Катонқарағай ауданында мурал салатын суретші тұрады
Мурал - бұл ғимараттың немесе құрылымның қабырғасына салынған үлкен сурет. Қазіргі кезде сурет өнерінің бұл түрі елімізде кеңінен тарап отыр. Әсіресе, түрлі тақырыптардағы, белгілі бір ойды жеткізетін муралдардың саны артуда
Негізі мурал салу бұл адамзат үшін жаңашылдық емес, себебі мұндай өнер туындыларын ежелгі адамдар үңгірлерде өмір сүрген кезден тасқа қашап сала бастаған. Ең ежелгі муралдарға б.з.д. 30 000 жылдары салынған Франциядағы Чаувет үңгіріндегі суреттер жатады екен. "Мурал" сөзі латынның "мурус" сөзінен шыққан, "қабырға" дегенді білдіреді. Леонардо да Винчи және Микеланджело Буонарроти сияқты көптеген суретшілер сүйетін бұл өнер 1920 жылдары өркендеген.
Сонымен қатар, архитектураның, дизайнның дамуына қарай, мурал интерьер және экстерьердің элементі ретінде қолданылады. Бірінші жағдайда, бұл үлкен сурет, көбінесе толық форматта, бүкіл қабырғаға салынған, ол залды, қонақ бөлмені, кең бөлменің қабырғасын безендіреді. Екіншісінде - мурал ғимараттың сыртқы жағында бейнеленеді.
Қазір муралдар сөз бостандығы мен әлеуметтік белсенділіктің қуатты құралы болып табылады. Олар өнерді қоғамға тартудың маңызды аспектісі болып саналады және өнер мен саясат арасындағы қарым-қатынаста маңызды рөл атқарады.
Мурал салуды қағаз бетіне сурет салумен салыстыруға болмайды. Біріншіден, суретші алып суреттерді салуға жаттығу керек. Екіншіден, қабырғаның биігіне көтерілетіндей арнайы техника мен құрал-жабдықтар қажет.
"Мурал салу қиын болған жоқ"
Катонқарағай ауданында білімді, білікті, тәжірибелі қылқалам шебері Қуаныш Қабидоллаұлы тұрады. Бала кезінен сурет өнеріне жақын болып өскен ол бүгінде еліміздің белді суретшілерінің бірі және соңғы уақытта мурал салумен де айналысып жүр.
Мен үшін мурал салу қиын болған жоқ. Қайткенмен кәсіби суретшілікте оқыған білімім, қанша жылдық тәжірибем бар. Мысалы, алғашқы салған муралыма 2 апта уақыт қажет болды. Ал Катонқарағай ауданындағы муралды салуға 1 ай уақыт кетті. Бұл муралды салу туралы ұсынысты аудан әкімі Ділдар Қалиқанұлы ұсынған болатын, - деп түсіндірді суретші.
Дәл осындай қабырғаға салынған сурет күннің ыстығында, жауын мен қарлы күндері де далада халықтың көзі мен жүрегіне жылулық сыйлап тұрады. Салынған мурал бірнеше жыл сапасын жоғалтпай тұру үшін оны салуға сапалы құрал-жабдықтар қажет.
- Муралды салу үшін қымбат, сапалы бояулар қажет. Әрине оларды ауылдан, ауданнан табу қиын, дегенмен қалада олар бар. Біз қажеттінің барлығын арнайы қаладан алдырдық - деп қосты Қуаныш Қабидоллаұлы.
Бүгінде мурал қалалардағы көше өнерінің танымал түрі.
Өнері өмірінің бөлшегі
Қуаныш Қабидоллаұлы Абай ауданы, Қарауыл ауылының тумасы, бала кезінен әкесі Қабидолла Ілиясұлының құмарлана салған суреттеріне қарап өскендіктен, өзі де қаламды қолға алмас бұрын, қылқаламды ұстаған. Кейін мектеп қабырғасын аттаған соң, суреттің жанрларымен, сурет өнерінің тарихымен тереңірек танысып, өзінің бойына дарыған өнерін дамыта түседі. 4-11-сыныптарды Абай ауданындағы балалар көркем сурет мектебінде оқиды, 2008 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтында бейнелеу өнері және сызу мұғалімі мамандығына түсіп, өзінің мектеп қабырғасында алған білімі мен біліктілігін дамыта түседі.
Бүгінгі уақытта Қуаныш Қабидоллаұлы Қатонқарағай аудандық балалар шығармашылық үйі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары әрі бейнелеу студиясы үйірмесінің жетекшісі.
