Өскемен
пасмурно
-4°
  • Өскемен
    -4°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -7°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -5°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -7°
  • Тараз
    +3°
  • Туркестан
    +5°
  • Шымкент
    +7°
$
498.34
+3.47
519.72
-0.93
¥
68.79
+0.45
4.85
-0.06
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Қымбат Слямбеков
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Шаруалар мал баға ма, құжат жинай ма ?

Былтырдан бастап шаруа қожалықтарына шаруашылықты ішке орналастыру құжатын жасауға талап қойыла бастаған еді. Алайда шаруалар "мұндай құжаттың бізге еш пайдасы жоқ, оны жасаудың қажеті қанша?" деп отыр

Тәуелсіздік алған жылдары бей-берекет таратылып кеткен жер телімдерін қайтару мен оны қайтадан бөлу, жер алған азаматтардың құқығын қорғау сынды жер реформасының кезеңдері жүзеге асырылған еді. Енді мемлекет билігі берілген жер телімдерінің құнды, пайдалы қасиетін құртып алмас үшін жерді оңтайлы, тиімді қолданудың шарттарын енгізе бастады. Содан келіп ішкі шаруашылықты орналастыру құжатын жасау бойынша шаруаларға міндет қойылды.

- Қазір кәсіпкерлер жер телімдерін кәсіби мақсатта ғана қолданады да, оның сапасын сақтап қалуға, коррозиядан аулақ ұстауға тырыспайтын болды. Қалай болса, солай егін салынып, қаншама жер телімі жарамсыз боп қалды. Әсіресе, шығыс өңіріне күнбағыс көп егіліп, топырақтың құнарлығы нашарлап кетті. Агрономия ғылымына салсақ, күнбағыс өсірілгеннен кейін жер телімі бес жылдай тынығып бос жатуы керек. Алайда қожалықтар бұған қарамай, бір жылы күнбағыс ексе, енді бір жылы басқа дәнді-дақылдарды егіп, жердің шаң-тозаңын шығарды. Егер егде жастағы кәсіпкерлердің көбі кеңес кезіндегі агрошаруашылықты көрген адамдар болса, қазіргі жас кәсіпкерлердің агрохимиядан мүлдем хабары жоқ. Мұндай жоба солар үшін керек, - дейді облыстық Жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Оксана Фирсова.

Маманның айтуынша, кеңес кезінде кез келген ұжымшар мен кеңшардың иелігінде ішкі орналастыру жобасына ұқсас құжаттар болған әрі ұжым басшылығы сол ортақ құжатқа қарай даму стратегиясын дайындайтын. Кейін одақ күйрегеннен соң, мұның барлығы жерде қалды. Содан топырақ тоза бас-тады.

- Ал жерді аман алып қалу үшін оны ұқыпты пайдаланудың ғылыми жобасы жасалуы керек болды. Міне, содан кейін ішкі орналастыру құжатын жасатуға көше бастадық, - деп түсіндірді бөлім басшысы.

Шаруашылықты ішке орналастыру жобасы бойынша қай жер телімдеріне қандай дәнді-дақылдар мен бау-бақша өнімдерін салуға болады, қай уақытқа дейін, қанша көлемде, қандай көлемде тыңайтқыш қолдану керек, қай уақытта қай тыңайтқышты сепкен жөн сынды мәселелерге кеңес беріледі. Ал мал өсірушілерге қанша жер учаскесіне қанша төрт түлік ұстау керек, жайлау мен қыстау, көктеу қайда орналасу керек, соның барлығы жоба бойынша орналастырылып, құжат жасап беріледі. Шаруалар осы құжатқа сай шаруашылық әрекеттерін жасауы тиіс, одан ауытқымауы қажет.

Мәселе осы жерден басталатын болып отыр. Шопандар мен бақташылар мұндай жобаның мал өсірушілерге қажеті қанша, не пайдасы бар деген сынды сауалдар қойып, қарсылығын білдіре бас-тады. Оның үстіне, бұл жобаны жасату үшін аз қаржы кетпейді. Шамамен, 100 мың теңге мен 1 млн теңгенің арасында қаражат кетеді. Бұл жобаны мемлекеттік корпорация да, жеке меншік жобалаушы ұйымдар да жасай береді. Сома жердің аумағы мен малдың саны, егіннің түріне байланысты.

- Бұл жобаның егіншілерге пайдасы бар болса, бар шығар. Алайда малшылар үшін пайдасы қандай? Малдың қай өріске жайылатынын малдың өзі ғана біледі. Бақташы ешнәрсе істей алмайды. Өйткені табиғат деген бар. Бірде жаңбыр көп, бірде жоқ болуы мүмкін. Бір жерді қалың қар басып жатса, енді бір жерге мүлдем қар жаумауы мүмкін. Мұндайда малды қайда жаю керектігін малшы шешеді ғой, - дейді жармалық бақташы Қуат Сүлейменов.

Ал жобада көрсетілген талаптар бойынша мал бағылып, егін егілмесе, жер мен территориалды инспекторлар жаза қолдануы мүмкін.

Ауыл шаруашылық өнім өндірушілердің қамын ойлаған мамандар шаруа қожалықтарының да пікірлерін ескерген жөн дегенді айтады.

- Шаруалар өнім сапасын арттырумен ғана айналысқаны дұрыс. Басқасына бас қатырмаса екен. Мәселен, жайылымы бар шаруалардың шабындық жері ары кетсе, жер телімінің 10%-ын ғана құрайды. Оған егістік құжаты не керек? - дейді "Жаңару" РҚБ директоры Жомарт Манақов.

Әзірше, аталмыш құжатты қай уақытқа дейін жасау қажеттігі нақты емес. Өзіне қажет деп тапқан шаруа қожалықтары ғана жасап жатыр. Ал биылдан бастап бұл құжатсыз шаруалар жер ала алмайтын болды. Сондықтан кәсіп жүргізу үшін жер алғың келсе, шаруашылықты ішке орналастыру құжатын жасап әкелуің керек.

Следующая →