ШҚО-да науқас балалардың тілектерін орындайтын қордың филиалы ашылды
Осыдан бір жыл бұрын қазан айында Алматы қаласында "Menin Armanym" атты қайырымдылық қоры құрылған болатын. Корпоративтік қордың мақсаты - ауыр кеселге ұшыраған 3-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің арман-тілегін орындау
Ағымдағы жылдың күзінде аталмыш қайырымдылық қорының филилалы шығыс аймағының орталығы Өскемен қаласында да ашылып, жұмысын бастап кетті. Оған төрайым болып осы уақытқа дейін республикалық волонтерлар лигасының ШҚО филиалын басқарған, қазіргі таңда "Qainar" қайырымдылық ұйымына жетекшілік етіп жүрген жас студент Айбота Шанжың сайланды.
Қазақстанда қатерлі дертке шалдыққан, емдеуге келмейтін ондаған мың науқас бала бар. Кейбіреуінің көрер қызығы санаулы: бірнеше жыл немесе бірнеше ай. Қайырымдылық жобаның негізгі мақсаты - балалардың асыл армандарын орындау. Ауру балаларға күш-жігер бітіріп, өмірге деген құштарлығын оятып, оған талпыныс беру. Біз балалардың үйдегі, ауруханадағы немесе арнайы мекемедегі көңілсіз күндеріне шуақ төгіп, аз болса да қуаныш пен шаттық сыйлағымыз келеді. Ұранымыз - “Мейірімге толы тасқын бол”, - дейді Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 4-ші курс студенті Айбота Шанжың.
Корпоративтік қордың өзіндік жарғылары, ережелері, сондай-ақ міндеттері бар. Ал балаларға арналған мынадай жұмыс топтары және әрқайсының жеке мамандары бар:
- “Мен аз уақытқа …болсам деймін” (ғалым, полиция, кондитер, аспаз, батыр, қарақшы, ханшайым, т.б.).
- “Мен ... болғым келеді” (зообақ, музей, басқа қалада, өзге елде, театр шымылдығы сыртында, сүйікті тобымның дайындығында, сүйікті бағдарламамның түсірілімінде, т.б.).
- “Мен сүйікті … кездескім немесе қолтаңба алғым келеді” (спортшыммен, тұлғаммен, тележүргізушіммен, әртісіммен, саясаткеріммен)
- “Мен … өткізгім келеді” (жеке көрмемді, концертімді, кітабымның ашылу салтанатын, т.б.).
Яғни, қордың өкілдері таңдалған науқас балақаймен немесе жасөспіріммен жүздесіп, танысады.
Содан кейін оның нені қалайтынын, қайда барғысы келетінін, тағы басқа қызығушылықтарын сұрайды. Өмірге деген құштарлығын оятып, сергітіп, күндерін көңілді өткізу үшін арнайы мамандар мен әр саланың кәсіби өкілдері бірнеше күндерін "кейіпкерге" арнап, оның азғантай арманын болса да орындауға тырысады. Ауыр дертке ұшыраған балалардың асыл арманын орындауға Қазақстанның әрбір азаматы немесе елімізде жұмыс істейтін кез келген ұйым яки қандай да бір жоба демеушісі қол ұшын соза алады. Сонымен қатар, "Menin Armanym" қорының мүшесі атануға да болады.
Бұл қайырымдылық қоры - балалардың арманын орындау үшін қаражат жинаумен айналысады. Жиналған қаржы заттай сыйлық сатып алуға немесе баланы емдеуге жұмсалмайды, - дейді ұйымдастырушылар.
Көпшілік қауымда "қандай бала, нендей дертпен ауы- рады, ол туралы мәлімет қайда" деген сұрақ туындауы мүмкін. Мәселе мынада: корпоративтік қор Қазақстандағы 3-18 жастағы барлық науқас балалардың тізімін жасап, жоспар дайындайды. Ұйымдастырушылар ең алдымен кезектегі баланың армандарын орындау үшін ол барғысы келетін орындардың басшылығымен келісім жасасады. Мысалы, қазіргі таңда "Air Astana" әуе компаниясымен, белгілі қонақ үйлер желісімен келісімшартқа да отырған екен. Егер қандай да бір мекеме немесе ойын-сауық орталығы қайырымдылық танытпаса, онда халықтан жиналған қаражат жұмсалады. Ал ақша жиналатын банк картасы тек біреу. Әзірге Өскемендегі игі бастама жалпақ жұртқа жария түрде хабарланып, ресми үлгіде тұсауы кесілген жоқ. Әйтсе де, Айбота қарындасымыз бастаған еріктілер Өскемен қаласы бойынша қордың шаруасын бастап кетті. Қазіргі таңда шығыстағы ауыр дертке ұшыраған науқас балалардың тізімі жасалып, алдағы уақыттағы шараларға қаражат жиналып жатыр.