Өскемен
пасмурно
-4°
  • Өскемен
    -4°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -7°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -5°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -7°
  • Тараз
    +3°
  • Туркестан
    +5°
  • Шымкент
    +7°
$
498.34
+3.47
519.72
-0.93
¥
68.79
+0.45
4.85
-0.06
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

А. Серікқызы: "Қобыз үнін құлағыма сіңіріп өстім"

Ескендір Хасанғалиевтің әндерін орындаушылар арасында өткен халықаралық байқауда зайсандық Айсұлу Серікқызы мен семейлік Медетпек Қырым бас жүлдені иемденді

Усть-Каменогорск и ВКО / А. Серікқызы: "Қобыз үнін құлағыма сіңіріп өстім"
Фото:
А. Серікқызының жеке мұрағатынан

Алматы қаласында Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лау-реаты, әнші-композитор, "Отан" орденінің иегері Ескендір Хасанғалиевтің әндерін орындаушылар арасында V халықаралық "Екі жұлдыз" ән байқауы өтті. Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен барлығы 40-қа жуық жас әншілер қатысты. Айтулы дода мақсаты - Ескендір Хасанғалиев туындыларын насихаттаумен бірге қазақ ұлттық эстрада әндерін орындаушылардың шеберлігін шыңдау, талантты жастардың жолын ашу.

Қырыққа жуық талант қатысқан байқауда жерлестеріміз - Зайсан қаласының тумасы Айсұлу Серікқызы мен семейлік Медетпек Қырымовтың жұбы бақ сынады. Сан бұлбұлдың арасынан үндері ерек шыққан екеуі байқаудың бас жүлдесін қанжығалады.

Осы орайда бала күнінен өнерге жаны құмар Айсұлумен сұхбаттасудың реті келді. Өзі қазір С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да "Музыка пәні мұғалімі" мамандығының 2-курс студенті.

5.jpg

Алдымен оқырмандарға өзіңіз жайлы ақпарат бере кетсеңіз...

- Мен 2001 жылы Зайсан қаласында қарапайым, өнерлі отбасында дүниеге келдім. Отбасымызда 5 ағайындымыз. Үйдің үлкені - мен, менен кейін артымнан ерген сіңілім және 3 інім бар. Әкем мен анам Зайсанда құрылыс компаниялардың бірінде жұмыс жасайды, бізді адал еңбектерімен асырап жүрген қарапайым жандар.

Өнер жолына қалай келдіңіз. Кім себепші болды?

- Өнер жолына келуім - бала кездегі арманымның ақталғаны деп білемін. Кішкентай кезімнен ән айтамын. Балабақшадан бері әр түрлі байқауларға қатыса бастадым. Кейін мектеп қабырғасында жүргенде аудандық үлкен конкурстарға қатысып, алдыңғы орыннан көрініп, топ жарып жүрдім. 11 жасымнан бері қолымнан қоңыр қобызымды тастамай, қазақтың дәстүрлі әндерімен өсіп келемін. Қобыз үнін құлағыма жастайымнан сіңіріп өстім. Туып-өскен өлкем - өнер тұнған өңір. Қазақ өнерінің біртуарлары өмірге келген өңір. Мен де сол қасиетті өнер көшіне ілесіп келе жатқан, арманы мен мақсаты айқын қыздарыныздың бірімін. Бала қиялымда әнші болуды армандадым. Ал анам "дәрігер болса екен" деуші еді. Дегенмен әнге деген құмарлық, қобыз тартуға деген махаббат музыка факультетіне жетелеп әкелді. Ал өнер жолына келуіме бірден-бір себепші адам ол - менің анам. Анамның арманы басқа болса да бала арманыма балта шаппай, керісінше ең алғаш аудандық үлкен сахналарға дайындап, жетелеп шағарды. Байқаулардан топ жарып, жеңіске жетіп жүргенімді көргеннен кейін, мені арнайы музыка мектебіне беріп, кәсіби түрде білім алуыма үлкен көңіл бөліп, қолдау жасады. Осы тұста анашыма үлкен алғыс айтқым келеді.

Өнердегі ұстаздарыңыз кім?

- Мен қандай жетістікке жетсем де әуелі Алла, одан кейін ата-анам себепкер. Өмірдегі ең алғашқы ұстаздарым - ата-анам. Өнердегі алғашқы ұстазым, бас жол бастаушым Зайсан қаласының мәденит үйінде ұстаздық қызмет атқарып жүрген Балынбек Өрімханов. Кейін музыка мектебінде вокал және сольфеджио, қобыз сабағынан берген Гүлназ Оспанғалиева және сол мектептің директоры Венера Әділбаевадан білім алдым. Ұстаздың өзгелерден ерекшелігі, жарқын бейнесі, тұлғасының таудай биіктігі, әрбір адамға деген зеректілігі айғақ болуға тиіс. Менің қазіргі университет қабырғасын-дағы өнерге баулып жүрген тәлімгерім Татьяна Шаймарданова хор және дирижерлеу пәнінің ұстазы, студенттер қауымының жанашыры, анасы, бәрімізге өнер саласына бастау берген ақылшымыз.

Әншілік қасиет сізге кімнен дарыған деп ойлайсыз?

