Өскемен
малооблачно
+11°
  • Өскемен
    +11°
  • Алматы
    +17°
  • Астана
    +8°
  • Ақтөбе
    +14°
  • Актау
    +20°
  • Орал
    +18°
  • Қарағанды
    +14°
  • Көкшетау
    +7°
  • Қостанай
    +11°
  • Қызылорда
    +23°
  • Павлодар
    +9°
  • Петропавловск
    +6°
  • Тараз
    +17°
  • Туркестан
    +10°
  • Шымкент
    +19°
$
443.37
+1.32
474.49
+0.35
¥
61.24
+0.17
4.83
+0.09
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Карантин кезінде қорлық көргендер тек қыз-келіншектер емес

Ағымдағы жылы отбасы ішіндегі ұрыс-керістің кесірінен 1 адам қаза тауып, 15 адам ауыр жарақат алған

Ал коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режімі жарияланып, карантин енгізілгенде халық жаппай үйде отыруға мәжбүр болды. Бұл уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары тіпті жиілеп кеткен көрінеді. Бірақ жалғыз Қазақстанда емес, бүкіл елде үйдегі зорлық-зомбылық оқиғалары артқаны байқалады. Мәселен, Ұлыбританиядағы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген жандарға арналған Refuge қайырымдылық ұйымы күн сайын түсентін шағым 700%-ға, ал Қытайдың Хубэй провинциясына бір күнде түсетін шағым үш есеге, Францияда карантиннің бір аптасында ғана заң қызметкерлерінен көмек сұрағандар 32%-ға артқаны туралы мәліметтер бар. 
 

Өскеменде 125 %-ға өскен

Өскемен қаласында 9-11 маусым аралығында "Тұрмыс" атты жедел алдын алу іс-шаралары өткізілді. Аталмыш іс-шараға 72 полиция қызметкерлері жұмылдырылып, есепке алынған 252 адам тексерілді. 

Тексеру барысында сот бекіткен қорғау нұсқамасының талаптарын орындамағаны үшін 16 адам, ерекше талаптарды бұзғаны үшін 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың барлығымен отбасылық кикілжіңнің алдын алу жұмыстарымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зияны жөнінде әңгіме жүргізілді. Полиция қызметкерлерінің ұсынуымен тағы 15 адамға ерекше талаптар қойылды. Атап айтқанда: олар енді ішімдіктен аулақ жүріп, бір-біріне жақындамаулары және бір-бірінің мазаларын алмаулары шарт. 

Ағымдағы жылы отбасы ішіндегі ұрыс-керістің кесірінен 1 адам қаза тауып, 15 адам ауыр жарақат алған.
- Соңғы 5 айда карантиндік шараларға байланысты тұрмыстық зорлық-зомбылық былтырғыдан қарағанда 12-ден 27 жағдайға дейін, яғни, 125 пайызға өсті, - деді жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы, подполковник Бауыржан Омаров. - Барлығы үйде отырған соң, ұрыс-жанжалсыз болмайды. Біз жасаған талдау бойынша 27 қылмыскердің ішінде 13-і ер адам, 14-і әйел адам екен. Сол себепті осы жедел алдын алу іс-шарасын өткіздік. Нәтижесі - алдағы күндер үлесінде.

Зорлық-зомбылықтың қандай түрлері бар?

Қазақстан Республикасының "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы" Заңының 4-бабына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық тек күш көрсету немесе психологиялық қана емес, сексуалдық және (немесе) экономикалық зорлық-зомбылық түрінде де болуы мүмкін. Түсінікті болуы үшін таратып айта кеткен жөн.
1. Күш көрсету зорлық-зомбылығы - дене күшін қолданып денсаулыққа қасақана зиян келтіру.
2. Психологиялық зорлық-зомбылық - адамның психикасына әдейі кері әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту.
3. Сексуалдық зорлық-зомбылық - адамның жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер.
4. Экономикалық зорлық-зомбылық - адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру. 

Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" Заңының 73-бабына сәйкес, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер -
әдейі былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және адамдардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер жатады. 

Егер адам тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналса, бұл туралы үнсіз қалмауы тиіс. Бұл жағдайда өзі немесе куәгерлері ішкі істер органдарына арыз жазулары қажет. Жәбірленушілерді қорғау үшін ішкі істер органдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын қолданып, сондай-ақ оларды Мамандандырылған дағдарыс орталығына бағыттай алады. Құзырлы мекемелердің жәбірлеушіні сотқа тартып, бас бостандығынан айыруға құқығы бар.

 Бұл зауалға не себеп ?

