Шығыс Қазақстан облысында дауылды ескерту жасалды
"Казгидромет" РММ филиалының ақпараттарына сүйенсек, 27 мамыр күні облыс бойынша кей жерлерде найзағай, бұршақ пен дауылды жел күтіледі
Солтүстік-батыстан, солтүстіктен күндіз және түнде кей жерлерде 15-20 м/сек жылдамдықпен жел соғады, кей жерлерде секунда 25 метрге дейін артады.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, жыл сайын облыста найзағай түсіп адамдар қаза болады, сол үшін тұрғындарға бұл уақытта неғұрлым үйде болғаны жөн. Найзағай ойнаған кезде барлық электр құрылғыларын токтан суырып қойған дұрыс. Егер күн күркіреген уақытта далада жүрген болсаңыз, жақын маңдағы ғимарат немесе нысанға кірген жөн. Бірақ теректің астына тығылмаңыз.
Күн күркіреп, найзағай ойнаған уақытта суға түспеңіз, велосипед теуіп, жүгіріп ойнамаған да абзал.
Әсіресе, қойшылар пен шопандарға қауіпті. Найзағай басталғанда аттан түсіп, шұңқырлау тасаға тығылу керек. Өйткені найзағай жазықтағы ең биік жерге түседі.