Зайсандағы ескі саябаққа жаңа рең бермек
Зайсандағы ескі саябақ жөнделіп, көпшіліктің қуанышына аллея болып ашылмақ
Зайсан қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 игі іс жалғасуда. Соның бірі жөндеуден өтіп, қайта жаңғырған саябақ. Зайсан қаласында тұрғындырдың тынығып, бой сергітіп демалулары үшін жағдай жасалуда. Яғни, қаладағы ескі саябақ жөнделіп, көпшіліктің қуанышына аллея болып ашылмақ. Қазіргі таңда онда қызу құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Спамбетов көшесінің бойында шағын ғана саябақ болған. Аллея болуға сұранып тұрған орын. Бірақ саябақ деп айтуға келмейтін еді. Біраз тозыңқырап, көзге қораш көрініп, тал-теректің жан-жағына жайылып, "күзелмегеніне" бірнеше жыл болғаны көрініп тұратын. Қазіргі таңда күрделі жөндеуден өткен саябақтың көркі ерекше әдемі. Аллеяның ұзындығы 455 метр шамасында болмақ. Жақын маңдағы тұрғындар үшін бос уақыт пен демалыс күндерінде қыдырып, тыныстап жүретін жақсы орын. Мұнда гүлзарлар егіліп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, демалыс орнында веложолақтар мен субұрқақтар салынатын болады.
Тозығы жеткен аяқ жолдар мен адамдар тынығып отыратын орындар, балалар ойын алаңшалары қойылып, тал отырғызу сынды маңызды жұмыстар атқарылып жатыр. Қазақта "атаңнан мал қалғанша, тал қалсын" деген жақсы сөз бар, осы орайда аллея ішіне жасыл ағаштар отырғызылып шаһардың шырайын келтіруде. Күрделі жөндеуден өткен демалыс орнына аудан тұрғындары дән риза.
Зайсанға жолы түскен жандардың көбі "сәулетті қала, көрікті қала, таза қала" деп жатады. Өйткені аудан орталығының келісті кескін-келбеті сырт көзге бірден байқалатыны анық. Біздегі мына жөнделіп жатқан аллея жаяу жүргіншілердің демалыс орнына айналатынына қуаныштымын, - дейді Зайсан ауданының тұрғыны Гүльжан Раздықова.
Зайсан қаласы басшысының айтуына қарағанда, саябақты жөндеу жұмыстары үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңінде балаларға арналған ойын алаңқайы көзделген. Онда балаларға арналған барлық керекті ойын заттары және жерге арнайы жұмсақ төсеніш төселеді. Екінші кезеңінде отбасымен демалуға арналған аймақты, орталық субұрқақты және дене шынықтыру-сауықтыру аймағын өндеу көзделген. Ал үшінші кезеңде жұмыс істеп тұрған аквапарк пен көлшік жаңғыртылады.
Аллеяға бұл орын кездейсоқ таңдалып алынған жоқ. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Дәл қасында балабақша, көпқабатты үйлер, жер үйлер, емхана орналасқан. Маңынан тағы алпыс тұрғынға арналған бес қабатты үй салынып жатыр. Қазіргі таңда бұл жобамен айналысып жатқан бас мердігер - "Kazakhstan Stroy Invest" ЖШС компаниясы. Аллеяның ұзындығы 455 метрді құрайды. Үкіметтен бөлінген қаражат 40 миллион теңге. Біз бұл жөндеу жұмысын сәуір айында бастағанбыз, қараша айында аяқталуы керек. Бүлдіршіндер таза ауамен демалып, бұл жерге жиі келетін болады, болашақта аллея зайсандықтардың гүлденген демалыс орнына айналады деп сенеміз, - деді қала әкімі Анарбек Дүтбаев.