"Адамдық негізі - әйел" деп еді қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов. Қазіргі қоғам бұл астарлы сөзді ұмытып бара жатқан сыңайлы. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерден, жаңалықтардан күйеуінен өлімші болып таяқ жеп, шарасыздықтан көмек сұрап отырған байғұс әйелдер жайлы жиі естіп, көріп жүрміз. Тіпті беті тілінген әйелдер де бар. Бұлар - дүлей қосағынан әбден түңіліп, өз жағдайының қиындығын айтуға батылы жеткен қорғансыздар. Ал қаншама әйел күйеуінен қорыққанынан, "барған жеріңе тастай батып, судай сің" деген әке-шешесінен ұялғанынан еш әрекет жасай алмай отырғанын кім білсін. Тұрмыстық зорлық-зомбылық - барлық заманда, барлық уақытта күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Бұған әр түрлі жағдай себеп болуы мүмкін. Ішімдік, материалдық жетіспеушілік, жұмыссыздық, бірін-бірі түсінбеушілік, сүйреңдеген қызыл тілден шыққан жан шырқырар ауыр сөздер... 
- "Мен осы жағдайға өзім жеткізген шығармын", "Өзім кінәлі болуым мүмкін" деген ой болады кей қыз-келіншектерде, - дейді психолог Айгүл Құрманғали. - Бұл - кең таралған қате пікір. Отбасылы болу құқығының белгілі бір жасқа толғаннан кейін берілуі тегін емес. Сіз отбасын өз ісіне жауап бере алатын, ақыл тоқтатқан ересек адаммен құрасыз. Демек ұру, күш қолдану, зорлық көрсету - екінші адамның саналы түрде өзі таңдап жасаған әрекеті. Зорлық көрсеткен адам құрбанына "Сені ұрған маған ұнайды дейсің бе?", "Осыған өзің жеткіздің", "Сен қателік жасамасаң, бұлай болмас еді" деп, психологиялық әсер ету арқылы өзінің зорлығын ақтап алуға тырысады. Сосын қоғамда "Кейде әйелдің өзінен де бар" деген пікір жиі байқалады. Әр адам - жеке тұлға. Оның құқығы, қалауы, өмірдегі өз орны бар. Адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларацияда әр адамның өмір сүруге, еркін болуға, жеке басына қол сұғылмауына құқығы бары анық жазылған. Адамды "ұрып тәрбиелеймін" деуге болмайды. Агрессия тек агрессияға әкеледі.
Маман зорлық құрбаны қаншалықты ауыр қателік жасаған күннің өзінде де ешкімнің оған өзінше жаза кесіп, күш қолдануға құқығы жоқ екенін ескертеді. 
- Бала-шағасы үшін, отбасын сақтап қалу үшін тоқпаққа көніп келе жатқан келіншектер де аз емес. Мұндай адам өзінің "менін" жоғалтып, жасық болып қалады. Зорлық туралы айту, мойындау, жан ауруымен бөлісу - үлкен күшті талап ететін жұмыс. Сондықтан кейде адамға зорлықты, күш көрсеткен адамды ақтап алу, болған ауыртпалықты азайтып көрсету психологиялық түрде жеңілірек. Бірақ әйелдің өмірі мен денсаулығына, балаларына қауіп төнген жағдайда құзырлы органдардан көмек сұрау керек, - дейді маман.

"Не істеуім керек?"

"Осыдан 8 жыл бұрын күйеуіме сүйіп қосылдым. Отыздан асқан, ағайын-туыссыз жалқы жігіт еді. Пәтерден пәтерге көшіп жүрсек те, тату-тәтті тұрдық. Ол зауытта қарапайым жұмысшы болып істеді. Жыл өткенде тұңғыш ұлымыз дүниеге келді. Бақыттан басымыз айналды. Екі жыл өткенде балпанақтай қызымыз туды. Ел қатарлы өмір сүре береміз... деп ойладық.

Үш жыл бұрын күйеуім жұмыстан қысқартуға ұшырады. Бастығы еш себепсіз жұмысынан шығарып тастады. Бұл соққы күйеуімді жасытып жіберді. Момын, жуас болатын, басқа жерлерге жұмысқа шығып еді, бірде көндіге алмады, бірде маңғаз бастықтардың тәлкегіне шыдай алмай шығып кетті. Біртіндеп жынды суға тәуелді бола бастады. Зауытта жүргенде аз-аздап ішуші еді. Түсінемін, той бар, өзара жиналу, қыдыру бар дегендей. Қазір тоқтата алмайсың. Үйден заттарды тасып, сатып ішетінді шығарды. Сүйретіліп үйге түн ортасында келетіні аздай, ішкіш достарын ертіп әкелетін болды. Балалардың аузынан жырып отырған аз ғана дәмге арамтамақ достары ұялмай ортақтасатын. Бұрын менің қас-қабағыма, өсіп келе жатқан балаларының көңіл-күйлеріне қарайтын күйеуім енді алқаш достарының аузына қарайды. Олар не айтса да мақұл көреді екен. Оңаша қалғанда ішіме жиналған өкпемді айтып едім, ежірейіп өзіме айғайлап, ақыры көкала қойдай қылып сабап тастады. Екі баламмен көрші әйелдің үйіне қашып барып, сонда қондық. Содан бері басымнан таяқ арылмай келеді. Екі күннің бірінде сабайды. Ақшамыз жетпей, пәтерден қуылдық, жатақханада күн көріп жүрміз. Күйеуімнің сиқы осы, адамшылықтан кетіп қалды. Өзім жетім өстім, барар жер, басар тауым жоқ, екі баламен қайда сиямын? Не істеуім керек?".

Бұл редакцияға хабарласқан оқырманның жанайқайы. Бұндай жағдайда не істерін, қайда жүгінерін білмей отырған жан. Өзіңіз үшін ғана емес, өсіп келе жатқан екі балаңыз үшін беттің арын белге түйіп, құқық қорғау органдарына хабарласқаныңыз жөн болар деп жол сілтедік. 
Следующая →