Өскемен
ясно
-12°
  • Өскемен
    -12°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -3°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    -2°
  • Қарағанды
    -4°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    -3°
  • Шымкент
    +8°
$
498.51
+0.17
522.84
+3.12
¥
68.81
+0.02
4.81
-0.04
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Галина Пестрякова
Ақпарат көзі:
Устинка

Жолға жұмсалған қаржы желге ұшпасын деп...

Шығыс Қазақстан облысының жолдарына төселген асфальттың сапасы сын көтере ме? Жол сапасына сынама жасайтын орталық мамандары осы сауалға жауап іздеді

Елордадан шығысқа келген мамандар аймақтағы жуықта ғана жөнделген жолдардан асфальтты ойып алып, арнайы зертханада тексерді. Нәтижесінде бірқатар олқылықтар анықталды. Мамандардың айтуынша, кей мердігерлер жұмыстарына жүрдім-бардым қарап, құрылыс талаптарын сақтамайды. Соның кесірінен төселген тас жол жыл толмай опырылатын көрінеді. Зертханашылар тексерілген жолдарды бұған дейін де тексеріп, кем тұстарын тізіп берген. Мысалы, табиғи құм-қиыршық тастың орнына ұсақталған құм төселген. Жол жиегі мен арықтардың салынуы да талапқа сай келмейді. Алайда ескертулер жауапты мердігер ұйым тарапынан ескерусіз қалған.

Ахмерге асфальт қайта төселеді

Өскеменнің іргесінде биыл ғана жөнделіп, қыруар қаржы жұмсалған жол сапасы әлден сын көтермей жатыр. Атап айтқанда, Жаңа Ахмерге апаратын құны 155 млн теңге болатын 3 шақырымдық тасжол өрескел бұзушылықтармен салынып жатыр. Мұндай олқылықтарды журналистер тобы мен елордадан арнайы келген "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" мамандары анықтады. Жоба бойын-
ша жол қазан айының соңында жөнделіп бітуі тиіс. Алайда мердігер тапсырылған жұмыстарын тез аяқтауды ұйғарған. Нәтижесінде мердігерге айтар сын көп.

- Қиыршық тас салынбаған. Бұл жалпы стандартқа сай емес. Төменгі жағын қазып қарасақ, төменгі жағы бос деген сөз. Су жиналып тұр. Үлкен мәселелер осындай кішігірім олқылықтардан туады. Сайып келгенде осының бәрі біздің экономикамызға кесірін тигізіп отыр ғой. Солай емес пе? - деп "Жол активтері ұлттық сапа орталығы" РМК бас директоры Замир Сағынов мердігерге қарата сөйледі. - Мәселе асфальттың өзінде емес, оның астындағы қабатта болып отыр. Осы себепті асфальт дымқыл және сегрегация пайда болған. Сондай-ақ, төсеген кезде үсті салқындап, асты ыстық болған. Сол үшін асфальт біркелкі емес, тығыздалмаған. Яғни, тығыздық коэффициенті сақталмаған. Келер жылды білмеймін, одан кейінгі жылдарда жол жыртылып, ақаулар пайда болады деп айта аламын. Сол себепті мердігер жолдың бетіне ылғал өткізбейтін асфальтбетон төсеуі керек.

Қайткенмен мердігер олқылықтарды өз есебінен жоюға міндетті. Құрылыс жұмыстары аяқталғанша облыстағы жергілікті маңызға ие елді мекендердегі тасжолдар тексеруден өтеді. Басты міндет - жұмыстардың сапалы орындалуы. Кімде-кім бұл талаптарды ескермейтін болса, онда келесі жылы тендерге қатыстырылмауы әбден мүмкін. Иә, қайта жөндеу жұмыстары мердігерге де оңай емес. Ол да шығынға батады. Шығынға батқаннан кейін кәсібін де алға жылжыту қиын болмақ.

Түсініспеушіліктер жөнделіп жатқан жолдың басқа аумағында да туындады. Олқылықтарға қатысты мердігердің айтар уәжі де бар.

