Борандықтар ауылға ойын алаңын салып бермек
Алайда Боран ауылының әкімі балалар ойын алаңының құрылысы жөнінде бейхабар екендігін айтты
"Ауылына қарап азаматын таны" деген сөз бекер айтылмаған. Қашанда бірлігі мен тірлігі жарасқан елдің ертеңі жарқын болады. Міне, осыны тағы да дәлелдеген борандықтар өз ауылдарына балалар алаңқайын салуды жоспарлап, ізгі істі бастап кеткен.
Туған жердің тарихи ескерткіштері мен нысандарын қалпына келтіру жұмыстары зерделі ұрпақтың атқарар ісі болуы тиіс. Қазіргі күні туған жеріне шынайы жанашырлық танытып жүрген талай азамат елдің ризашылығына бөленіп жүр. Жақсылық жасасаң, ауылыңа жаса, одан артылып жатса, тұтас халқыңа жаса демекші, Боран ауылынан түлеп шыққан түлектер өз беттерінше ауыл балақайларына ойын алаңқайын салып беру мақсатында қор ашқан.
Жүрегіміздің түкпірінде сол аяулы ауылымызға деген сағыныш жатады. Туған жерді түлету - әр адамның перзенттік борышы деп есептеймін. Осы мақсатта біз, 1996 жылғы мектеп түлектері, ауылымызға жабық балалар ойын алаңын саламыз деп шештік. Ол үшін бізге 12,5 миллион теңге қаражат қажет. Қазіргі таңда 88 мың 500 теңге жыйналды. Қаражат толық жыйналғаннан кейін құрылысты бастаймыз, - дейді түлектердің бірі.
Жергілікті билік өкілі ретінде Боран ауылының әкімі балалар ойын алаңының құрылысы жөнінде бейхабар екендігін айтты.
Құрылыс алаңын салуға жер телімін бөлу туралы өтініш бізге келіп түскен жоқ. Жалпы ауылымызда балалар ойын алаңы, шағын футбол алаңы, воркаут алаңы бар. Ауылымызда атқарылып жатқан игі істер аз емес. 33 шақырым су құбыры тартылып, ауыл клубы, гимназия ғимараты, спорт залы жөндеуден өтті. Ауылға кіре беріс жол асфальтталды. Келер жылы ауыл іші жолдарын жөндеу жоспарлануда, - дейді ауыл әкімі Айдос Наурызбаев.
Күршім ауданының әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, 2024 жылы ауданды дамыту кешеңді жоспары аясында Боран ауылында спорт кешенін салу жоспарлануда. Бұл мақсатта 315 миллион теңге қаражат қарастырылуда. Індет іргемізден еніп, өміріміз бен түсінігіміз басқа арнаға бұрылған тұста "Жақыныңа жанашыр бол" деген сөзді жиі айтатын болдық. Осынау қиын кезең бізге тіршілікті арайға бөлейтін ұлы күш - жақсылық жасау, мейірім таныту, барыңмен бөлісу дейтін қасиеттерден құралатынын дәлелдеп берді. Туған жерінің есімін тұмар еткен әрбір перзент күшімен де, ісімен де халқына пайдасын тигізуді көздесе, қара басының қамын емес, қарашаның бағын ойлайтын үлкен жүректі азаматтар көбейе берсе, көшіміз көркейе бермек.