Жер игеруге халықтың жағдайы жоқ
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстанда 2 млн 600 мың гектардан астам жайылым мен егіндік жер бос жатқан көрінеді
Оны жергілікті әкімдіктер барынша мемлекет меншігіне қайтаруға тырысып жатыр.
Ал алты жылдың ішінде оның 1 млн 300 мыңнан астамы мемлекет меншігіне қайтарылған екен. Заң талаптарын ескерген шаруалардың кейбірі жерлерін игере де бастаған. Мәселен, 650 мың гектардан астам жер қазір қолданысқа ене бастады. Ал қалған 650 мың гектарға жуық жерді қайтарып алу мәселесін мемлекеттік органдар қарап, жердің келесі тағдырын солар шешпек. Ал қайтарылып алған жерлер байқау мен аукцион арқылы қайта елге таратылады.
- Былтырдан бастап жерді тексеру мен қайтару құзіреті аудан әкімдерінің қолына берілген болатын. Қазір Алтай, Бородулиха, Тарбағатай аудандарының әкімдері 17,4 мың гектардан астам жердің дұрыс қолданылмай жатқанын анықтады. Оларға айыппұл салынып, ескертпелер берілді, - дейді облыстық Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысы Сейсенғазы Шоқаев.
Ал жайылым мен егістік жерлер халық қолына өтіп, неліктен ұзақ жылдар бойы қолданылмай жатыр? Іс жасаймын деп алған шаруалардың қолын байлаған не?
- Жерін игере алмаған азаматтардың көбінің әл-ауқаты келмегендіктен, оны пайдалана алмай отыр. Жер жыртайын десе, не техникасы, не дәнді-дақылдары, ал мал өсіргісі келгендердің қорасында төрт түлігі жоқ дегендей, түрлі себептері бар. Көбінің мемлекеттік бағдарламадан хабары жоқ. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалар көп қой, соның бірін пайдаланып, ісін бастаса болар еді, - деп түсіндірді басқарма басшысы.
Жері бос жатқан азаматтарға заң талаптары түсіндіріліп, оны игеруге бір жылдай уақыт береді. Егер ол уақытта игере алмаса, онда мемлекет меншігіне өтеді. Содан кейін өзге де қаражаты бар, игеруге шамасы жететін азаматтарға
беріледі.