Зайсандағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы орталық қажет
Зайсан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері аптасына 2 рет мүмкіндігі шектеулі балаларға барып, 2 сағаттан сабақ береді. Бірақ оның өзі жеткіліксіз
Зайсан аудандық әкімдігі мәлімдегендей, облыстық мәслихаттың депутаты Аэлита Ахметсәлімқызы Зайсан аудандық білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері және аудандық коррекциялық орталықтың меңгерушісімен бірге аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарымен кездесіп, олардың мәселелерімен танысты.
Следующая →
- Зайсан ауданында 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 132 бала бар, - дейді Зайсан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанар Болатқызы. - Бөлім қызметкерлері аптасына 2 рет барып 2 сағаттан сабақ өткізеді, ол бүгінгі дамыған заманда аздық етіп отыр.Сонымен қатар, аналар 5 жасқа дейінгі балаларға арнаулы балабақша жоқ екенін де айтты. Осы орайда аудандық коррекциялық орталықтың меңгерушісі Толқын Уалынова өз ұсынысын білдірді.
- Қазіргі таңда М. Дәуленов атындағы 300 орындық мектеп-интернаттың 150 орындық 1-қабатының 1-қанатында жұмыс жүргізіп отырмыз. Осы қабаттың 2-қанаты да бос тұрғандықтан сол қанатты арнаулы орталық ашылғанша пайдалануға сұраса... - дейді Толқын Уалынова.Ал аналар өз сөздерінде араларында арнайы медициналық білімдері бар адамдар да бар екенін, олар массаж жасауға да, басқа шаруаларына да көмектесуге әзір екендерін жеткізді.
- Аудан кәсіпкерлерімен ақылдасып, аудан орталығынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық ашу мәселесін күн тәртібіне қойғызамын және қай жерден салу керектігін қарастыратын боламыз, - деді барлық ой-пікірді тыңдай келе Аэлита Ахметсәлімқызы. - Осы мәселе бойынша облыстық білім басқармасының басшысы С.А. Жумадиловаға мүмкіндігі шектеулі балалардың заман талабына сай білім алып, өздерін бақытты сезінулері үшін депутаттық сауал жасаймын.