Ұлан халқы Таврияға қашанғы сабылады?
Ауылдары мен орталығы шалғай жатқан Ұлан ауданының тұрғындары ортақ емханаға зәру болып отыр. Ал оны салуға қазынада қаржы жоқ
Ауданның өзі әкімшілік географиялық жағынан ыңғайсыз бөлінген, ауылдары шашырап, орталықтан бөлек-бөлек жатыр. Бұл халықтың құжаттама жұмысы мен ауруханаға қаралуына кедергі келтіріп отыр. Әсіресе, аурухана мәселесі елдің көкейінде жүрген, көптен бері шешілмей жатқан таптаурын тақырыбына айналды. Өйткені ауданның орталық ауруханасы Семей тас жолында, Таврия ауылында орналасқан да, ауданның күншығыс жағында жатқан ауылдар бұдан шалғайда жатыр. Ал сол ауылдың тұрғындарының келіп-кетуіне ыңғайлы аумақ Қайсенов кентінде дәрігерлік амбулаториядан басқа медициналық мекеме жоқ. Оның үстіне, бар амбулаторияның өзі ескі жатақхананың ғимаратында орналасқан, іші өте тар. Халық саны 5 мыңнан асатын кенттің өзі өз жұртын қанағаттандыра алмай отыр. Одан бөлек, Қайсеновтің маңындағы 2 мыңнан аса тұрғыны бар шағын ауылдар да осы дәрігерлік амбулаторияға келіп қаралады. Содан шалғайда жатқан ел-жұрт не қалаға, не Таврияға шапқылауға мәжбүр.
- Дәрігерлерге көңіліміз толады. Алайда ғимарат тар, кезек көп. Кенттің өзі де кеңейіп келеді, көшіп келіп жатқан жастар мол, - дейді кент тұрғыны Гүлмира Әбішева.
Жергілікті әкімдік те бұл мәселені шешуге мүдделі көрінеді. Жаңа аурухананы салуға қаржы жоқ болғандықтан, медмекемені ашу үшін басқа жақтан қаржы іздеп дал болуда. Инвесторлар табылмаған соң, биыл бос жатқан бір ғимаратты жөндеп, соны емхана ету туралы ой келген. Ал бос ғимаратты "Досжан темір жолы" беріп отыр.
- Ұлан ауданы әкімдігі мен "Досжан темір жолы" АҚ арасында желілік-өндірістік учаскенің аяқталмаған құрылыс объектісін коммуналдық меншікке беру туралы меморандумға қол қойылған. Бұл нысан жалпы 2005 жылдың 6 шілдесінде жасалған "Шар-Өскемен" темір жол желісін салу жөніндегі концессиялық келісім шеңберінде салынған болатын. Қазір нысанды коммуналды меншікке алу мәселесі қаралуда. Жалпы Қасым Қайсенов кентінде медициналық қызметке деген сұраныс жоғары: өйткені кенттің өзі аудан орталығы болып табылады әрі жанында құс фабрикасы орналасқан. Сол себепті кентте аудандық емхананың салынуы оңтайлы шешім болып табылады, - дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысының м.а. Гүлнәр Шәріпова.
Ал аудандағы орталық аурухананың бас дәрігерінің айтуынша, бұл емхана 100 адамды қабылдауға арнап жобаланған. Алайда оның қашан ашылатыны әлі белгісіз. Бәрі қаржының қаншалықты тез табылатындығына байланысты.
- Қазір аудан тұрғындарының бір бөлігі облыстық диагностикалық орталыққа барып қаралуда. Жыл сайын оған 3-6 млн теңгенің шамасында ақы төлеп отырмыз. Ал кент халқына көмек болсын деп орталық ауруханадан бірнеше дәрігер алдырып, амбулаторияға қызметке қойдық. Қазір онда онколог, кардиолог, гинеколог, лор сынды дәрігерлер бар. Амбулаторлық штатта тек үш дәрігер ғана болуы керек, ал біз сегіз дәрігерге дейін көбейтіп отырмыз, Таяқтың екі ұшы бар демекші, енді орталық ауруханаға дәрігер жетпей жатыр. Кентке жіберілген дәрігерлер аптасына бір рет сәрсенбі сайын Таврияға сабылуға мәжбүр. Алайда бәрі халық үшін, - дейді Тавриядағы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Думанбек Дауылбеков.
