Аягөздік жас сарбаз республикалық байқаудың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды
Аягөз қаласы №6 жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып жас сарбаз оқушысы Сымбат Жамбырғазинов ұстазы запастағы лейтенант Жұмағали Қабдешұлының жетекшілігімен "Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам" инновациялық идеяларды ұсынатын республикалық байқаудың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі мәлімдегендей, аталмыш байқауда жас өнертапқыш «Жетілдірілген лазерлік қарумен жабдықталған Т-72/2021 танкі» үлгісін жасап, «Әскери техника саласындағы техникалық құрастыру» бағыты бойынша үздік деп танылды. Жас талантқа танк үлгісін жасау идеясы Аягөз гарнизонының танк әскери бөліміне барған кезден бастап пайда болыпты.
Мен ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам ғылыми жобасында "Жетілдірілген лазерлік қарумен жабдықталған Т-72/2021 танкісі" моделін жасап, облыстық сайыста бірінші орынға ие болып, республикалық кезеңге жолдама алдым. Алдағы уақытта ҚР ҚК осындай танкінің моделдері құрастырылатын болса, өз септігін тигізеді деген ойдамын, - деді жас сарбаз сыныбының оқушысы Сымбат Жамбырғазинов.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының "Дарын" қосымша білім беру мен дарындылықты дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған сайыстың негізгі мақсаты – білім алушыларды ғылым мен техниканың әр түрлі салаларында зерттеу, өнертапқыштық қызметке тарту, дарынды балаларды қолдау, тұлғаның шығармашылық құзыреттілігінде бәсекелестік артықшылықтарын қалыптастыру үшін жағдай жасау болып табылады. Олай болса, тек биік шыңдарды бағындыруды армандайтын талабы таудай жас сарбаз жарыстың республикалық кезеңінде топ жарып, биік белестерді бағындыратына сенімдіміз.