23 мамырдан ШҚО карантиндік режимді жеңілдетудің екінші кезеңіне өтеді
Өңірде балабақшалар, ХҚКО, демалыс базалары ашылады. Семейден өзге, ауданаралық автобустар қатынай бастады
Бұл туралы облыс әкімі өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.
- ШҚО еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып, 16 мамырда карантин шараларын жеңілдетті. Қазіргі таңда өңірде коронавирус жағдайы тұрақты. Өткен аптада тек Семей қаласында 1 науқас тіркелді. Ал Өскемен мен басқа аудандарда сырқаттың жаңа жағдайлары жоқ. Бұл бізге карантинді жеңілдетудің екінші кезеңіне өтуге негіз болады, - деді Даниал Ахметов.
23 мамырдан бастап өңірде балабақшалар, ХҚКО, демалыс базалары ашылады. Семейден өзге, ауданаралық автобустар қатынай бастады.
Шығысқазақстандықтар санитарлық нормаларды сақтай отырып Таулы Үлбі демалыс орнына, Сібе көлдері мен Бұқтырма су қоймасына демалуға бара алады.
Бірінші маусымға дейін азық-түліктік емес тауарларды толайым және көтерме сату орындары, ірі сауда үйлері мен кешендер, 200 мың шаршы метрден аспайтын көңіл көтеру орындары, үйірмелер мен артклубтар жабық болады.
- ШҚО-да Коронавирус инфекциясын жұқтыру өршіген жағдайда қатаң шектеу режіміне көшуге мәжбүр боламыз, - деп қосты облыс басшысы.