Өскеменнің полицейлері Азия чемпионатында екі алтынды қанжығалады
Қырғызстанның Чолпан-ата қаласында қоян-қолтық ұрыстан біріншілік өтті
Жарысқа Азияның 12 елінен жиналған кіл мықтылар қатысты.
Қазақстанның құрамында өнер көрсеткен 15 спортшының екеуі Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің оқу-жаттығу взводының қызметкерлері, полиция капиандары Асылбек Смаилов пен Айбек Саметаев. 80, 85 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен дәл осы азаматтар Қазақстан құрамасының қоржынын екі алтын жүлдемен толықтырды.
- Халықаралық турнирге қатысудың өзі үлкен жауапкершілікті жүктейді әрі мәртебе, - дейді батырлар. - Сонымен қатар, бұндай ауқымды жарыстардан үйренеріміз де көп, жаңа әдістер меңгеріп, әр елден келген әріптестермен танысып, жаңа дос табасың.
Жарыстан елге оралған бойда спортшылар өз қызметтеріне кірісіп кетті.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, еліміздің атынан барған спортшы полицейлердің арқасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте абсолютті жеңімпаз атанса, екінші орынды Ресей, қола жүлдені Қырғызстан иемденген.