Виноградов көшесінің аулалары абаттандырылуда
Алайда №№19, 21, 23, 25, 27 тұрғын үйлердің тұрғындары жөндеу жұмыстарының бей-берекет жасалып жатқанына наразы
Ауланың іші күл-талқаны шығып, шашылып жатқанына екі ай уақыт болды. Тұрғындардың жүріп-тұруына ыңғайсыз.
- Асфальтты алып тастағанына екі айдай болды. Содан бері ештеңе істеген жоқ. Қопарып тастаған жерлері сол беті шаң-шаң болып жатыр. Қашанға дейін күтеміз? Мүмкін жұмысты аяғына шейін жеткізбейтін де шығар... - дейді қала тұрғыны Елена Идришева.
Бұдан кейін жұмыстың неге аяқталмай жатқанын білу үшін мердігер компанияларға жүгінген болатынбыз. Ал олар әкімшіліктің тендер өткізу шаруаларын тым созып жібергенін айтып отыр.
- Тендерді Өскемен қаласының әкімдігі ұйымдастырады. Келісімшартта қай фирма қай уақытта жұмыс бастап, қай уақытта бітіру керектігі көрсетіледі. Келісімшартқа екі жақ та қол қоймай, жұмыс бастай алмаймыз, - дейді "Благоустройство" ЖШС директоры Данияр Абжанов.
Мердігердің айтуынша, тапсырыс берушімен, тұрғын үй пәтер иелері кооперативімен, тұрғындармен келісімшарт жасауға да көп уақыт кетеді.
- Аулаға тас төсегіш қойылып, балалар алаңы салынады. Кесілген ағаштардың орнына тал егіледі. Тұрғындарға біраз күте тұруға тура келеді. Ал бәрі болған соң, қуанары анық, - дейді Данияр Абжанов.
Ал жоба бойынша жұмыс осы жылдың қараша айының соңына дейін аяқталуы тиіс.