Өскемен
ясно
-12°
  • Өскемен
    -12°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -3°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    -2°
  • Қарағанды
    -4°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    -3°
  • Шымкент
    +8°
$
498.51
+0.17
522.84
+3.12
¥
68.81
+0.02
4.81
-0.04
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО
Ақпарат көзі:
Алдаспан

"Рөлдің үлкен-кішісі жоқ, актердің үлкен-кішісі бар"

Өмір - театр. Бірақ барлық адам актер емес. Нағыз актерлар сахна төрінде, өнер көгінде жүреді

Өнер өлкесінде өзіндік ізін қалдырып келе жатқан Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының актері Ертай Хасеновпен әңгімелескен едік. Сырлы сұхбатты оқып, актер әлеміне саяхат жасаңыз.


?Қаншалықты қиялисыз?

- Мен қатты қияли адаммын. Бір кітап оқысам, сондағы оқиғаның желісі бойынша қиялдаймын. Баяғыда ұстазым айтатын: "актер қиялшыл болу керек, ертегіні көп оқы", деп. Ертегінің желісі бойынша қиялдаудан ғажап дүние жоқ қой, шіркін. Әрқашан театрдың көрерменге толы болып отырғанын елестетіп, қиялдаймын. Қысқасы, жұмыстан шығып үйге, үйден шығып жұмысқа жеткенше қиялдаймын.


?Сұхбатқа келер жолда қандай қиялдың жетегімен, не ойлап келдіңіз?

- Өзім жетекшілік ететін "Шабыт" студенттер театрының жаңа жылдан кейін қоятын қойылымының іштей схемасын сызып келдім. Қойылымды кино лента сияқты көз алдымнан өткізідім. Сонымен қатар, кеше ғана сахналаған "Мен жоқ жердегі менің өмірім" қойылымы туралы толғандым. Өйткені сол қойылым туралы сұрақ болар деп ойладым.


?Олай болса, сол қойылым туралы айта кетсеңіз?

- Қойылымды көрерменнің көбі тура мағынасында түсінген сияқты. Көрермен спектакльдің философиялық астарына үңіліп үлгермеген. Қойылымдағы жетінші сызық - қара сызық. Неге жеті сызық? Неге соңғы сызық - қара? Себебі, жеті - қазақтың қасиетті саны. Қазақта "жеті ата", "жеті қазына", "жеті жұт", "жеті керемет", "жетілік науқан", "жеті шелпек" қатарлы ұғымдар бар. Осылардың қадір-қасиеті мен мән-мағынасын ұмыттық. Жеті атасын білмейтін ұрпағымыз бар. Жеті қазынаның қасиетін білмейміз. Жеті жұт боларын ұмытып, ысырапшылдыққа бой алдырдық. Қойылымдағы бас кейіпкердің жетінші сызықтан, яғни, қара сызықтан өте алмауының себебі сол дүниелерді білмегендіктен, қадірлемегендіктен, ұмытқандықтан. Осы дүниелердің құндылығы туралы көрерменге ой салуды көздедік. Сызықтың қара мен ақ болуының да астары бар. Ол көздің қарасы мен ағы. Автор көздің тойымсыздығын, көрсоқырлығын айтқысы келген.


?Сахананың киесі бар дегенге қаншалықты иланасыз?

- "Театр - екінші мешіт" деп жатады үлкен кісілер. Сондықтан сахна мен өнердің киесіне ұрынып қалмас үшін тазаланып шығуға тырысамын. Сомдалатын әрбір образ сол кейіптегі адамның жандүниесі. Актер болған соң жауыз болып та, алқаш болып та ойнайсың. Сахнада біреудің қанын ішесің, қорлайсың, алдайсың. Бірақ осындай образдарды ашу үшін артық әрекетке бармау керек. Бәлкім біреу алқаштың образын ашу үшін "аққайнардан" жұтып алуы мүмкін. Ойнаған образыңды дер кезінде жан-дүниеңнен жойып, өз болмысыңа орала білу керек. Мен сахнаға шыққан сайын жан-дүниемді, ойымды тазартып шығамын.

?Қай рөл жаныңызға жақын?

