Айнабұлақта 150 орындық мәдениет үйі салынуда
Зайсан ауданына қарасты Айнабұлақ ауылында 150 орындық мәдениет үйі салынып жатыр. Енді ауыл халқының мерекелік шараларын өткізер өз өнер ордасы болады
Ауылдардың жағдайын жақсартып, ауыл халқының тұрмыс өресін көтеру үшін қолға алынған "Ауыл - ел бесігі" жобасы аясында Зайсан ауданы, Айнабұлақ ауылында 150 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Айнабұлақ елді мекені күн санап көркейіп келеді, 1715 тұрғын қоныстанған ауылда бүгінде бірнеше нысан бой көтеріп, ғимараттары жөнделуде.
Тәуелсіздік жылдары алғаш ашылғалы отырған мәдениет үйінің бірінші қабатының жұмыстары аяқталуға жақын. Жұмысшылар бір мезгілде ішкі әрлеуін де қолға алған. Нысанның бір бөлігін тұтасымен 150 орындық көрермен залы алып жатыр. Орта бөлігі ұжым қызметкерлеріне арналса, тағы бір бөлігінде кітапхана орналасады. Жоғарғы қабаттағы бөлмелер эстрада және театр өнері, бейнелеу тағы басқа үйірмелерді өткізуге жабдықталады, - дейді Айнабұлақ ауылының әкімі Әділ Қаламов.
Екі қабатты нысанда бір мезетте 25 адамды қабылдайтын кітапхана да орналасады. Кітап қорында 16-18 мың әдеби оқулық болады деп жоспарлануда. Ғимарат ашылған соң жергілікті тұрғындардың шамамен 35 пайызына жұмыс орны беріледі. Қазір құрылыс басында 30-дан астам жергілікті азамат жұмыс істеп жүр. Бұл жұмыспен мердігер "KAZPROFSTROYHOLDING" ЖШС компаниясы айналысып жатыр. Мердігер компанияның басшысы Мейіржан Әбілхасовтың айтуынша, мәдениет үйінің құрылысы 2021 жылдың мамыр айында басталған.
Келісімшарт бойынша құрылыс жұмыстарының аяқталу уақыты 2022 жылдың мамыр айына жоспарланған екен. Қазіргі таңда екі қабатты нысанның бірінші қабатының жарты жұмысы аяқталған. Бұл құрылыс жұмысына облыстан 355 миллион 871 мың 329 теңге қаражат бөлінген.
Ауылдың мәдени саласын дамыту мақсатында салынып жатқан мемлекеттік мекеме - Мәдениет үйін айнабұлақтық тұрғындар көптен күтті. Мәдениет үйінде балалар мен үлкендерге де арнайы әр түрлі үйірмелер ашу жоспарда бар екен. Мәдениет үйінің басшысының айтуынша, алда атқарылар шаралар тізбегі өте көп. Болашақта хореография, вокал, театр, домбыра ұжымдары ашылмақ.
Біз жұмысты белгіленген кестеге сәйкес жүргізіп жатырмыз. Қазір құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталып тұр. Келер жылдың мамыр айының аяғына дейін бітіріп, пайдалануға беру жоспарлануда. Ішінің жұмыстары жартылай басталып кетті, - дейді мердігер компанияның басшысы Мейіржан Әбілхасов.
Ауылдардың дамуы ел экономикасының өркендеп, азаматтардың жұмыспен толықтай қамтылып, халықтың тұрмыс деңгейінің өсуіне өте үлкен әсер етеді.