- Айтарлықтай кемшіліктер жоқ. Жол жөндеу кезінде біздің тараптан кеткен ақау шағын ғана. Жақын арада қалыпқа келтіреміз. Мүмкін жұмысшылар дұрыс істемеген болар. Алайда мына жол бойында 5-7 жыл шұңқыр болмайтынына өз басым сенемін. Асфальтты 5 шақырым жердегі зауыттан тасимыз. Ал астыңғы қабат бойынша жұмыстар сметалық құжатта жоқ. Біз атқарған жұмыс орта жөндеу жұмыстарына жатады, - дейді Ахмердегі 3 км 700 метр жолды жөндеген мердігер, "Шығыс асфальт" ЖШС-ның директоры Асқар Жақыпбаев.

38 млрд теңге бөлінген

Қазір аймақта жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр, әсіресе облыстық, республикалық маңызы бар Өскемен - Қалбатау, Қалбатау - Алматы, Қалбататау - Майқапшағай, Семей - Павлодар жолдарында құрылыс жұмысы қарқынды. Облыс жолдарына ғана соңғы жылдары барлығы 38 млрд теңге бөлінді. Бұрын-соңды республикалық бюджеттен мұндай қаржы бөлініп көрмеген. Ал салынған, жөнделген жолдың сапасына аймақ тұрғындарының көңілі толмайды. Жалпы автокөлік жолдарының сапасы - еліміздегі өзекті мәселелердің бірі екені белгілі. Жол құрылысы мен жөндеуіне қомақты қаржы қарастырылса да, атқарылып жатқан іс мардымсыз, ал төселген жолдың сапасы төмен. Осы олқылықты жою мақсатында, биыл наурыз айында ел үкіметінің қаулысымен "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК құрылған еді. Оның мақсаты - автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу кезіндегі жұмыстар мен қолданылатын материалдардың сапасына сараптама жүргізу.

Орталықтың бас директоры Замир Сағыновтың айтуынша, енді автожолдарды салу, жөндеу, күтіп ұстауға қажетті құрылыс материалдарының сапасынан бастап, көрсетілетін қызметтердің құнына дейін бақылауға алынады. Инспекция барысында жұмыс жүргізу технологиясының, жол төсемінің орналастырылатын қабаттарының геометриялық параметрлерінің (ені, қалыңдығы), сондай-ақ асфальтбетонды төсеу қағидаларының сақталуы тексерілді. Жол төсемінің айтулы кемшіліктерін анықтаған жұмысшы тобы өз қорытындыларымен басқарламалармен бөліспек ниетте. Осыдан кейін жол жөндеуге жауапты тұлғалармен жұмыс жүргізу жоспарланған. Осылайша зертханашылар жылына екі рет битумы кеппеген жолдарды тексеріп, олқылықтарды түзету жөнінде тиісті органдарға ұсыныс жасайды. Жолдың сапасы көктем және күз айларында тексеріледі екен. Қадағалаушы органдар межелі мерзімде жолдың бәрін тексеріп үлгермейді. Оған уақыт және маман тапшы.

- Мына жылжымалы зертхана астында лазері, датчиктері бар. Бір жүріп өткенде, жол қабатының сапасын лезде анықтап, компьютерге жазады. Қазір сапаны алдын ала қадағалап отырсақ, кейін қайта жөндеу азаяды. Асфальтбетонды қоспаның тығыздығы, суыққа шыдамдылығы және қиыршық тас, құмдардың сапасы осы зертхана көлігінде тиянақты тексеріледі, 3-4 жылда республикадағы барлық жолдарды цифрландырмақпыз. Содан кейін оны сайтқа енгізіп, тапсырыс берушіге ұсыныстар береміз. Яғни, оларға қай жерге қандай жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігі жайында алдын ала анықтама береміз, - дейді орталықтың аймақтық филиалының жол инженері Дәурен Жанұзақов.

Аумақты көзбен шолып өткен мамандар арнайы құрал-сайманның көмегіне жүгінеді. Әр жерден асфальтты шаршы түрінде кесіп, сынауға қажетті үлгі алады. Ұлттық орталық 6 айда шығыстағы 238 нысанды аралап, 249 әртүрлі олқылықтар тапқан. Жалпы республика көлемінде орталық филиалдары 4 жарым мыңдай жол-нысанды аралаған.

