Өскемен
ясно
+12°
  • Өскемен
    +12°
  • Алматы
    +11°
  • Астана
    +16°
  • Ақтөбе
    +21°
  • Актау
    +22°
  • Орал
    +19°
  • Қарағанды
    +13°
  • Көкшетау
    +18°
  • Қостанай
    +23°
  • Қызылорда
    +18°
  • Павлодар
    +15°
  • Петропавловск
    +21°
  • Тараз
    +12°
  • Туркестан
    +19°
  • Шымкент
    +14°
$
443.35
475.54
¥
61.18
4.82
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Аян Қалымбек
Ақпарат көзі:
Устинка

Көкпектілік ағайынды Ахмадиевтер облыста топ жарып жүр

Көкпекті ауданында бір әулеттен, бір шаңырақтан шыққан спортшылар баршылық. Шығыс өңірінде ұлттық көкпар ойындарынан аудан атынан алғашқы құрамада өнер көрсеткен үш ағайынды Дүйсебаевтар, туған ағалы-інілі Жанбуршиндер ұлттық спорттың қарыштап дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар

Арыстандай ағаларының ізін өкшелеп, сайдың қос тасындай болған Дарын мен Еламан бүгінгі күні Ахмадиевтер әулетінің намысын жыртып, атағын аспандатып жүр. Көкпектіде тұңғыш болып ат спортының, көкпардың негізін қалаған Дархан Рапеков Көкжота ауылының тумасы. Дарын Ахмадиев - оның үлкен ұлы. Еламан Ахмадиев - Дарханның туған інісі Дастанбектің баласы. Екеуі де 1995 жылы дүниеге келген. Өкінішке орай, екеуінің де әкесі фәниден бақиға ерте аттанған. 

Еламан, мектеп кезінде спорттың қай түріне әуестеніп, немен шұғылданып бастадыңыз?
- Ауылдағы мектепте спорт түрінен тек бокс қана болды. Боксқа барып жүріп, спортқа деген қызығушылғымды ояттым. Кейін ол үйірме жабылып қалған соң жүгірумен айналыстым. Үйдің жанында аяқдоп алаңы болатын. Футбол ойнағанға дейін ауыл шетіндегі тауға бір жүгіріп түсетінмін. Өзімнен жасы үлкен балалардан да жарыста озып жүрдім. 9-сыныпта мектепке Талғат есімді дене шынықтыру мұғалімі келді. Бірінші рет жүгіруден ауданға жарысқа алып барды. Бұрын жүгіріп көрмеген соң білмеймін ғой, үш бала қатар тұрып жарысқанда, мен озып кетіп олардың жолағына түсіп алыппын. Сол үшін жарыстан шығарып тас-тайды. Артынан түсіністік танытып, қайта қатыстырғанда да озып кеткенмін. 60 метр, 100 метр, 3 шақырым қашықтыққа жүгіріп бастадым. Ойлап отырсам, күні бүгінге дейін ешкімнен қалып көрмеппін. Бірақ сол кезде қалалық, облыстық жарыстарға шығу мүмкін болмады. Өйткені біздің ауыл кішкентай. Ал үлкен жарыстарға үлкен ауылдардың балалары бару керек болды, менен жеңіліп қалса да.

Жеңіл атлетикада жүріп, білектілер мен жүректілердің ойыны көкпарға қалай топ еттіңіз?
- 2011 жылы, яғни, 10-сынып оқып жүргенде Дарын екеуміз үйге қайтып келе жатып әңгімелесеміз. Бір күні ол маған: "ата тегімізде көкпар шапқандар бар. Екеуміз де спортшымыз. Әулеттің атын шығарайық, ағайынды болып шығайық, сен көкпарға кел. Қасымда жүресің, үйренесің" деді. Келістім де дайындыққа кірістім. Бір жылдан кейін Өскеменде жастар құрамасына іріктеу болды. Іріктеуден өткен соң облыс атынан Кереку қаласында жастар арасында республикалық чемпионаттан да, 2013 жылы Қарағанды қаласында өткен жастар арасындағы көкпардан да 2-орын алып қайттық. Бірте-бірте ересектер құрамына да қабылданып, ақыры көкпаршы болып кеттім.

