Тарбағатайда балық өңдейтін кәсіпорын аул тұрғындарының 70%-ын жұмыспен қамтып отыр
Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында орналасқан "Рыбаки Зайсана" кәсіпорны ауыл тұрғындарының 70%-ын жұмыспен қамтып отыр
Аудандағы өндірісі ілгері басқан, бәсекеге қабілетті, өнімдері сұранысқа ие кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорынның алға қойған мақсаты - өз өнімдерін экспортқа шығару. Осы мақсатта кәсіпорын технологиясын модернизациялауға белсене кірісіп кеткен.
Тұғыл ауылдық округіндегі "Рыбаки Зайсана" өндірістік кооперативі ауданды балық өнімдерімен лайықты түрде қамтамасыз етіп отырған іргелі ұжым. 2003 жылы құрылған балық өңдеу кәсіпорынының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығая түскен. Балық шаруашылығы саласына еңбегі сіңген қызметкер Өтепбай Рүстемов басқаратын кооператив бүгінгі таңда мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Бұл өндірістің құрылғанына 20 жылдай уақыт болды. Қазіргі таңға дейін қызмет мерзімін екі рет ұзартып, қайта бекіту жасадық. Осы тұрғыда облыс әкімі Даниал Ахметовке алғыс айтамыз. Өйткені сол кісінің арқасында биыл тағы да 5 жылға қайта ұзартып, бекітіп алдық. Ең бастысы - балық шаруашылығын дамыту. Осы тұрғыда бізге балық аулау ғана емес, сонымен қатар балықты өсіру, көбейту керек. Енді эвронөмірге рұқсат алуға жанталасып жұмыс істеп жатырмыз, - дейді Өтепбай Рүстемов.
Кәсіпорында жұмыс істеп жүрген қызметкерлер айлықтарын уақтылы алатындарын, жұмыстары өздеріне ұнайтындығын айтады.
Мен осы жердің өңдірістік шебері ретінде жұмысымыздың әрі қызықты, әрі сапалы екенін айта аламын. Осы өңдірісте жұмыс істегелі отбасымызды асырауға артығымен жететін жалақымызды да уақтылы беріп отыр. Бір күндік жұмыс жоспарымыз жайлы қысқаша айтқанда: тоңазытқыштан балықтар шығарылып, арнайы техникада балықтар аршылып, тазаланады. Дайын аршылған балықтар арнайы мамандардың алдына түседі. Олар тазалап жуып, кептіріп, қайта құрғақ күйінде тоназытқышқа салады. Дайын балықтардан сұранысқа байланысты әр түрлі өнімдер жасап шығарамыз, - дейді өндірістік шебер Мақпал Жүнісова.
Аталмыш кәсіпорынның ауылдың тыныс-тіршілігі үшін де маңызы зор. Өз өнімдерін ауылда қолжетімді бағамен саудалап отыр.
Біз "Рыбаки Зайсана" кәсіпорнының өнімін тұтынамыз. Сапалы балық өнімдерінің бағасы да қолжетімді. Сондай-ақ кәсіпорын біздің бәрімізді жұмыспен қамтып отыр. Осындай жұмыс орнының барына біз қуаныштымыз, - дейді ауыл тұрғыны Райхан Кеңесханова.
Зауыт жұмысының ерекшелігі сол, қалдықсыз технологияны басшылыққа алған. Өңдеуден шыққан қажетсіз балық сүйектерін далаға тастамай, оны ұн қылып тартып, малға, құсқа жем жасалады. Өндіріс орны балықты жууға, қабылдауға арналған орын, сақтауға және мұздатуға арналған тоңазытқыштар, балықты мүшелеуге және тілуге арналған цехтер, дайын өнімді қаптайтын бөлімнен тұратын бүтіндей бір кешенді қамтиды.
Өңделген балық өнімдерін ТМД елдері мен Қытайға өткізіп келе жатқан "Рыбаки Зайсана" кооперативінің ендігі мақсаты - сапа стандартына сәйкестігін растайтын "Еурокод" санына қол жеткізу. Бұл әлемнің дамыған елдеріне экспортқа шығуға жол ашпақ.