Жалған жолмен жәрдемақы алып бермек болған
Босанған соң берілетін жәрдемақыны көбейту үшін жалған жеке кәсіпкерлік ашқан аналарды анықтау бойынша тексеріс күшеймек
Бұған өзінің атынан белгісіз біреулердің жалған ЖК ашып, заңнан аттауы себеп болған.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментіне жүгінген азаматшалардың бірі оның атынан жалған ЖК ашылғанын айтып шағымданған. Өйткені ЖК-ны жаба алмай көп қиналған көрінеді әрі оны өзі ашпағанын ескерсек, бұл жағдайдың кімнің де болса ашуына тиері хақ.
Бірақ шағымданған әйелдің айтуынша, ЖК ашып, босанған соң төленетін жәрдемақыны ұлғайтуға болатынын айтып ұсыныс жасаған адамдар болған екен. Нақтырақ айтсақ, мұндай ұсынысты қаралып жүрген гинекологы айтқан.
Әдетте, аналарға босанған кезде берілетін жәрдемақы оның зейнетақы қоры мен салық органдарына аударған жарнасының сомасына тікелей байланысты. Егер көп аударылған болса, әрине, түсетін қаражат да мол болмақ. Кейде бұл сома 400 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал жұмыссыз жүрген әйелдерге берілетін жәрдемақы - ең төменгісі. Сондықтан кей әйелдер жалған ЖК ашып, жарна аударып, жәрдемақыны көбейтуге тырысады. Сонда жұмыссыз емес, жеке кәсіпкер ретінде жәрдемақы алатын болады.
- Дәрігер маман жалған ЖК тіркеп, кейін түскен жәрдемақының белгілі бір үлесін өзіне беруін сұраған көрінеді. Ал ашылған ЖК-ға ай сайын белгілі бір сома аударып отыру керек. Алайда әйелдің айтуынша, ол бұл ұсыныстан түбегейлі бас тартқан. Ал мұндай заңсыздыққа дәрігерлердің де жол бергені мемлекеттік қызметке үлкен сын, - дейді департаменттің басқарма басшысы Ерхат Жәлелов.
Сондықтан департамент мамандары ішкі істер органдарымен бірігіп, мұндай заңсыздықтың алдын алуға күш салмақ әрі босанушы аналарға мұндай алаяқтыққа бармауға кеңес беріп отыр.
- Егер заңды ЖК ашып, жұмыс істеймін десеңіз, әрине, құптарлық іс. Алайда жалған іспен алаяқтық жасауға ешқашан болмайды, - деп түйіндеді департамент басшысы Жанна Қабдолдақызы.
Ал қазір аталмыш әйелдің ісін тәртіп сақшылары тексеріп жатыр. Істің анық-қанығы кейін белгілі болмақ.