткен ақын қызымыздың жерлесі екенімізді мақтан тұтамыз, - деді ауыл тұрғыны Зейнеш Алмабаева.
Бұдан соң мекеме, ұйым өкілдері аудан орталығындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.
- Ақынның қай өлеңін оқысаң да тұнып тұрған философия, елжандылық, махаббат, адамгершілік. Бүгінгі күн соны дәлелдеп отыр. Қазақтың небір игі жақсылары ақынымызға таңдай қағып, шығармашылық өмір жолын әуелетіп айтып отырды. Осынау қуаныш үстінде жерлестері - біз шалқып отырдық, - дейді Жарма ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожин.
Тұрсынхан Әбдірахманованың 100 жылдығына орай кітаптардан және мерзімді басылым беттеріндегі мәліметтерден тұратын көрме ұйымдастырылды. Тұрсынхан Әбдірахманова әдебиетке өз үлесін қосып, қаламынан "Жұлдыз", "Бұлбұл", "Жалғыз ағаш", "Келіңіз", "Қазақстан" атты өлеңдер туған. Қазақ поэзиясында өзіндік үнімен есте қалды. Тағылымды жиында ақынның өшпес өлеңдері оқылды.