"Ауруын жасырған өледі"

Бізде жолдың құрылысы бірнеше жылға жоспарланады. Оған дейін жүргізушілер мен жолаушылар ойқыш-ұйқыштарда төзімін серік етіп, шыдап жүре береді. Қыруар қаржыға төселген күре жол бастапқыда тақтайдай тегіс болады. Бірақ қуанышымыз көпке созылмайды. 


Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Ренат Нәбиев "мұндай жағдайда үндемей қалуға болмайды" дейді. Тоқетерін айтқанда, халық шуламаса, істің оңалмайтын түрі бар.

- Жолаушылар сол мезетте ойқыш-ұйқышты көргенде, смартфонның камерасына түсіріп алуы керек. Орнын және өзінің аты-жөнін жазып, сол фото, видео, аудио хабарламаны тиісті органдарға жолдаса дұрыс болады. Облыстық әкімдіктің сайтында қоғамдық бақылау парақшасы бар. Сонымен қатар, "Адалдық алаңы" жобасы жұмыс істеп тұр. Шағымды жеткізетін жерлер жетерлік. Тек қарап қалмау керек. Жолдағы кем-кетіктер назарсыз қалмайды. Біз мердігерлерді шақыртып, құрылыстағы қателіктерін түзетуін сұраймыз, - дейді Ренат Нәбиев.

Айта кетейік, талап бойынша тротуарға төселетін асфальттың қалыңдығы ең кемі - 4 см, ал жолдың қабаты - 5 см-ден кем болмауы тиіс. Күрделі жөндеуге 5 жыл, орташа жөндеуге 2 жыл кепілдік беріледі. Осы мерзім аралығында мердігерлер бүлінген жол қабатын уақытында қалпына келтіруге міндетті.

Кеселдің барлығы - жемқорлықта

Жолдың техникалық талаптары тексерілгенімен, оны тексерген комиссияға жауапкершілік арта алмайсың. Аймақта салынып жатқан жолдарға көңілі толмаған қоғам белсенділері де осындай мәлімдеме жасап отыр. Айтуларынша, салынып біткен жолдардың сапасын тексеру шаралары тым көмескі, көлеңкелі әрі жауапты тұлғаны жазаға тарту мен міндет жүктеу жағы да осал. Сондықтан да қазір салынып жатқан жолдардың сапасы нашар. Қоғам белсенділерінің айтуынша, жолдар жақсы болуы үшін алдымен осы саладағы жемқорлықты жою керек.

- Кеселдің барлығы - осы жемқорлықта. Осыдан 10 жыл бұрын Қытайдың жол қызметкерімен сөйлескенде "бізде де жемқорлық бар, бірақ сіздерде метрлеп, бізде миллиметрлеп жейді" деп күліп еді. Әсіресе, осы жол құрылысында. Соның бәрі болмаса да, бір шындығы бар деп ойлаймын, - дейді "Алтай асуы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков.

Сондықтан аймақтағы қоғам белсенділері жолдың техникалық талаптарын тексеретін әрі қабылдап алатын тұлғаларды жауапқа тартудың жолдарын реттеп, заңға өзгерістер енгізу жағын қарастыруды ұсынады.

- Өзімізді-өзіміз алдап әбден шаршадық. Тексерістің де, техникалық талаптардың да барын біліп отырмыз. Бірақ сол тексеріс дұрыс орындалмайды. Техникалық бақылау жағынан да, мердігер мен тапсырыс беруші жағынан да сыбайлас жемқорлық бар, - дейді ШҚО Қоғамдық кеңес мүшесі Олег Чернышев.

Жемқорлықпен күресуге жауапты азаматтар енді Ұлттық жол активтері сапасы орталығымен рейдке шығуды әдетке айналдырмақ. Жалпы, жол сапасын бақылау жұмысына кез келген адам өз үлесін қоса алады.

Анықтама үшін: Жолдардың сапасыздығы анықталған жағдайда кез келген азамат +7 (7172) 739-739 нөмірі немесе jolsapapress@gmail.com электронды поштасы арқылы ақпаратты хабарлай алады.

Следующая →