- Әншілік текте болатын ерекше қасиет. Әншілік бабамның қанымен, анамның сүтімен дарыған өнер деп айта аламын. Менің нағашы және өз жұртым да өнерлі адамдар. Әсем дауыс маған Алланың берген сыйы деп ойлаймын. Одан соң әкем мен анамнан дарыған асыл қасиет. "Әу" демейтін қазақ жоқ дегендей, ата-анам да өнерлі жандар. Осы кісілердің арқасында кішкентайымнан қазақтың ұлттық өнеріне, ұлттық аспаптарына жақын болып өстім.

Ескендір Хасанғалиевтің әндеріне арналған "Екі жұлдыз" ән байқауынан бас жүлдені иелендіңіз. Байқауда жеңіске жету қиын болды ма?

- Бұл байқау - Қазақстандағы ең үлкен байқаулардың бірі. Тасада жүрген таланттарды танытуға, қазақ жастарын көтеруге бағытталған керемет мүмкіндік. Жобаға қатысушылардың бәрі "сен тұр - мен атайын" деп тұрған нағыз талант иелері. Байқаудың өзі екі бөлімнен тұрды және екі күнге созылды. Бірінші бөлім - Екендір Хасанғалиевтің қоржынындағы әндер болса, екінші бөлім еркін тақырыпта болды. Байқау барысында еш қорықпадым деп айта алмаймын. Қаншама өнерпаздардың арасынан суы-рылып шығып, топ жару оңай болған жоқ. Кішкентай болсын, үлкен болсын, әр сахнаға шыққанда қобалжу болады, бірақ соның барлығын ақылмен, оймен дер кезінде жинақтау қажет. Түрлі кішігірім байқауларға қатысып тәжірибе жинап келемін. Бұл - мен үшін тек бастамасы.

Қырым Медетпекпен бірге дуэтте ән айттыңыздар. Қасыныздағы жұбыңыз Семей қаласында, сіз Өскемендесіз. Жалпы бұл жұп қалай құрылды?

- Мен бір жылдары Зайсаннан арнайы ауысып Семей қаласына келдім. Яғни, денсаулық жағдайыма байланысты 1-2 жыл мектепті осы Семейде оқыдым. Сол өзім оқыған мектепте байқауда бірге дуэт болып өнер көрсеткен Медетпек Қырымовпен таныстым. Ол кісі менен үш сынып жоғары оқыды. Жалпы екеуімізді таныстырған осы өнер болды. Себебі ол кісі де музыка мектебінде оқыды, қазіргі таңда музыка пәнінің мұғалімі. Сол мектеп кезден танысып, білісіп бірге сахналарда өнер көрсететінбіз. Кейін мен Өскемен қаласына оқуға түстім, ол сол өз қаласында қалып қойды. Бірақ әлеуметтік желілерде хат-хабар алмасып тұрдық. Осы байқау болады дегенде бірден бір-бірімізге хабарласып, дуэт болып баруды шештік. Дайындық барысы да оңай болған жоқ. Себебі өздеріңіз білетіңдей қазіргі елімізде болып жатқан пандемия кезінде барлығы онлайнға көшкенде, біз де сол үрдісті бұзбадық. Яғни, онлайн дайындалдық. Кейін Алматыда бірге дайындалуға екі күн уақытымыз болды. Сол екі күнді бос жібермей, күні-түні дайындалып, нәтижесінде жеңіске жеттік. Ескендір Хасанғалиевтің "Гүл сезім" және "Сағындың ба?" деген екі әнін орындадық. Қыдырәлі мен Қарақат, Жанболат пен Жазира, Қанат пен Света аға-әпкелеріміз сияқты отбасылық дуэт болмасақ та, өнердің биігінен көріну арманымыз.

Сіздің жұлдызыңызды жаққан "Екі жұлдыз" байқауы деуге келе ме?

- "Екі жұлдыз" - еліміздегі жылда өтетін ең үлкен байқауладардың бірі. Телевизиялық байқау болғандықтан түгел ел тамашалай алады. Әлеуметтік желідегі қаралым саны бір аптаның ішінде екі жүз мыңға жетті. Барлығы оң пікір білдіруде. Халықтың ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөлену, әнді тыңдарман жүрегіне жеткізу - басты мақсат. Елдің қолдауы мен тілеуі мені қанаттандыра түсті. Халық сенімін ақтауға барымды саламын.

Даусыңызға арнайы күтім жасайсыз ба?

- Әрине, күтім жасау қажет. Күнделікті ән айтып, дауысты шынықтырамын. Дауыстың да қалыбы бар. Сол формадан ауытқуға болмайды.

Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Арман адамды алысқа жетелейді. Болашаққа арман да, мақсат та, жоспар да көп. Дәл қазір оқуымды үздік аяқтауым керек. Алдағы уақытта халықаралық сайыстарға қатысып, қазақ елін, қазақ өнерін әлемге танытып жүрген аға-апаларымның ізін жалғасам деген арманым бар. Өзім білім алып жатқан саланы жетік меңгеріп, болашақта өнерлі оқушыларды тәрбиелеп шығарсам деймін.

Әдемі әңгімеңізге рақмет! Бұдан да биік белестерден көрінуіңізге тілектеспіз!
Следующая →