- Актерге рөлдің қиыны немесе оңайы болмайды. Қай кейіпкерді болса да сомдап шығуға тырысады. Мен комедия жанрындағы рөлдерді де, драма жанрындағы кейіпкерлерді де ойнадым. Менің жаныма бәрі жақын.


?Қойылым үстіндегі қызықты оқиғалардың бірімен бөліссеңіз?

- Театрда қызық оқиға көп болады. Өнер аспанына жарқ етіп шығып, жұлдызы ерте сөнген Рүстем Есдәулетовтің жетекшілігімен "Ақбілек" деген спектакльді қойып жатқанбыз. Мен сол спектакльде Мұқаштың рөлін сомдаймын. Сценарий бойынша Ақбілектің әкесін, ағасын сынаймын. Оны орыстың офицеріне қосу керекпін. Сөйтіп, сахнада Ақбілекті қамшымен осып жүргенде сәукелесі ұшып кетті. Сәукеле жерге түсіп қалған соң алдым да, "Ақбілек атың өшсін" деп лақтырып қалдым. Сәукеле сахнаның сыртына емес, ортасына жасап қойған құдыққа түсті де кетті. Сценарий бойынша келесі көріністе оны киіп шығу керек болатын. Содан құдықтан сәукелені алып шығудың амалын ойлас-тыра бастадым. Сөйттім де өзім оқитын монологтың кезегі келгенде құдықтың қасына барып, монологымды оқып-оқып келіп "Ақбілек" деп айқайлап, құдыққа еңкейсем сәукеле жоқ. "Ақбілек" деймін де қайта еңкейем, жоқ. Сөйтіп тұрғанда жарық беріп отырған орыс ағамыз түсіне қойды да, құдықтың түбіндегі жарықты жағып қалды. Қарасам сәукеле дәл алдымда жатыр екен. Алдым да "Ақбілек" деп айқайлап шығып кеттім. (күлді)

Осындай қызықтар көп болып тұрады. Ең бастысы актер ондай жағдайда жол таба білуі керек.

- Жас актерлерден қандай кемшілікті көп көресіз?

- Кемшіліксіз адам болмайды ғой. Іздейтін болса, бәрімізде де кемшілік бар. Шама келсе адамдардың кемшілігін емес, артықшылығын көргім келіп тұрады. Қазіргі жастар үлкенді сыйлау, құрметтеу деген мінезін жоғалтып алған сияқты. Бұл ойымның жеке бір адамға қатысы жоқ. Кейбір жас актерлер алдыңғы арбаның жүріп өткен ізіне қарамайды. Жол ортадан қосылады да, жол бастаймын дейді. Драмаға толы өмірдің артында тартысты жол қалғанын, алдында ауыр соқпақ барын ұқпайтындай. Сондықтан да, жастар рөлдің үлкен-кішісі жоқ, актердің үлкен-кішісі бар екенін түсінсе деймін. Біз үлкен актерлерден бұрын дастарханға отырмайтынбыз. Мені сол кездегі өнер ортасы солай тәрбиеледі. Бұл әрекет менің өмірлік әдетіме айналды. Мен шәкірттерімді де солай тәрбиелеуге тырысып жүрмін.

?Сол шәкірттеріңіздің, яғни, "шабыт" студенттер театрының халі қалай?

- "Шабыт" студенттер театрының құрылғанына биыл бес жыл толып отыр. Мен алғаш тізгінін қолға алған кезде театр құрамында болған балалар бітіріп кетті. Бұл студент жас-тар театры болғаннан соң, бір буынды бір буын алмастырып отыруы заңдылық.

Біз ең алғаш Мұқағали Мақатаевтың "Шәмілге хат" деген өлеңіне инсценировка жасап, сахналадық.
С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың кішігірім залдарының бірінде қойдық. Сәтті шықты. Арықарай жалғастырып келеміз.

