Өскемен
пасмурно
+4°
  • Өскемен
    +4°
  • Алматы
    +6°
  • Астана
    -3°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +9°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    -4°
  • Көкшетау
    -3°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +4°
  • Павлодар
    -2°
  • Петропавловск
    -3°
  • Тараз
    +4°
  • Туркестан
    +3°
  • Шымкент
    +7°
$
494.87
-0.33
520.65
-1.69
¥
68.34
4.91
-0.03
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Қымбат Слямбеков
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Мал ұрлағандарға жаза күшейтілмек

Шығыста мал ұрлығы азаймай тұр. Бұрында жылқыны үйірімен, қойды қорасымен бірге айдап кететін ұры-қарылар енді ауыл маңында, өрісте жүрген бірлі-жарым малды білдірмей айдап кететін болған

Егер ресми деректерге сүйенсек, шығыс өңірінде былтыр 473 мал ұрлау фактісі болғанын, оның 300-ден астамы ғана ашылғанын көреміз. Қалған 170-тен аса мал ұрлығын кім жасағаны белгісіз күйде қалып отыр. Ал 2017 жылы тіркелген 62 мал ұрлығы ашылмай, келесі жылға қалдырылған. 

Ал осы жылдың бес айының ішінде 128 мал ұрлығы болған, оның тек жартысы 68-і ғана ашылған екен. Полицейлердің айтуынша, ұрлау мен тонау қылмыстарының үштен бір бөлігі ашылмай қалады. Ал мал ұрлағандардың жартысы жазадан құтылып кететін көрінеді. Бұған дерек пен дәйектің жеткіліксіздігі себеп. 
- Ірі қара мен жылқы көп ұрланады. Өйткені адамдардың көбі оны бақпайды, өріске айдай салады. Сиыр-лар өрістен оралғанымен, жылқыға мүлдем ешкім қарамайды. Шағым айтып келгендердің көпшілігі малдың қашан, қай жерде жоғалып кеткенін айта алмайды. Қылмыстың ізі суыған соң, оны табу да оңай емес, - дейді ШҚО Полиция департаментінің криминалды полиция басқармасы басшысы Нұркен Көпжасаров.
Ал бақташылар малынан қапыда көз жазып қалатынын айтады. Яғни, ұрылар да бақташының қай уақытта малын өріске жіберіп, ал қай уақытта өзі барып бағатынын аңдып отыратын көрінеді. 
- Бұрын кәдімгідей қылмыстық топтар мал ұрлаумен айналысатын. Олардан қорыққан жұрт та малына сақ қарайтын. Қазір елдің өзі де біраз босаңсып кеткен сияқты: бұрынғыдай ұры-қары болмаған соң, малға да сеніп жүре береді. Содан малдың қалай ұрланып кеткенін де байқамай қалатын болдық, - дейді ақжарлық мал иесі Нығметолла Зейнелов.
Қазір мал бағасы қымбаттап бара жатқаны белгілі. Әсіресе, жылқы қымбатқа саудаланып жатыр, кем дегенде, 300 мың теңге. Ал соғымдық жылқылардың бағасы 500 мың теңгеге дейін өсіп кетті. Сиырдың бағасы, тіпті, 200 мың теңгеден түспей тұр. Мұндай ақша кімді болса да, еліктірері сөзсіз. 
- Ұры, көбінесе, жанымыздан шығады. Дәмдес болып жүрген ауылдасыңның өзі ұры болып шықса, таңқалмаңыз. Қыста ғана Маңырақта екі ірі қара ұрлап ұсталған ұры өзіміздің ауылдасымыз болып шықты. Оның мал ұрлайтынын ешкім де сезген жоқ, - дейді тарбағатайлық бақташы Бердібек Әміров.
Мал ұрлығы жиі болатын аудандардың арасында Ұлан, Жарма, Тарбағатай аудандары алда тұр. Мәселен, Ұлан ауданында алдыңғы жылы 48 мал ұрлығы орын алса, оның тек 14-ы ғана ашылған екен. Ал Тарбағатайда болған 40 ұрлықтың 22-і, Жармада болған 57 мал ұрлығының 25-і ғана ашылған. 
- Ұлан ауданы тоғыз жолдың торабында жатқандықтан мал көп ұрланады. Тас жолмен өтіп бара жатқан кез келген адам маңайда жүрген малды тиеп әкетуі мүмкін. Бұл оларға оңай олжа, - дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Болатбек Мамарбаев.
Қазір елде онсыз да мал азайып бара жатқанда, ұрлық пен барымташылықтың елге тигізер зияны орасан зор екені айтпаса да түсінікті. Елдің ішкі істер министрі мал ұрлау қылмысын ауыр қылмыстар қатарына қосуды қалап отыр. Яғни, оңай олжалы болғысы келгендерге енді жаза ауыр болмақ. Барымташылар ұрланған мал иесімен татуласып, жазадан құтылып кетуіне жол берілмейді. 

Ал тәртіп сақшыларының айтуынша, мал ұрлығы қазіргі таңда ауыл кәсібі мен ауыл адамдарына айтарлықтай шығын келтіруде. 
- Соңғы үш жылда елде 19 мыңнан астам мал ұрлығы жасалды, 60 мыңнан астам мал басы ұрланды. Олардың жартысынан астамы иесіне қайтарылғанымен, жартысына жуығы ашылмай қалуда. Ішкі істер министрлігі мал ұрлығын қатаңдату мақсатында Қылмыстық Кодекске жеке бір бап енгізуге бастама көтерді. Сәйкес заң жобасы таяу уақытта парламентке енгізілетін болады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар әзірлейтін малды жаю жөніндегі ережені бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесі қарастырылуда, - деп түсіндірді ҚР ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.

Следующая →
Тақырыптар: Мал ұрлығы ШҚО Жаза