Күршімдегі су жаңа үйдің астынан су шыққаны рас па?
"Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы аясында өңірімізде көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылар үшін жаңа баспаналардың салынып жатқаны белгілі. Аталмыш бағдарлама аясында Күршім ауданында екі пәтерлі 10 үй бой көтерген болатын
Қазіргі таңда аудан орталығында екі пәтерлі 20 отбасына арналған 10 үйдің құрылысы толығымен аяқталған. Нәтижесінде 20 отбасы баспаналы болады. Бұл баспаналар ең алдымен, алтын-күміс алқалы және "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға тегін беріледі. Осыған орай 2021 жылдың қыркүйек айының басында 4 көпбалалы отбасына баспана кілті табысталған.
Ана ретінде балаларымның туған күндері ең бақытты сәт болса, пәтер кілтін алу - ешқашан ұмытылмайтын ең бақытты күн. Мен баспаналы болып жатқаныма әлі де сенер емеспін. Көпбалалы отбасыларға жағдай жасап жатқан аудан басшысы Дулат Қажановқа көп рахмет, - дейді баспаналы болған Меруерт Сигатбаева.
Қазіргі таңда ауданда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 20 отбасы тұр. Оларды үймен қамтамасыз ету үшін 2019 жылы екі пәтерлі 10 тұрғын үйдің жобасы әзірленіп, көктемде құрылысы басталған. Бұл жұмысты мердігер "CK KAZ - ALEM" ЖШС компаниясы қолға алған. Мердігер компания басшысының көмекшісі Асхат Мұсановтың айтуынша, тұрғын үйді салуға облыстық бюджеттен 340 миллион теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын атқаруға жергілікті тұрғындардан 60 адам тартылған. Екі пәтерлі бір тұрғын үйдің жалпы көлемі 2470 шаршы метрді құрайды.
Газ-блоктан салынған үйлер тез жылынады. Еден үстінен де жылылық болады. Заманауи ақылды пештер қойылған, қалыпты бір температураны ұстап тұрады. Ауылда тұратын көпбалалы аналар үшін жаңа үш бөлмелі үйлерде барлық жағдай жасалған. Жалпы бұл үйлерді салуға 90 адам ала жаздай еңбек етті, - дейді Асхат Мұсанов.
Дегенмен жаңа үйге кіріп, қоныс тойын тойлаған отбасылардың бірінің қуанышы ұзаққа созылмады. Жаңа деген баспананың астынан су шығып, тұрғындарды әуреге салуда. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде жазып, бейнежазбасы да тарап үлгерді.
"Сырты бүтін, іші түтін екен ғой", "Осы үйді салған адамадардың өздері қыстатып шықса болар еді", "Бұл үйлерді қазақтар салды ма, өзбектер салды ма?" деп желі қоданушылар сан сауалмен бас қатыруда.
Жылу жүйесінің құбырлары дұрыс дәнекерленбегендіктен еден асты суға толып кеткен. Қабырғалар қалай сылап-сипаса да жарыла береді деседі, ол жағын біраз уақыттан кейін ести бастайтын шығармыз. Бұл үйлердің әңгімесі осымен бітпейтін сияқты. Пешке екі қалақша көмір салсаң, толып қалады. Өзі ас үйде орналасқан, көмір кіргізсе де, күл шығарса да жарты үйді басып өтеді, - дейді видео авторы.
Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін Күршім аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарластық.
Комиссия шешіміне сәйкес ең алдымен 4 отбасына үй кілттерін табыстадық. Жақында тағы 5 отбасына бас- пана кілтін табыстаймыз. Тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасуда. Осылайша жыл соңына дейін 20 үй көпбалалы отбасыларға берілетін болады. Одан бөлек, қос пәтерлі тағы 3 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ол басқа санаттағы азаматтарға арналған. Енді қазіргі күнде желіде тарап кеткен видеоға келетін болсам, ол тек бір баспананың ішінен шыққан ақау. Су құбырының тесіліп қалуы салдарынан шыққан су. Бұл үйлерге осы баспананы салған мердігер 3 жыл кепілдік беріп, олқылықтарды жөндеуге міндетті. Қазіргі таңда тесілген құбыр жөнделіп, қалпына келтірілді, - дейді бөлім басшысы Мақсат Акрамов.
Жалпы Күршім ауданында тұрғын үй бағдарламасын дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы қабылданған. Ол үшін түрлі бюджет көзінен 2 миллиард 411 миллион теңге бөлінбек. Бұл қаражатқа алдағы 3 жылда Күршім ауылында 60 және 36 пәтерлі екі көпқабатты үй салынбақ.