Қазіргі уақытта аудандық орталық ауруханада 45 дәрігер бар, олар 32 мыңнан аса адамға қызмет етеді.
Одан бөлек, орталықтан алыста жатқан, кезінде кен комбинаты ашылып дүркіреп тұрған Асубұлақ кентінің де ауруханасы жабылудың аз-ақ алдында тұр.
- Дәрігерлер жыл сайын қысқартылып жатыр. Биліктің айтуынша, бюджетте қаржы жоқ, содан дәрігерлерді азайтуға мәжбүр. Ауыл ауруханасы жабылып қалмас үшін аудан әкімі жас маманды жұмысқа қабылдаған болатын. Алайда оның науқастарды қарауға білімі жетпейді, - дейді ауыл тұрғыны Татьяна Суворова.
Десе де, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бұл ауылда біреу емеc, 6 дәрігердің жұмыс істейтіндігін айтады.
- Олар - акушер-гинеколог, рентгенолог, педиатр, фтизиатр, жалпы тәжірибе дәрігері, хирург. Ауылдық ауруханаға жалпы тәжірибе дәрігерін жұмысқа алу жоспарланған, - дейді Гүлнәр Шәріпова.
Дегенмен, ауыл тұрғындары дәрігерлердің көбі жартылай жалақыға жұмыс жасайтындықтан, оларды орнынан таба алмаймыз дейді. Ал ауданның бас дәрігері халық саны азайған соң, қызмет етуші дәрігердің саны да қысқаруы тиіс дегенді айтады. Бұрын халық саны 10 мыңға дейін жетіп қала типтес кент атанған Асубұлақтың қазіргі халқы 1700-ге жетер-жетпес.
- Елдің Денсаулық сақтау министрлігі учаскелік дәрігерлердің жүктемесін азайту үшін нормативтік құжат бойынша, бұрын бір тұрғынға 2200-2500 дәрігер қызмет көрсетсе, қазір ол 1700 тұрғынға дейін кемітілді. Яғни, 1700 тұрғынға бір жалпы тәжірибелік дәрігер қызмет көрсетуі тиіс деп бекітілген. Ал Асубұлақтың халқы тап осы 1700 адамға шақ келеді. Сондықтан бұл участокка толық еңбекақыға бір ғана дәрігер бекітілген, - деп түсіндірді Думанбек Серікғалиұлы.
Десе де бас дәрігердің айтуынша, шалғай ауылдағы халықтың денсаулығын тексеру үшін амбулаториясы жоқ ауылдарға баратын арнайы дәрігерлер жасағы құрылған. Олар кесте бойынша ауылдарды аралап отырады.
- Медициналық пунктісі жоқ, алыс жатқан ауылдар көп қой. Мәселен, Ұлан ауданында Казачий, Смоленка сынды ауылдар бар. Сондай ауылдарға дәрігерлер автобуспен барып, ауыл мектебінде тұрғындарды тегін қабылдап, ем-дом жасайды, - дейді бас дәрігер.
P.S: Жалпы, елдің білім беру саласына қарағанда, денсаулық сақтау саласында қордаланып қалған мәселелердің көп екендігі байқалады. Білім беруге қаржы көп бөлінеді, қазір кез келген ауылда бір-бір зәулім мектеп бар. Ауыл көрінбесе де, мектебі көрініп тұрады. Алайда оқушысы аз сол ауылда бір дәрігерлік пункт жоқ. Ал ауылда қариялар көп, демек науқас та көп. Денін түзеймін деп орталыққа шапқылап, ауруын одан әрі асқындырады. Ал мемлекет халықты күндіз-түні медицинамен қамтудың орнына қаржы үнемдеп, дәрігер қысқартумен әуре болуда...