Өскеменде жүздеген адам жүгіріске қатысты
Өскемен қаласының туған күніне орай жаппай жеңілатлетикалық жүгіріс өтті
Өз күштерін сынауға бес жүзге жуық қала тұрғыны жиналды. Тек кәсіпқой спортшылар емес, марафонсүйер қауым және салауатты өмір салтын ұстанушы азаматар да келді.
Жиналғандар Serebro мейрамханасынан Астана көшесіндегі Shiny River қонақ үйіне дейін ауа райының қолайсыздығына қарамай 3,5 шақырымды еңсерді.
- Қала күніне орай шаһарда алғашқы жүгіріс ұйымдастырылып отыр, - дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Серік Жеңісов. - 600-ге жуық адам келгеніне өзіміз де таңырқап қалдық. Қазір бұл спорт түрі сәнге айналған. Алдағы уақытта да дәстүр жалғасады деген сенімдеміз.
Шабандоздар арасынан үздіктері де анықталып, марапатталды. Нәзік жандылар арасында Лариса Переверзева, ерлер арасында Нұрлан Бауыржанұлы үздік деп танылды.
Одан өзге, жүгіргендердің арасында жасы үлкен Ольга Кириченко (61 жаста) мен ең жас қатысушы Артур Ефремов (13 жаста) те естелік сыйлыққа ие болды.
- Мен фристайлмен айналысамын. Жылдам екенімді білемін, жылдам жүгіремін, - дейді Артур. - Қашықтықты еңсеруге барымды салып, 15-ші болып келдім. Бұл мен үшін айтулы жетістік.
Айта кетейік, алғашқы болып топ жарған ондық сыйлықсыз қалған жоқ.
Следующая →