Өскемен тұрғындары салық төлеу орындарындағы ұзын-сонар кезекке шағымданды
Облыс орталығының жер және мүлік салығы бар тұрғындары қарызға батпау үшін 1-қазанға дейін салық төлеуге асыққанымен, оңай болмай тұр
Галина Федоровна (аты-жөні өзгертілген) есімді азаматша пәтер салығын төлеу үшін қалалық мемлекеттік кірістерді басқару мекемесіне осымен 2 күн қатарынан келіп жүргенін айтып жыларман болды, - деп жазады Устинка Live тілшісі.
Следующая →
- Маған төлем түбіртегі келген жоқ. Қанша төлеу керек екенімді білмеймін. Ал мұнда келсем, ұзын-сонар күттірген кезек, қалың адам. Сыртта бір-біріне мінгесіп, қаумалаған қанша халық тұр. Ал бірақ ғимарат ішіне арақашықтық сақтап, тек санаулы адамдарды кіргізіп жатыр. Сағаттап тосып тұратын бұрынғыдай дәрмен жоқ. Ғаламтор желісі арқылы онлайн төлеңіз дейді. Мен оның тілін түсінбеймін, көмектесетін жақын туыстарым да жоқ. Ақпарат алу үшін берілген телефон нөмірлердің барлығына қоңырау шалдым, тұтқаны көтермейді, - дейді Галина Федеровна.Тұрғындар редакциямыздың телефонына тыным берер емес. Бірі кезек күткісі келмесе, енді бірі әлі күнге дейін салық сомасы көрсетілген түбіртек ала алмағанын айтып шағымданады. Осының салдарынан кірістерді басқару мекемесінде ығы-жығы халықтың нөпірі жылдағыдай дүрлігіп жатыр.
- Салық басқармасы 70 мың абоненттің мәлімет базасын толық бермегендіктен, төлем сомасының түбіртегін пошташылар тамыз айында ғана жинап әкелді. Жақында түбіртек алмағандардың тізімі белгілі болады, - деп мәлімдеме жасады Қазпошта АҚ облыстағы бөлімшесінде.Сондай-ақ, салық көлемін Egov электронды үкімет порталының орталық кедендік басқару бөлімінен, ҚР қаржы министрлігінің кірістерді басқару комитетінің сайтынан, Kaspi.kz мобильдік қосымшасынан білуге болады. Телеграм мессенджерінде ShtrafKZBot ботынан айыппұл мен салық қарызы туралы ақпарат алуға болады. Тағы да басқа көптеген сұрақтарға 1414 бірегей нөмірі жауап береді.
- 2019 жылдың жер және мүлік салығын 1 қазанға дейін төлеу керек. Қанша төлеу керек екеніңізді білмегендіктен белгілеген уақытқа дейін үлгермесеңіз, салымгерлерге 1-қаңтарға дейін амнистия болады, яғни, айыппұл қосылмайды. Ал 2020 жылдың жол-көлік салығын 31 желтоқсанға дейін төлеу шарт. Толық ақпаратты сайтымыздан біле аласыздар, - деді Өскемен қалалық Кірістерді басқару мекемесі.
Тақырыптар:
Очереди в налоговой Жалобы жителей Усть-Каменогорска Земельный налог Имущественный налог Управление государственных доходов Усть-Каменогорска АО "Казпочта"