Бұл театрға қазіргі құрамдағы 4 - курс студенттері көп еңбек сіңірді. Еңбегінің жеңісін де, жемісін де көрді. Былтыр Талдықорған қаласында өткен студент жастар арасындағы театр фестиваліне қатысып, жүлдемен оралдық. Одан өзіміздің С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да жастар жылына орай, республикалық театр фестивалін ұйымдастырдық. Оған еліміздің әр өңірінен 10 студенттер театры келіп қатысты. Биыл сол үрдіс Нұр-Сұлтан қаласында "Үміт - 2019" деген атаумен жалғасты. Барып қатысып қайттық. Құр қайтпадық, тағы да жүлдемен оралдық. Бұл байқауды дәстүрге айналдырамыз деп уағдаластық. Осындай фестивальдерге барып қатысуға университет ректоры Мұхтар Әдіблекұлы үнемі қолдау көрсетіп келеді. Алдағы көктемде театрымыздың бес жылдығын жоғары дәрежеде өткізуді жоспарлап отырмыз.


?Өзіңіз қайдан түлеп ұштыңыз?

- Менің туған жерім Шұбартау, түлеп ұшқан жерім - Семей. Әкем шопан болған. Шешем 14 құрсақ көтерген батыр ана. Үйдің кенжесімін. Біздің бала кезімізде сахман басталған шақта ауылға халық театрлары келіп, қойылым қоятын. Театрға деген махаббатым сол кезден бастап оянса керек-ті. Кейін 7-ші сынып оқып жүргенде Аягөз ауданындағы №3 мектепке ауыстым. Сол мектепте жүргенде көптеген сайыстар мен іс-шараларға қатысып, өзімді шыңдай түстім. Мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясына аттандым. Бірақ, сол жерде жолыққан ағаларымның бірі Семейдегі Абай атындағы музыкалық драма театрының ішінен студия ашылады екен, сонда бар деп жол сілтеді. Сөйтіп, Семейге оқуға аттандым. Сол жерде оқу бітіріп, біраз жыл қызмет істедім.

Бертін Семейдегі сол қарашаңырақта қайтадан қызмет қылсам ба деп ойладым. Бірақ, Өскеменге үйреніп, танылып қалған соң кеткім келмеді.


?Қазіргі таңда театрға баратын көрермен көп пе?

- Қазір театрдың көрермені көбейіп келеді. Енді сол көрерменді жоғалтып алмаудың жолын қарастыруымыз керек. Көрермен талғамына сай, тартымды дүниелер сахналанса деп ойлаймын. Қазіргі көгілдір экрандағы кинолар бір-біріне ұқсап кетті. Театр осы әрекетті қайталамаса, көрермені күн сайын көбейе түсері анық.


?Кино саласына бет бұратын ойыңыз жоқ па?

- Киноға түсуге бірнеше рет ұсыныс болды. Белгілі жағдайларға байланыс-
ты бас тарттым. Шындығын айтқанда, бара алмай қалдым. Жаңа жылдан кейін бір киноға түсіп қалуым мүмкін.


?Кімді үлгі тұтасыз?

- Негізі ниеті таза, көңілі пәк адамдардың барлығынан үлгі аламын. Үлкен ағаларымызға еліктеп, ұқсап бағуға тырысқан кезіміз де болды. Жақсы адамдарға жақын жүруге тырысамын.


?Қазақтың қай құндылығынан айырылып қалдық деп ойлайсыз?

- Бала тәрбиесін бұзып алған сияқтымыз. Ұрпақ тәрбиелеудегі қаталдық пен мейірімділіктің орнын ауыстырып алдық. Балаға тым мейірімді боламыз деп, бұрақтаған, босбелбеу ұрпақ өсіріп жатқандаймыз. Біздің қазақ ер баланы қаталдықпен тәрбиелеген. "Ұрпақ бұзылса, ұлт бұзылады" деген сөзді естен шығармауымыз керек.


?Оралхан Бөкейдің "Атаукере" романында "Неге біз осы..." деген сұраулы сөйлем қайталанып отырады. Өзіңіз де Тағанның рөлінде ойнағансыз. Сіз осы сөйлемді қалай жалғастырып, не айтар едіңіз?

- Неге біз осы арымызбен арпалыспаймыз?! Керісінше біреудің жамандығын іздей береміз. Неге біз осы ұсақталып барамыз?! Неге біз осы көрсеқызармыз?! Неге біз осы үлкенді сыйлап, құрметтеуді жоғалтып алдық?! Неге біз осы өмірдің өткінші екенін ұмыта береміз?!


Следующая →