Алматы облысында қалта ұрлығын кәсіп еткен әйел ұсталды
25 жастағы күдікті Талдықорғанда және Ескелді ауданында бірнеше рет ұрлық жасаған көрінеді
Оның бұл әрекетінің барлығы бейнебақылау камераларына түсіп қалған, деп хабарлайды "Қазақпарат" ХАА сайты. Бұл бейнежазбалар әлеуметтік желіге тарап кеткен. Бейнематериалдарды қарап шыққан Алматы облысының полиция қызметі келіншектің кім екенін анықтап, 30 мамыр күні Қарабұлақ ауылында қолға түсірген.
Күдікті Көксу ауданының тұрғыны екен. Полиция қызметі оның барлығы 6 қалта ұрлығына қатысы бар екенін дәлелдеді. Ол жымысқы әрекетін медициналық ұйымдар, сауда орындары мен оқу орындарында іске асырған. Осылайша, телефон, сөмке, әмиян, ақша сынды қолына іліккеннің барлығын "сипап" кетіп отырған.
Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпараттарға сүйенсек, қазіргі уақытта қолға түскен азаматшаның басқа да ұрлыққа қатысы бар-жоғы анықталу үстінде.
Бұған дейін келіншек қалта ұрлығы үшін қылмыстық жауапқа да тартылған екен.