Тарбағатайдың апайтөс балуаны - Молдабайдың есімі ұлықталды
Тарбағатай ауданы апайтөс балуандарға қашанда кенде болмаған. Солардың бірі - заманында Орта жүздің ұранына айналған Төкеұлы Молдабай балуанға арналып Ақсуат ауылынан ескерткіш мүсіні бой көтерді
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында пандемияға қарамастан еліміздің руханиятын көтеретін бастамалар ары қарай да жалғасын табуда. Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің арқасында өткенімізді түгендеп, тұлғаларымызды қайта танып жатырмыз.
Күрес өнері - қазақтың қанында бар спорт түрі болғандықтан, боз кілемде белдесуде балуандарымыз күллі әлемді талай рет тамсандырды. Шежіре жолдарына тереңірек үңіліп, өткенге көз жүгіртсек, ел арасындағы қазақ күресінің өсіп-өркендеу, даму жолының өзгеше, өзіндік сыр-сипаты бар екендігін аңғарамыз. Сондай өз заманындағы күрес өнерінің тума таланты, майталманы деп Төкеұлы Молдабай балуанды айтуымызға әбден болады.
Ұрпақтары араға жылдар салып Төкеұлы Молдабай балуанның елеусіздеу қалған есімін қайта түлетіп, ортамызға оралтқандай. Апайтөс балуаның ескерткіш мүсіні ашылған салтанатты шараға ел-жұрт тайлы-тұяғымен қалмай тегіс жиналған. Тұлпар мініп, күш тірескен балуанның мүсіні ауылдың қақ ортасынан орын тепті. Еңселі ескерткіштің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ерсін Ескендіров Молдабай балуанның рухын асқақтатып, ерлігін келер ұрпаққа жеткізу - негізгі мақсатымыз екендігін, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие көрсететін игі істер алдағы уақыттарда да жалғасын табатынын атап өткен. Сондай-ақ, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-приезиденті, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы Бәделхан Камалханұлы, ақын жерлесіміз Мақпал Маратқызы, балуанның ұрпақтары жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Осы ескерткішті орнату үшін қаншама жұмыстар жасалды, атсалысқан ауыл азаматтарының әрқайсына алғысымыз шексіз. Тәуелсіздік, Рухани жаңғыру деген осы шығар, - дейді Модабай балуанның ұрпағы Ардақ Қасенов.
Осылайша кезінде Балуан Шолақ, Қажымұқандармен деңгейлес болған балуан есімі тарих төрінен өз орынын тауып, жас ұрпақтың жадында жаңғыра түсетін жағдайға жетті. Спорт мектебінің алдынан бой көтерген ескерткіш жаттығуға келген әр жас өренге рух беріп, қанаттандырып тұратыны анық.