Мүмкіндігі шектеулі балалар білімдерін қайда жалғастырады?
Аймақта сөйлеу және есту қабілеттері шектеулі, сондай-ақ, зағип жандардың білім алуына жағдай жасалған арнайы орта немесе жоғары оқу орны аз
Биылғы оқу жылында облыста 28 оқушы: оның 16-сы көзі нашар көретін, 5-еуі нашар еститін, 7-еуі естімейтін бала мектеп бітірді. Ендігі уақытта осы 28 баланың тағдырына алаңдайтын тек ата-ана. Себебі олардың ары қарай жоғары не орта білім алып, мамандық игеріп, қоғамда өз ортасы мен жолын, нәпақасын табатынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Аймақта арнайы 6 мектеп бар
Осы мәселенің басын ашып алу үшін әуелі білім басқармасынан тіл-құлақ кемістігі бар және зағип балаларға арналған қандай мектептердің барын біліп, тізімін алдық. Жалпы барлығы облыста осы санаттағы балалар үшін 6 білім беру ұйымы бар екен. Бүгінгі таңда бұл білім ордаларында 589 мүмкіндігі шектеулі бала оқып жатыр. Олар:
- Алтай қаласында "№ 2 Естуі мен сөйлеуі нашар балаларға арналған түзеу мектеп-интернаты" (138, оның ішінде 14 нашар еститін оқушы);
- Семей қаласында "№4 нашар еститін балаларға арналған мектеп-
интернат" (81);
-"Есту қабілеті бұзылған (естімейтін) балаларға арналған мектеп-интернат" (68);
- "№3 нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернат" (155, оның ішінде 6 көзі көрмейтін);
- Өскемен қаласында "Мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған "Ақ ниет" мектеп-интернаты" (76, оның ішінде нашар еститін 7 бала);
- "Нашар көретін балаларға арналған №14 мектеп-балабақша кешені" (71).
Сондай-ақ, аталған санаттағы балаларға арналған арнайы сыныптар да бар. Өскемен қаласының №37 орта мектебінде нашар еститін және естімейтін балаларға арналған 5 арнайы сыныпта 20 оқушы, №19 қосымша білім беру мектеп-орталығында зағип балаларға арналған 1 арнайы сыныпта 4 оқушы білім алып жатыр.
Мүмкіндік бар ма?
Басқарма өкілдерінің сөзінше, 2017-2018 оқу жылында жоғарыда аталған білім ұйымдарын 24 түлек бітірген, оның 23-і кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарында білімін жалғастыруда.
- Денсаулықтарында ақаулары мен басқа да шектеулері бар тұлғалар мектеп бітіргеннен кейін Шығыс Қазақстан облысы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің оқу орындарында, яғни, колледждерде білім алуға толық мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, осы санаттағы адамдардың жұмысқа орналасуына мүмкіндіктер қарастырылған. Нақты айтсақ, 2018-2019 оқу жылында Шығыс Қазақстан облысы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің оқу орындарында денсаулықтарында ақаулары мен басқа да шектеулері бар білім алушылардың жалпы саны 423 адамды құрайды, - деп атап өтті облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанова.
Оның ішінде, 4 оқу орнында ерекше білім беру мүмкіндіктері бар 215 студент мемлекеттік грант бойынша білім алып жатыр. Олар: Шығыс Қазақстан технологиялық колледжі - 72 адам (оның ішінде есту қабілеті нашар - 40 адам, көру қабілеті төмен - 5 адам, басқа диаг-ноздары бар - 27 адам); Өскемен қызмет көрсету саласы колледжі - 42 адам (есту қабілеті нашар - 22, басқа диагноздары бар - 20 адам); Өскемен көпсалалы колледжі - 71 адам (есту қабілеті нашар - 3 адам, көру қабілеті төмен - 1 адам, басқа диагноздарымен - 67 адам); Глубокое техникалық колледжі - 30 адам (көбінесе ақыл-ой кемістігі бар балалар).
Сонымен қатар, аталған колледждерде "Тамақтандыруды ұйымдастыру", "Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша)", "Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу", "Жиһаз өндірісі (түрлері бойынша)", "Туризм", "Шаштараз өнері және сәндік косметика", "Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану" мамандықтары бойынша білім алып шығуға мүмкіндік қарастырылған.
- Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 13-17 мамыры аралығында "Worldskills" IV кәсіби шеберлік аймақтық чемпионаты аясында алғаш рет мүмкіндігі шектеулі тұлғалар арасында "Abilympics Shygys" чемпионаты өткізілді. Аталған шараның мақсаты - мүмкіндігі шектеулі адамдарды кәсіптік білім алуына және жұмысқа орналасуына ынталандыру, сондай-ақ жұмыс берушілерді инклюзивті кәсіптік білім беру үдерісіне тарту, осы санаттағы адамдардың жұмысқа орналасуына жағдайлар жасау болып табылады, - дейді басқарма басшысының орынбасары.