Шәкірт тәрбиелеу оңай емес, дегенмен өз ісіне деген сүйіспеншілігі бар адам үшін бұл еш қиындық пен кедергі келтірмейді. Өзі ұстаздық еткен кезеңнен бастап есептегенде сурет салуға қызығушылығы мен құмарлығы бар 100 шақты шәкірт тәрбиелеп шықты. Сол шәкірттердің ішінде суретішілікті болашақ мамандығы ретінде таңдағандар да бар екен.1-11-сынып оқушыларына сурет салу курстарын жүргіземін. Әр сыныптың оқушыларына әртүрлі деңгейдегі суреттерді салғызып, сурет өнерінің бастапқы қадамынан, яғни, геотмериялық фигураны салудан бастап, портрет, күрделі натюрморттың қыр-сырын жетік жеткізуге тырысамын, - дейді ұстаз.
Бекарыс Құдайбергенов Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне "графика мамандығына" оқуға түсті. Мақпал Толықпаева деген шәкіртім Грузия, Өзбекстан сынды шетелдерде өткен байқауларға қатысып, жүлделі орындар алды. Соның арқасында бүгінде Талдықорған қаласындағы өнер мектебінде оқиды және болашағын сурет өнерімен байланыстырғысы келеді. Сельма Шамран деген шәкіртім архитектура мамандығына түсуді армандап жүр, - деп атап өтті Қуаныш Қабидоллаұлы.
Қазіргі таңда талантты суретші, талапты ұстаз жасөспірімдерге сурет өнерінің қыр-сырын үйретумен бірге, жас таланттарды ұштау үшін тынымсыз еңбек етуде.
Елу шақты туындының авторы
Пабло Пикассо: "Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді" деген екен. Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Нұрсадықов Құдаш, Тұрғанбаев Ержан ағаларымыз және де Бекбердинова Гүлнар облысымыздағы суретке жаны құмар суретшілердің басын қосып, "Жаңғыру" суретшілер бірлестігін құрады. Бұл бірлестік облысымыздағы халық арасында қатты танымал болмаса да, туындылары кез келген адамды таңқалдыратын, тамсандыратын қылқалам иелері мүшелік етеді. Бүгінде олардың қатарында 20-дан астам суретші бар. Олар бірін-бірі қолдап, түрлі көрмелер, кештер ұйымдастырып, байқауларға қатысады.
"Жаңғыру" суретшілер бірлестігі 2019 жылдың желтоқсанында құрылды. Осы уақытқа дейін біздің туындыларымыз облыстық өнер мұражайында, Оралхан Бөкей және Пушкин атындағы кітапханаларға қойылды. Кейде белгілі бір жанр айналасында, кейде әр түрлі жанрда суреттер салып, көрмеге шығарамыз, - деп түсіндірді суретші.
Қылқалам шеберінің негізі ерекшелігі - оның еңбектерінің бояуы қанық, композицияға бай, сонымен қоса адамның жан дүниесіндегі рухани толқыныспен үндестік табатын нәзік сезімге құрылған, ортаны түйсіну, сезіну арқылы жаратылысқа басқаша көзбен қарайтын өнер иесі. Мысалы, Қуаныш Қабидоллаұлы тапсырыспен түскен суреттерді бір апта көлемінде салса, ал өзінің шабыты келген кезде, қиялдан, ізденістен туындайтын бір картинасына бір ай уақыт жұмсауы мүмкін.
Суреттің жанрлары қандай сан алуан болса, олардың салыну жолдары, техникасы да әртүрлі болады. Мысалы, мен майлы бояулармен сурет салғанды ұнатамын, - деп түсіндірді Қуаныш Қабидоллаұлы.
Осы уақытқа дейін шамамен 40-50 туындының авторы болған Қуаныш мырзаның қолында қазір небары 3-4 картинасы ғана қалыпты. Қалған туындыларының кейбірі мұражайға тапсырылса, енді бірі өз иесін тауып, сатылып кетті.
Айта кету керек, Қуаныш Қабидоллаұлының сурет өнеріне қосып жатқан елеулі үлесі лайықты марапатын алуда. 2017 жылы ол халықаралық "Шабыт" фестиваліне қатысып, алғыс хатпен марапатталады, 2019 жылы облыстық "Жастар шығармашылығы" байқауында ІІ дәрежелі дипломының иесі атанады. Сол жылы қоғамдық жұмыстағы белсенділігі үшін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын алады.