ШҚО-да орман шаруашылығына қажет өрт сөндіру техникалары қажет
Орман шаруашылықтарының техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталуының орташа көрсеткіші 78 пайызға тең, ал ШҚО-да ол 63%-ға ғана жетеді
Шығыс Қазақстанның орман алқабы үлкен болғандықтан, оны оттан қорғау үшін мол техника қажет екені түсінікті. Облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының хабарлауынша, 2016 жылы орман шаруашылықтарына 15 кішкене өрт сөндіру кешені, 2017 жылы өрт сөндіру көліктері мен патрульдік мәшіндер сатып алынса, 2018 жылы Алтай орман шаруашылығына автокөлік сатып алынған.
Алайда техника әлі де жеткіліксіз.
- Материалды техникалық базаны жақсарту жұмыстары әлі де жалғасады. Техникамен жабдықталу көрсеткішін 80%-ға дейін арттыруды көздеп отырмыз. Қалған техникаларды биыл сатып аламыз деген жоспардамыз, - дейді басқарма басшысы Мұрат Құсайынов.
Былтыр орманда 19 ірі өрт болған, биыл бір гектарға жуық орманды ғана өрт шалды. Алайда бел босатуға болмайды. Өрт науқаны енді ғана басталды. Адамдардың демалысы көбейіп, табиғатқа шығуы жиілейді. Сол кезде өрт те көбеюі мүмкін.