Қаладағы спорттық мансабыңыз қашан, қалай басталды?
- Өскеменге 2013 жылы келдім. Дәулет Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ға оқуға түскенде әскери кафедраны қоса оқып жүрдім. Көкпардан жарыстар болмай жүрген кезде жүгіруді қайта қолға алдым. 2015 жылы премьер-министрдің қатысумен республикалық деңгейде әскери кафедралар арасында ауқымды жарыс болатыны туралы хабарланды. Кермеге тартылу, ұзындыққа секіру, серіппе жасау, жүгіру сияқты спорттың әр түрінен топтық сайыстар болады екен. Соның алдында ғана көкпардан бір додаға барып, аяғымды қатты зақымдап, ақсаңдап жүрген кезім болатын. Әскери кафедраның басшысы орыс еді, соған: "мен қатысайыншы" дегенде: "өй, сен қазақсың ғой, небір мықтылар бар жүгіріп жүрген, сен қалып қаласың" деді. Намыстанып кеттім де, "егер мен барсам, жеке жүгіруден және топтық есеппен сізге 1-орын алып келемін" деп уәде бердім. Арада 1 ай өтті. Аяғым да жазылып қалды. Апта сайын өзі мықты деп санаған орыс спортшыларды әкеліп жарыстырып тұрды, бәрін ұттым. Ақыры Қарағандыға мені апаратын болып шешті. Бізден барған жігіттер бойлары аласа болғанмен тығыршықтай, шымыр болатын. Сыртқы пошымымызға қарап менсінбей күлгендерді көрдік. Сол жердегілердің арасында да, топ ішінде де жасы ең кішісі мен болдым. Кезегім келді, жүгірдім де озып кеттім. Командадағы алты ұлдан төртеуіміз жүлде қанжығаладық. Кешке жарыстың топтық нәтижелерін жариялады: "Шығыс Қазақстан облысы құрамасы 1-орын" дегенде бөркімізді аспанға атып қуандық. Ертесінде кубокты премьер-министр (сол уақытта) Иманғали Тасмағанбетов табыстайды екен. Команда капитаны болмасам да ішімнен "шіркін, кубокты мен алсам екен" деп тілеп тұрғанмын, жетекшіміз келіп "марапаттауға Еламан шығады" деп балаша мәз қылып кетті.

Үндістанға сапарыңыз жайлы әңгімелеп берсеңіз?
- Қарағандыдан келген соң, кафедра басшысы уәдемді орындағаныма риза болып: "жарайсың, сен енді менімен бірге Үндістанға барасың" деді. Бұл - екі елдің әскери кафедраларының тәжірибе алмасуы еді. 2016 жылы Қазақстаннан барған 10 спортшы Үндістанның 3 қаласында болып, елдің әскери күшімен, қорғаныс министрімен танысты. Делиде Үндістан президентімен кездесу ұйымдастырылды. Бір дастархан басында шәй ішіп, сұхбаттастық. Кейін тура солай Қазақстанға Үндістанның жас спортшылары келді. Сол жолы алғашқы лекпен бару бақыты маған бұйырған екен, қазір бұл үрдіс дәстүрлі түрде жалғасып, жыл сайын екі жақтың 5 спортшысы екі елге сапарлап, тәжірибе алмасып келеді.

2017 жылы бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиада ойындары өтті. Сіз Алау эстафетасына қатыстыңыз. Өзіңізді мақтан тұтасыз ба?
- Университеттен спорттың әр саласында жетістіктерге жетіп жүрген 10 шақты студентті іріктеп, таңдап алды. Мен ол кезде көкпармен айналысып, жүгіруге қатысып және регби ойнап жүрген болатынмын. Күреске қатысатын Нұрсұлтан деген жігіт екеуміз Өскемендегі универсиадада алауды алып жүгірдік. Лайықты болдық деп ойлаймын.
Спорттың әр түріне қанша жылыңызды арнадыңыз?
- Жүгірумен айналысқаныма 6 жыл, көкпарға қатысып жүргеніме 10 жыл болды. Регбимен 2 жыл айналысыппын. Жүгірумен өткен алты жыл ішінде бір де бір жеңілісім жоқ екен (тфә-тфә).