Ана көңілін бала болашағы алаңдатады
Мұның барлығын тізбектеп жатқанымыздың себебі де бар. Жақында редакцияға семейлік Райхан есімді ата-ана хабарласты. Райхан Мүбаркованың 16 жастағы үшінші топтағы мүгедек қызы Семейдегі сөйлеу және есту қабілеттері шектеулі балаларға арналған мектеп-интернатын биыл бітірген. Енді қызының алдағы өміріне алаңдаған анасы мүмкіндігі шектеулі жандарға мектеп қабырғасында оқытылатын мамандықтардың болмағандығына налып отыр. Ата-ананың айтуынша, бұл балалардың қоғамға енді бейімделіп жатқан шағында өзекке тебу деп ойлайды.
- Мен қызымның болашағына алаңдаймын. 10-сынып бітіріп, қолдарына атестаттарын алып, жан-жаққа кетті. Қызымның сыныбындағы 4 бала шалғай ауылдардан келген балалар болатын. Енді олар, тіпті, қалаға мүлде келе алмайтын шығар. Ал мектепте олар интернатта тұрып оқыды. Енді баламның білімін жалғастыратын қандай оқу орны бар екенін де білмеймін, одан бұрын оның жаңа ортаға қалай бейімделетіні мазалайды. Баламның болашағы бұлыңғыр болып тұр, - дейді Райхан.
Райхан Мүбаракова қызы оқыған мектеп-интернаттан техникалық мамандық, яғни, шашатараз, аспаз мамандығын алып шықса екен деп ойлаған. Ата-ананың айтуынша, сөйлеу және есту қабілеттері шектеулі балаларға арналған мектеп-интернат директоры бір кездері мектеп түлектерінің мектеп бітіру туралы аттестатпен бірге шаштаразшы, тігінші, оператор-программист мамандығын алып шығуы үшін құжаттар жинаған көрінеді. Алайда мемлекеттің онсыз да шөміштеп төгіп жатқан қаржысын баз біреулер бөліскісі келмей, ұсынысты қабыл алмаған сыңайлы. Енді мектеп осы себепті бұндай балаларға мамандықтар алып бере алмайтыны белгілі болды.
- "Мен 10 жыл бойы осында білім алуына, жатып-тұруына барлық жағдай жасалған балам үшін еш алаңдамай келген едім. Енді ол бұл мектепті бітіріп шыққан соң қайда жұмысқа тұрады? Кім болып орналасады?" деп ата-аналар шағым айтып келе бастады. Содан кейін бұрынғы директор бұл мәселемен айналысуды ұйғарып, арнайы құжаттар жинап, басқармаларға барып жүрді. Алайда ол жоба тоқтап қалды. Кейін директор зейнеткерлікке шығып кетті. Дегенмен алдағы уақытта жобаны қайта қарап, әр тетігіне мән беру жоспарда бар, - дейді директордың міндетін атқарушы Меруерт Ғылымбекқызы.
Осы орайда айта кетейік, Ақтөбедегі мектеп-интернаттың шәкірттері шаштаразшы мамандығын іс жүзінде игеріп, клиенттің сөзін ернінен түсінуге машықтану үшін интернат қызметкерлерінің шашын алып тәжірибе жинайды. 1 жылдан кейін білімін растайтын қағазын да алып шығады екен. Ал облысымызда мектеп қабырғасында жүріп техникалық мамандық алып шығатын бір-ақ мектеп бар екені белгілі болды. Ол - мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған "Ақ ниет" мектеп-интернаты. Онда оқушылар "бугталтерлік есеп және аудит", "іс қағаздарын жүргізу", "ЭВМ операторы" (2017-2018 оқу жылы), "Есептеуіш техника және бағдарламалау" (2018-2019 оқу жылы) мамандықтары бойынша білім алып, куәлік алып шығады. Одан басқа, аталған мекемеде шеберлік орталығы "Fablab" кабинеті ашылды. Онда келесі мамандықтар бойынша кәсіби даярлық жүргізіледі: бисерден тоқу, киім тігу және сәндеу, тырнақ жөндеу, ағашпен жұмыс және күйдіру, электроника негіздерін үйренеді. Бұл жалғыз мектеп білдей бір облысқа жетпейді. Бір кездері қызы үшін басқа қалаға көшуге мәжбүр болған Райхандай ата-аналар енді тағы сабыла ма?
P.S. Елордада "Интернет-технология" инновациялық мектебінің негізін салушы Әмір Сүлейменов мүгедектерді IT саласының 3 бағыты (интернет-маркетинг, бағдарламалау және дизайн) бойынша тегін оқытып жүр. Себебі қазір СММ-менеджмент, сайт жасау, интернет-магазин, андройд-қосымшалар әзірлеу, веб-дизайн сұранысқа ие мамандықтар тізімінде. Осындай мамандарды біздің атқамінер шенеуніктер аймаққа арнайы шақыртып, мүмкіндігі шектеулі мектеп бітіретін түлектерді курстан өткізіп, келешек мамандығына деген қызығушылығын арттырса, бұл санаттағы балалардың үлкен өмірге қадам басуына сеп болар еді. Алайда мұны естір құлақ болса, шіркін!..