Көкпар мен жеңіл атлетиканың қайсына бүйрегіңіз көбірек бұрады?
- Екеуін бөліп-жарып, алалай алмаймын. Өйткені екеуінің де қазанында пісіп-жетілдім. Көкпар - ол құмар ойын, азарт дейді ғой. Жан-тәніңді салып тұрып ойнау керек. Ал бойымдағы қабілетім - жеңіл атлетикаға бейімделген бе деймін. Алайда жеңіл атлетикадан мүмкіндігім аз болған соң не істей алам? Ешкім қолдап жатқан жоқ, спортпен айналысу үшін де ақша керек. Мысалы, осы уақытқа дейін қаншама жарыстарға қатыстым, бәрінен тек жүлделі орын алдым. Бірақ елеп-ескерген адам болмады. Сондықтан қазір көкпардан додалар болса қалмай қатысамын.

Дарын, айтыңызшы, көкпаршы болу үшін қандай қасиет керек? Мысалы, мен секілді өнер адамынан, қарапайым журналистен көкпаршы шыға ма?
- Неге шықпасқа?! Аса ыждаһаттылықпен, үлкен махаббатпен, тыңғылықты дайындықпен палуан боламын деп құлшынса, кез келген жігіт көкпаршы атана алады. Білек күшінің жеткілікті болуы аз. Көзінде - от, ісінде - мінез, жүрегінде - рух болуға тиіс. Жылқыдан да, қамшыдан да қорықпайтындай мыс пен сұс басым болса, ол адамнан жақсы нәтиже күтуге болады.

Неше жасыңыздан бас-тап аттың құлағында ойнап келесіз?
- 3 жасымнан бас-тап атқа отыруды үйреніп, беске толғанда бәйгеге шауып бастадым. Әкем өте атқұмар кісі болған соң, қан тартпай тұрмайды екен: бала кезден ер жастанып, тоқым жамылып ұйықтап, жүгеннің шылдырымен ояндым.

Дүбірлі додаға қай кезден бас-тап атойлап кірдіңіз?
-14 жасымда үлкен ағаларға еліктеп көкбөрі тарта бастадық. 16 жаста жасөспірімдер арасында өтетін Қазақстан чемпионаттарына қатысып, содан бас-
тап ысылып-төселдік, қыр-сырын меңгердік.

Бауырыңыз жүгірудегі әділетсіздік-терді айтты? Көкпарда сондай заң бұзушылықтар болып тұра ма?
- Әрбір спорттың өзіндік қызығы, оған қоса шыжығы бар ғой. Арасында болып тұрады. Бірақ баяғыдай өрескел ереже бұзушылықтар жоқ. Көкпар да тәртіпке келген. Алаңға бейнебақылау камералары орнатылады. Ойын барысында даулы сұрақтар туындап қалса, бейнежазбадан көріп, ақ-қарасын айыруға болады.

Қазақтың ұлттық ойындарына қаншалықты көңіл бөлініп жатыр?
- Қазір құдайға шүкір, ұлттық төл спортымыз деп дұрыс көзбен қарап, тіпті келешекте мектеп бағдарламасына да енгізгелі жатыр ғой. Қуанамыз. Аудан әкімінің қолдауымен "Дархан" ат спорты клубына жағдай жасалып жатыр. Бұйырса, келер жылы ауылымызға атшабар да салынбақ. Сметалық құжаттарын әзірлеп, бюджеттен қаржы қарастырылып та қойған көрінеді. Ауыл үшін, жас-
тар үшін, ауданның абыройы үшін намысын белге буып жүгіріп жүрген Қанат Биқатов ағамыз бар. Оның да ұлттық құндылықты дамытуда төккен тері, сіңірген еңбегі орасан зор деп білемін. Бүтін бір ауылдың қара домалақ балаларын жылқыға үйір қылып, махаббаттарын оятты.

Келелі сұхбат, келісімді әңгімелеріңіз үшін көптен-көп рахмет! Бақтарыңыз жанып, абыройларыңыз арта берсін!
Следующая →